Әке қадірі жоқ елге қалай айналдық?

0 77

Жол-жөнекей такси жүргізушісі мен жолаушы жігіттің әңгімесіне куә болдым. Екеуі елімізде қабылданады деген адам құқығын қорғау туралы заңдар еркектердің мысын басып, тек тұқыртуға арналғанын айтып, шағымданып отыр екен. «Бала құқығын, әйел құқығын қорғау деп әуелі, өз қатын-баламызға ие бола алмайтын халге жеттік. Аузымызды ашсақ, сотталамыз» дейді. Сөздерінің жаны бар-ау! Рас, қазір әкелер құқығын қорғайтын заң жоқ. Соның кесірі ме екен, Қазақстанда бес миллионға жуық отбасы болса, соның әр бесінші-алтыншы отбасында балалар әкесіз өсіп жатыр екен. «Итті иесімен қинасын» деген отбасы ұстанымына берік ұлт едік. Әке қадірі қашқан ұлтқа айналдық осы күні.

Ұлт санасын тазарттық па?

Қазақ жерінің иесі, әрі қорғаны – қазақ ерлері жер мен ұлттық құндылық үшін қашаннан күрескен. Сонау 683-734 жылы өмір сүрген Білге хан Қаған «Түнде ұйқы көрмедім, күндіз күлмедім, қызыл қаным төгілді, қара терім сөгілді, күшімді сарқа жұмсадым, жауға да шаптым құрсанып – бәрі елім үшін!» деген екен. 1723 жылы қазақ халқы аштан қырылды. Қашып-босып жер бетінен ұлт ретінде жойылу алдында тұрғанда Абылай хан қазақтың басын біріктіріп, қалмаққа қарсы шыққан «Аңырақай» шайқасы да ұлттық үшін күрес еді. Ал бертінде Кенесары хан – қазақ елін бодандыққа бермеймін деп арыстандай атылып туған жерін жаудан қызғыштай қорғаған ер. Дұшпанға дес бермеген қазақ еркегі осындай ержүрек еді. «Аңдыған дұшпан алмай қоймас» деген, орыс патшасының жымысқылықпен жүргізген саясаты қазақ ерлерінің рухын сындырып тынды. Орыс патшасынан кейін, қазақтың ішкі саясатына ықпалын жүргізген Кеңес өкіметі 1920-38 жылдары қазақты қуғын-сүргінге ұшыратып, атып-асып, әдейі аштыққа ұрындыруы зардабын, қазіргі аштықтан келгендей өз ұлтын өзі аш қасқырдай талап жатуын, сол заманда тартқан аш-жалаңаштықтың ұлт санасында ащы із қалдыруынан деп білеміз.

Ел мен жерге кім ие болады?

Олар мақсаттарына жету үшін, ең әуелі қазақ отбасы институтын ыдыратып, күл-талқанын шығару керек болды. Әсіресе, ел мен жер иесі, қорғаны ұл тәрбиесін әлсіретіп, рухын жасыту бірінші кезекте тұрды. Кеңестік жүйенің адам психологиясын меңгерген мықты психологтары жұмыс істеп, әйел бұзылса, ұл-қыз тәрбиесі бұзылатынын анықтады. Отарлау мақсатымен «қазақтарда әйел теңдігі жоқ» деген өтірік ойлап тауып, қазақ әйелін қоғамдық жұмысқа шығарды. Кеңес өкіметі орнағанға дейін отбасында ұрпақ тәрбиесімен айналысып келген қазақ әйе­лі, отарлау саясатының бұл отбасылық құйтырқылықтарына жан ұшыра қарсыласып баққан. «Кеңес өкіметі әйелдерді қоғамдық жұмысқа тартуда ешбір отар елде жүргізілмеген ең озбыр саясатпен жүргізді» дейді шетел ғалымы. Сондай-ақ 1920 жылдары «Қазақ әйелдері қоғамдық жұмысқа араласа бастағаннан кейін, кешке қарай қазақ отбасында шаңқ-шұңқ, шаңқылдаған дауыстар шыға бастады» деп жазған тарих ғылымының докторы, профессор Көшім Есмағамбетовтың «Қазақтар шетел әдебиетінде» деген кітабында. Қазақ қоғамында «Әйел теңдігі» деп аталатын жасанды саясат күшіне енгеннен кейін, 1950 жылы ажырасуға үйленгендердің 100-сі ұшыраса, 1980 жылы күрт өсіп, әр үшінші 1990 жылы, әр төртінші отбасы некелерін тәрк етіп, отбасы «әлеуметтік, қоғамдық қиындықтар тудыру ошағына» айналған. Ұлтты азғындаудың ең бір тамаша әдісі – ұлтқа арақ ішуді үйрету еді. Арақ қаншама отбасының шырқын бұзып, қаншама баланың әкесіз өсуіне себеп болды десеңізші?! Сонау, билер мен хандар дәуірінде әкенің айбыны мен өз орны бар уақытта әке рұқсатынсыз мәселе шешілмейтін. Әке құрметті еді. Әкесіз бала табу масқара болатын. Тіпті, әкесіз өскен баланы қыз­метке жібермейтін. Біреулер әкесі бар бала мен әкесіз өскен бала айырмасы жоқ деп айтып жатады. Бірақ белгілі ұстаз Аятжан Ахметжанұлы «Өмірде әке тәрбиесін көрмеген ұл – әке сыйлауды, қыз – күйеуін сыйлауды білмейді» деген.

