АКИКАТТЫН АЛДАСПАНЫ

0 185

Төле би Әлібекұлының 350 жылдық мерейтойы Әулиеата жерінде кең көлемде аталып өтті

 Әлқисса

Топырағынан талай тұйғын- түлектерді түлетіп ұшырған тарихи Тараз бұл күндері телегей тебіреніс құшағында. Кең-байтақ Қазақ елінің әр түкпірінен ат арылтып келіп жатқан қонақтарда қисап жоқ. Бәрі де қара қылды қақ жарып, қарашаның қамын жеген, туралығын айтып тектіліктің тұғырына қонған Төле би бабаның рухына тағзым етуге, торқалы тойынан тәбәрік алуға асық. Сонау асау Шуды бауырына басып жатқан Жайсаң жайлауында кіндік қаны тамып, көрегендігі мен кемеңгерлігінің арқасында алты Алаштың айбынды ұлына, ақиқаттың алдаспанына айналған әз Төле тойының дүбірі осылайша дүркіреп сала берді.

Қойылым құндылығы
Қасиетті Әулиеата жеріндегі тағлымды той жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Төле би» драмасымен басталды.
Қолдан қолға жетіп, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан тарихи деректерде Төле бидің өмірі мен қызметі екі дәуірге бөліп қарастырылады. Оның алғашқысы – Тәуке ханның тұсындағы кезең. Ол тұста Төле бастаған билерге салмақ түскенімен, негізгі жауапкершілік Тәуке ханның мойнында болатын. Абыз би осы кезеңде жарқырап көрінді. «Жеті жарғыны» жасауға атсалысқаны да осы кезең.
Ал, Тәуке хан қайтыс болып, қазақ хандығының өзі бірнешеге бөлініп кеткен тұста Төле би өмірінің екінші кезеңі басталды. Бұл кезде барлық ауыр салмақ Төле биге түсті. Автор шығармасына осы дәуірдегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, хандықтар арасындағы алауыздықтың себеп-салдарын ашып көрсетуге тырысқан. Сол тұста Төле бидің алдында бытырап кеткен хандықтардың бәрінің басын құрап, бір жерге топтас­тыру мақсаты тұрды. Хандықтардың әрқайсының өзінің билігі болған соң бұлар ешкімге бағынбады. Бөлінгенінің арқасында жоңғар оларға шабуыл жасады. Ресей мен Қытайдың саясаты жүзеге аса бастады. Міне, осындай ауыр кезеңде абыз бидің алдында тағдырлы сәттер күтіп тұрды. Елдің рухын көтеріп, ынтымақ-бірлікке ұйыстыру керек болды. Және әз Төле осылай жасады. Бүтін елді біліктілікпен бастап, хан-сұлтандардың басын қосты. Бітіспес дау-дамайды білгірлікпен шешті. Оның осындай қайталанбас қасиеті мен қайраткерлік қыры Барақ сұлтанның соты кезінде де айқындала түседі. Әбілқайырды өлтірген сұлтанға қатысты төбе би бастаған билер соты үкім айтып, маңызды мәмілеге қол жеткізеді. Драманың негізгі арқауы да – осы. Шиеленісті оқиғалардың соңы бітімгерлікпен аяқталады.
Айту керек, тарихи драманың тұсауы тұңғыш кесіліп отырғанына қарамастан қойылымды облыстық қазақ драма театрының әртістері шеберлікпен орындап шықты. Әсіресе, жиылған жұртшылық басты рөлді сомдаған жас актер Мәмбет Қожалиевтің өнеріне айрықша тәнті болды.

