ӘКЕ ТӘЛІМІН ӘДІПТЕДІ

0 190

730380_1661795633_Dscn1405

Кеше Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен І республикалық «Әкелер одағы» слеті өтті.

2011 жылы Астанадағы №59 мектеп-лицейдің жанынан Әкелер кеңесі құрылған болатын. Бір жылдан кейін бұл ұйым «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі болып қайта құрылды. Одақ мүшелері жыл сайын қалалық Әкелер слетін өткізіп, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды мәселелер төңірегінде пікір алмасатын. Биыл аталмыш шара тұңғыш рет республикалық деңгейде өтіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен делегаттар жиналды.

Пленарлық отырыстан соң төрт секция бойынша жұмыс жүргізілді. Онда ұрпаққа рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбие беру, балаларды салауатты өмір салтына тарту мәселелері қозғалып, жеткіншектердің өмірін қорғау үшін не істеу керекпіз деген сұрақтың төңірегінде әңгіме өрбіді.

Сөз сөйлеушілер – «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мейрамбай Оралов шараның маңыздылығын атап өтті. Қазақстан-Ресей университетінің жанынан жұмыс істейтін «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры Алмахан Мұ­хаметқалиқызы Абай мен Құнанбайды мысалға алып, бала тәрбиесіндегі әкенің алатын рөлін ашты. Қан тазалығы, тек ұғымдарының құр сөз еместігін дәйектеді. Тебіреніп сөйлеген Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев: «Әрбір шаңырақтың өзінің тарихы бар. Тарихсыз әулет жоқ. Бабабаларымыз, аталарымыз «Жеті атаңды біл. Сенің атаң осындай болған! Анау ақсақалға барып сәлем бер» деп айтып, бізге қандай керемет үлгі көрсетіп кетті!» деді. Өзінің бесікте жатқанында әкесінен айырылғандығын, ғұмыр бойы әкенің аялы алақанын, тіпті, қамшысын да аңсап өткенін айтты. Бала күнгі естеліктерімен бөлісті. Әскердегі командирдің жауынгерлерге әкедей болу керектігін де жақсы мысалдармен әдіптеді.

Аманғали ШМИТҰЛЫ 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × three =