Ұл тәрбиесін қайта қарауы керек

Қазақ қоғамында бүгінде қиюы қашқан отбасы институтын кезінде зерттемеген шетелдік ғалым кемде-кем. Ақсақал, ер, әйел, ене, қыз, ұл психологиясын, тұрмыс-салтын өзімізден артық шағып тастаған екен. 1920 жылы қазақтың қалыптасқан дәстүрлі отбасылық өмір сүру салтын зерттеген М.Олкотт деген шетел ғалымы «Қазақ ерлері досқа адал, батыр, аңқау, бірақ, дұшпанына қатал болып келеді. Ата-анасын қатты сыйлайды. Қазақ ерлеріне ата-анасының айтқаны – заң. Жарына адал. Отбасын аң аулап асырайды. Балаларын өте жақсы көретін болып келеді» деп жазған екен. Мемлекет, қоғам мен қазақ халқы өр рух пен қайсар мінез қайнарын әкенің отбасына мейірімі мен адалдығынан, тазалығынан, даналығынан, сұсынан алған. «Тазалық – иманның жартысы» деген. Ғасырлар қойнауынан бізге жазу мен ғылым арқылы жеткен әкелер институтының мұрасын бүгінде танымал әнші Тоқтар Серік өз отбасында ұстанады екен. Ол: «Азанда балаларым аппақ ниетімен бетімнен сүйіп мені жұмысқа шығарып салады. Кешке үйге оралғанда балаларымды сол тап-таза ниетпен, таза аурамен құшқым келеді. Бөтен әйелді өбіп келіп, балаларымды құшып, олардың аурасын бұзып, былғағым келмейді. Ұлдарым, отбасым ішкі жан-жүрек тазалығында өссе, ертең өскенде ішкі жан-дүниесі рухани бай, иманды азамат болып өседі» дейді. Бұл – иманы толық әкенің ұрпағыма иман жұғыссын деген қазақтық ниет-тілегі. Әлгі шетелдік ғалым М.Олкотт байқаған қазақ отбасындағы әке ниетінің қуат-күші осы болса керек.
1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін, елде ер адамға жұмыс болмады. Нарықтық қарым-қатынас деген жүйенің қаталдығы ма, әлде қалауы сол болды ма, отбасын асырау әйелге жүктелді. Бұрынғы бұрынғы ма, бұл жолы аналар дала мен қала аралап, сауда жасауға мәжбүр болды. Уақыт өте келе күні бойы жұмыс істеп ақша тапқан әйелді бала тәрбиесінен гөрі ақша табу мазалады, отбасын басқару сезімі оянып, өзімді-өзім асырай аламын деп күйеуінен ажырасу оқиғасы жиіледі. Қазақстан қазір әлем тізімінде отбасы бұзылатын алғашқы ондыққа ілінген. Бұл күні жалғызбасты еркектер саны 60 мыңнан асып жығылады. Ал 300 мыңға жуық әке өз бауыр еті баласын асырай алмай бас сауғалап қашып жүр екен. Бұл – тіркелгендері. Ал тіркелмегендер бұдан әлдеқайда көп екені белгілі. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны баласының жиналысына барғанда, әке тәрбиесін көрмей жалғыз­басты ана бауырында өсіп жатқан оқушылардың көп екенін көріп, оларға әкенің аялы алақанын сезінуі үшін садақ тарту, көлік жөндеу, от жағу сияқты ер адамға тән жұмыстарды үйретуді қолға алып, мектеп жанынан «Әкелер одағын» құрдым дейді. Бір қарағанда дұрыс көрінгенімен, өзіңіз ойлаңыз, әкесіз ұлдарды анда-санда жинап уақытша «әке ролін сомдап беру» балаға әке орнын көрсетіп бере ме, әлде, жаратылысынан намысшыл ұл баланың жүрегін одан бетер жаралай түсіп, жасқаншақ ете ме? Осы жерде «Әкелер одағы» ұл психологиясының нәзік тұсына мән бермеген сияқты. Осы іске қарап қазақ қоғамы ұлды болашақ әке, ел мен жердің иесі, киесі деп есептемейтінін, оның психологиялық, рухани дамуы үшін ғылыми жұмыс жасалмай отырғанын көруге болады. Мұның және бір дәлелі, ұлдарды қорқыту, жуасыту кейбір мұғалімдер арасында жабайы түрде жүретінін көпшілік айтып та, жазып та жүр. Қазір біздің қоғамда педагогтік қасиеті мен білімі болмаса да, ебін тауып мұғалім болып жүргендер бар. Оларды ұлға тән тентектік жасап қойса қорқытып, үркітіп «тәрбиелейді». «Сені полицияға өткізіп, қиын балалар тізіміне қосамын. Директорға айтып мектептен қудырамын. Ата-анаңды шақыр­тып, бұзықтығыңды жария қыламын» деген сияқты ұл тәрбиесі мен психологиясын жасытып, кемсітетін әдіс қолданады екен. Бұның тағы бір себебі, Қазақстанда мұғалімдердің 99 пайызы – әйелдер болуынан. Олардың көбі ұл оқушымен қарым-қатынас тәртібін білмейді. Сондықтан, тек қорқыту әдісін пайдаланады. Мысалы, Қытайда 99 пайыз ер мұғалімдер істейді. Мұның қоғам, ел үшін оның мәні тереңде жатқанын ер мұғалімдер жақсы біледі. Ал жастайынан бойына қорқыныш, үрей қонған ұл өмір бойына қорқақ, ынжық болып кететінін мұғалімдер мен ата-аналар ұқпай жүргені өкінішті. Ұлды болашақ Отан қорғаушы, әке деп көргіміз келсе, мектепте, отбасында ұл тәрбиесін қайта қарап, қазақ қоғамы жаңа әдіске көшуі тиіс деуіміз – осыдан.