Еңселі ескерткіш – елдіктің белгісі
Мерекелік шаралардың мән-маңызы Төле биге арналып қойылған ескерткіштің ашылу салтанатымен де арта түскендей. Тараз шаһарындағы тұп-тура Төле би даңғылының бойына қойылған ескерткіш алыстан көз тартады.
Салтанатты сәтте Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев құттықтау сөз сөйледі. «Бүгінгі салтанат – бірлігі мен берекесі бар елдің жарқын сәті. Егеменді ел ғана еңсесін түзейді. Тәуелсіз ел ғана өз перзенттерінің қадіріне жете алады. Елбасымыз «Рухы биік ел ғана ұлы мұраттарға жете алады» деген еді. Біздің мемлекетіміздің мерейлі болуы осы құндылықтарды қастерлеуден бас­талады. Халық жүрегінен орын алған, елге тұтқа болған қайраткерлердің есімдерін мәңгі есте қалдыру – өскен елдіктің белгісі. Күллі қазақ кеңістігінде ерекше құрметке ие болған Төле би бабамызға Тараз қаласының төрінен ескерткіш орнату – елдіктің нақты көрінісі деп білеміз. Бұл – жалпы халықтың ақ ниетінің көрінісі. Есімі мен ісі өзінің туған елімен бірге жасасып келе жатқан Төле бабамыздың еңселі ескерткіші құтты болсын!» деді өңір басшысы өз сөзінде. Келесі кезекте республикалық «Төле би» қоғамдық қорының президенті Мүсілім Дайырбеков жүрекжарды лебізін жеткізді.
Тілектер тасқынынан соң еңселі ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Қолына асатаяқ ұстаған баба төңірекке ойлы жанарымен қарап тұр. Тұғырымен қоса есептегенде биіктігі он бір метрді құрайтын ескерткіш қоладан құйылған. Біз әңгімеге тартқан ескерткіш авторларының бірі Аманат Назарқұл монументалды сәулет туындысының үш ай уақыт ішінде дайындалғанын және оның барлық шығыны елу миллион теңгеге бағаланғанын тілге тиек етті. Жергілікті билік ескерткіштің құр өзін орнатып қоймай, оның жан-жағын абаттандыруға да назар аударған. Субұрқақтар орнатылып, орындықтар қойылған. Шағын бақ бой көтеріп, жан-жағы тегіс асфальтталыпты. Бұрындары елеусіз көрінетін қаланың бұл бөлігі осылайша енді көпшілік бір мезгіл тынығып, баба рухына тағзым ететін киелі орынға айналары сөзсіз.

«Қарлығаш»-жырлар қалықтап
Тағлымды тойдың аясында «Төле бидің қасиеттері мен өсиеттері» атты республикалық жыр мүшәйрасын өткізу де қарастырылған болатын. Өткен жұмада шараның қорытындысы шығарылды. Жыр бәйгесіне барлығы алпыс үш ақыннан 126 өлең түсіпті. Шын мықтыны анықтау құрамында Қазақ энциклопедиясының директоры Бауыржан Жақып (төраға), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, «Жамбыл» журналының бас редакторы Несіпбек Дәутайұлы, семейлік ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов және тараздық Шырын Мамасерікова бар қазылар алқасы үшін оңай соқпағаны даусыз.
«Баласағұн» орталық концерт залында өткен марапаттау рәсімінде жабық жыр мүшәйрасының бас жүлдесін «Қарлығаш», «Бір қыз туралы аңыз» атты өлеңдері үшін белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы иеленді. Жалпы дауыс беруде алпыс ұпай жинаған жеңімпазға бір миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық табыс етілді. Бірінші орынды да тараздан шыққан жас ақын Ерлан Жүніс қанжығаға байлады. «Уақыт диірмені: Дала ары» атты тарихи-философиялық дастанның авторына 500 мың теңге бұйырды. Екінші орынды «Төле бидің айтқаны», «Жан қазағым» өлеңдері үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Иранбек Оразбаев еншілесе, үшінші тұғырға «Биге арзу» толғауының авторы, атыраулық ақын қыз Әлия Дәулетбаева көтерілді. Сонымен қатар «Төле би хақында» атты өлеңдер топтамасы үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Шешенстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбек 100 мың теңге көлеміндегі арнаулы жүлдеге ие болды.

