Әкеге қарап бой түзеген

0 91

Тергеуші дегенде көз алдымызға өңі сұсты, қабағы қату, әр сөзін екшеп сөйлейтін полиция қызметкерінің келетіні жасырын емес. Көбіне тергеушілер диктофонға ақтарылып сөйлей бермейді, бұл олардың қызметтік мінезі, этикасы болу керек. Ал ашық, еркін, жеке көзқарасы бар тергеуші тап келсе бұл олжа, өйткені бұл қызметтің біз білмейтін құпия сырлары мол.Бүгінгі мақала маңызды қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүрген тергеушіге арналмақ. Ол түрлі қылмыс бойынша тергеу мен беттестіру жұмыстарын жүргізіп, жиналған ақпараттарды талдау барысында қылмыстың бірнеше болжамын жасайды. Әңгіме ішкі істер органында он бес жыл табысты қызмет атқарып жүрген маман, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы бөлім бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Талғат Айтжұман туралы. «Біздің қызметтің жауапкершілігі мол. Осы салаға келуіме әкем себепкер болды. Әкем полиция қызметкері еді. Кішкентайымнан әкеме еліктеп форма киіп, погон тағуды армандадым. Бала арманым қазіргі жетістігіме ұласты» дейді Талғат Советқазыұлы. Әкесіне қарап бой түзеген ол өмір жолының құқық қорғау саласымен байланысты болатынын жастайынан білген. Өйткені ішкі істер органында ұзақ жыл табысты қызмет атқарған әкесі ұлына үнемі үлгі болып, бағыт-бағдар берген. Полиция майоры 2002-2005 жылдар аралығында Алматы экономикалық колледжінде, кейін Қазақ мемлекеттік заң академиясында «құқықтану» мамандығы бойынша білім алған. 2008 жылы еңбек жолын бастаған сақшы түрлі қызметтерді иықтағы шенге дақ түсірмей атқарған. Ол Алматы қалаласында ішкі істер басқармасында аға анықтаушы болып жұмыс істеген. Кейін Талғат Советқазыұлы 2018 жылы елордаға қоныс аударып, қалалық Полиция департаментінің Тергеу басқармасына жұмысқа орналасқан. Шешімін тапқан көптеген тергеу шараларының басы-қасында жүрген полиция майоры қызмет барысында қызықтар мен қатар әртүрлі қиындықтарға тап болатынын айтты. «Полиция қызметкері болғандықтан, жұмыс барысында әртүрлі оқиғаларға тап боламыз. Еңбек жолымды анықтаушыдан бастадым. Қазір тергеушімін. Тергеу кезіндегі алғашқы ісім кісі өліміне қатысты болды. Мұндай қылмыстарды ашу оңай емес. Қазір аса ауыр тергеу бөліміндемін. Бұл жерде біз күнделікті адам өлтіруге, кәмелет жасқа толмаған балаларға зорлық көрсетуге байланысты ең ауыр қылмыстар тергеледі. Сол себепті артылар жауапкершілік көп. Тергеуші лауазымына шыдайтындар да бар, шыдамайтындар да бар. Өйткені бұл жерде тергеуден бөлек, кәсіби маманның өзін-өзі ұстауы, адамдармен сөйлесе алуы, ораторлық шеберлігі, қылмыскерге кінәсін мойындата алуы сынды қасиеттер тергеушінің құзіретіне кіреді. Бірақ бұл туралы еш жерде жазылмаған. Жақсы тергеуші адамның көзіне бір қарап, оның жүріс-тұрысынан, киімінен тани алады» дейді полиция майоры.
Талғат Айтжұманның айтуынша, тергеушілер де жан-жақты болуы керек. Бұл мамандық қатып қалған заңдармен шектелмейді. Тергеу ісі адам психологиясын зерттеуден басталады. «Біз көп ізденеміз. Жиі кітап оқып, өзімізді дамытамыз. Кейде іс барысында бір заң бір заңға қарама-қайшы келіп жатады. Ол кезде өзімізше сараптама жасап, заңдарды зерттейміз. Тергеушілік – шығармашылық процесс. Шын мәнінде, біз де шығармашылықтың адамдарымыз» дейді ол.
Кейіпкеріміз соңғы кездері полиция қызметкерлеріне мемлекет тарапынан айтарлықтай көмек беріліп, жағдай жасалып жатқанын да айтты. «Иә, жұмысымыз қиын емес. Бірақ отбасымызға мемлекеттің әрқашан қамқор болатынын білеміз. Сол үшін алаңдамаймыз. Нұр-Сұлтанда өз үйім жоқ. Бірақ мемлекет басымызға баспана беріп, үймен қамтамасыз етіп отыр. Еңбек­ақымыз да жыл сайын белгілі бір пайызға өсіп келеді. Осы орайды пайдаланып барша әріптестерімді төл мерекесімен құттықтаймын!» дейді Талғат Айтжұман.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + six =