Қазақы тәрбие қандай болған?

Осы жерде әке тәрбиесін, әке рухын алған ұл қандай болатынын алыстан іздемей-ақ хан Шыңғысхан өмірінен алсақ. Әкесі қайтыс болғанда Шыңғысхан тоғыз жаста еді. Әкесі өмірмен қоштасар алдында Шыңғысханның бойына еркектік сана, болмыс орнатып кетті. «Ендігі жерде анаңды, іні-қарындастарыңды саған аманаттаймын. Оларды сен асырайсың. Отбасыңа бас-көз бол» деп үлкен жауапкершілікті мойнына артады. Бұл жерде анасының да кішкентай Темучинге отбасын асырап-бағу, қамқор болу, қорғау – сенің құзырыңда» деп өзін емес, ұлына сенім ұялатып, жауапкершілік артып, ұлын тұлға сезіндіре білуі ақылдың ісі еді. Әке рухымен қаруланған кішкентай Темучин жастайынан үлкен отбасын асырап, әулеттің абыройын қорғап, өсе келе ұлт көсемі болып, жарты әлемді бағындырған әскери қолбасшыға айналғанын тарихтан білеміз. Ғалия атты апай: «Адам болып жаратылғаннан кейін, адамзат салтымен ұл баланы ешқашан төмендетуге болмайды. Басқа адам түгілі, өз анасы ұл баласын ержүрек болып өссін десе, оған бұйрық беріп, төмендетпеуі керек. Ислам дінінде ұлдың қыздан артықшылығын Алла тағаланың өзі білдірген. Ұл тапқан ананың сүті, дүниеге қыз әкелген ана сүтінен екі есе құнарлы болатынын ғылым дәлелдеген. Ал бүгінгі ұлдардың ынжық болуы ата-ана ұлын жұмсамайды. Аяушылық көріп өскен ұлдан ешқашан өр мінезді, ержүрек ұл шықпайды» дейді ол.
Дегенмен, азғындықтың зардабын тартқан адамзат адам тәрбиесінде жаңа жол іздеуде. Енді оны түзеу – әкелердің ғана қолында.

Зүбәйра ӘКІМ,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × one =