 

Беделі биік басқосу
Дәл осы күні «Баласағұн» орталық концерт залында «Төле би және оның ұлағатты мұралары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады. Беделі биік басқосуға Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, ғалымдар Уәлихан Қалижан, Оразалы Сәбденов бастаған есімдері елге белгілі саясаттанушылар, ақын-жазушылар, өнер майталмандары мен зиялы қауым қатысты.
Конференция барысында мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейтойлық құттықтау хатын оқып берді. Онда былай деп жазылған: «Бүгінгі күн – қазақ мәдениеті мен тарихындағы есте қалар күн. Ұлтымыздың ұлы перзенті, халқымыздың қасиетті сөзін ел бірлігі мен жер тұтастығына арнаған тарихи тұлға Төле би Әлібекұлының еңселі ескерткіші ежелгі Тараз жерінде бой көтерді.
Тәуелсіздіктің алғашқы арайында Ордабасыда өткен алқалы жиында жұртымыздың әйгілі үш биі – Төле бидің, Қазыбек бидің, Әйтеке бидің рухтары ендігі жерде халқымыздың бірлігі мен ынтымағының нұрлы нысанына айналып, бүгінгі ұрпақтың ұлы тұлғаларға деген құрметі арта түсетіні айтылған еді.
Төле би – қазақ жеріне тігілген жат көздің сұғына, жау елдің басқыншы әрекетіне қарсы күресте сұңғыла сөзімен, сертке сай ісімен, сардарлық стратегиясымен ерекше көрінген тұлға. Елдің намысы мен елдігін оятқан, жігерін жанып, еңсесін тіктеген қайраткер. Рухани көсемдік пен табиғи шешендікті тең ұстаған абыз. Қазақ жерінің тұтастығы мен ел бірлігін қашанда қазық қылып ұстаған бабамыз кейінгі ұрпағына ұлы өсиетті аманат етіп кетті. Төле би өсиеттері бүгінгі таңда да тәуелсіз еліміздің рухани өсіп-өркендеуіне, жастардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге өлшеусіз үлес қосып келеді. Сондықтан, осындай ұлы тұлғаға ескерткіш қою арқылы біз өткен тарихымызды қастерлеп, бүгінімізді бедерлеп, ертеңімізді баянды етуге жол ашамыз. Ұлттық тарихымыздың жаңа беттерін жазу үстінде, өткеніміздің өнегесін зерделеуде біз бабалар аманатына адалдық пен беріктіктің үлгісін көрсетеміз.
Түгел сөздің биігі болған Төле бидің қасиеттері мен өсиеттері әлемдік өркениетте өзіндік орнын тапқан қазақ жұртының тірегі мен тілегі болып мәңгілік қала береді. Баршаңызды баба рухы қолдай жүрсін!»
Келесі кезекте сөз алған облыс басшысы Қ.Бозымбаев Төле би мұраларының өміршеңдігі мен оның өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі рөліне айрықша тоқталды.
Маңызды жиынды жүргізген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин баба тойының Тараз жерінде ғана емес, Оңтүстік және Орталық Қазақстан өңірлерінде, сонымен қатар көршілес Өзбекстанда да кеңінен аталып жатқандығын айтып өтті. Дүбірі алысқа кеткен айтулы шараға орай Парламент Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың, Жоғарғы Соттың төрағасы Қайрат Мәмидің атынан арнайы құттықтау хаттар келіп түскенін жеткізді.
Конференция барысында жасалған баяндамалар Төле би бабамыздың ел басқарудағы ерен еңбегін, бітімгерлік болмысын, саяси көрегендігін, қарашаның қасынан табылатын қарапайымдылығын, азаттық жолындағы айбынды ерлігін арқау етті. Мысалы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор Мәмбет Қойгелді Төле би Әлібекұлының қоғамдық-саяси қызметіне, әсіресе, Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болу керектігін түсінген қайраткерлер жанынан табылғандығына және оның дұрыс саясат болғандығына тоқталды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Уәлихан Қалижан Төле бидің бала Сабалақты тәрбиелеп шығарудағы ұстаздық ұлағаты, тығырықтан жол таба білетін көрегендігі, «Жеті жарғыны» жазуға атсалысқандағы туралы кеңінен сөз қозғады. Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Абай институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев бабаның өмірбаяны туралы ой толғаса, тарих ғылымының докторы, профессор Клара Хафизова данагөй абыздың дипломатиялық алғырлығын қаузады.
Басқосуда баяндама жасаған көрнекті ғалымдар Төле бидің өмірі мен қызметінен мол мағлұматтар ұсынды, тың деректермен бөлісті. Тіпті, Төле бидің туғанына 355 жыл толуы мүмкін деген тұжырымдар да айтылды. Бір сөзбен айтқанда, бабаның жан-жақты қырын ашып көрсетуге бағытталған дүниелер тұғыры биік тұлғаның айбынын асырып, абыройын асқақтатты. Дүйім жұрт Төле би әлемін тереңірек тани түсті.

Әуезді ән…
Аламан бәйге…
Мазмұнға бай шаралар тізбегі мұнан ары орталық стадионда салтанатты мерекемен жалғасты. Бұл күні мұнда ине шаншар орын болған жоқ. Көпшілік дегбірсіздене күткен той-думан да басталып кетті. Жұртшылықтың назары қазақ даласындағы жоңғар шапқыншылы­ғын суреттейтін театрландырылған қойылымда болды. Онда ел басына күн туған алмағайып замандағы Абылай ханның ерлігі, Төле бидің төрелігі басты арқау ретінде өрілген. Бала Сабалақтың жоңғар батырымен жекпе-жекке шығып, қарсыласын атымен қоса аудара құлататын көрініс жиылғандарды тіптен арқаландырып жіберді. Жамбылдық жастардың осынау күрделі эпизодтарды сәтті сомдап шыққанына сүйсініп қалдық. Кейін білгеніміздей, қойылымға Тараз қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының шәкірттері мен мектеп оқушылары, шаһармен іргелес жатқан Жамбыл, Байзақ аудандарының мәдениет қызметкерлері, облыстық драма театрының әртістері бастаған үш мыңға жуық адам қатысыпты.
Қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концерттің де әсері бөлек болды. Есімі елімізге кеңінен таныс айтыскер ақын Аманжол Әлтаев қазақтың қара домбырасымен баба рухына арнап жыр нөсерін төгілтті. Белгілі әншілер Бағдат Сәмединова, Маржан Арапбаева, «Алашұлы», «Қоңыр», «Ерке» топтары патриоттық рухтағы әуезді әндерді шырқап, құлақ құрышын қандырды. Думанды кеш халықаралық байқаулардың лауреаты Болат Есімхановтың орындауындағы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен шарықтау шегіне жетті.
Ал, келесі күні, дәлірек айтсақ, сенбіде Бауыржан Момышұлы атындағы атшабарда шабандоз жігіттер ұлттық ат спорты ойындарының көрігін қыздырды.

Түйін
Міне, көне де жаңа Тараз жерінде үш күнге созылған Төле би Әлібекұлының 350 жылдық тойы өз мәресіне жетті. «Халқыңа әділ, жауыңа қатал, досыңа адал бол» деп өсиет қалдырып қана қоймай, ұлағатты ұстанымынан айнымаған данагөй абыздың өнегілі өмірі мен мәуелі мұрасы – өскелең ұрпақтың баға жетпес байлығы, болашаққа бастайтын басты бағдары. Сан ғасыр өтсе де өміршең дүниелер өз құндылығын жоймайды. Керісінше, уақыт тынысымен түрленіп, ұлтымыздың игілігіне қызмет ете беретін болады. Біз торқалы тойдан осындай ой түйіп қайттық.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕК, Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + seventeen =