Әке орнында – сызықша…

0 144

Соңғы жартыжылда дүниеге келген 2314 баланың құжатының әкесінің аты жазылатын орында сызықша тұр. Өткен жылы 3603 бала өз әкесінің атын иемдене алмапты. Нәрестесінің тууы туралы куәлігінде әкесінің аты-жөнінің орнына «-» сызықша қойылып, анасының тегімен жазылса, шын жалғыз – осылар. Міне, осы атаулы санаттағылар біз қозғағалы отырған мәселенің өзегі болып отыр.

Еліміздің барлық нормативтік-құқық­тық актілерінде «жалғызбасты ана» ұғымы жоқ екен. Жалғызбасты ана­лар­дың құқықтық мәртебесі айқын­далмағанымен, бала дүниеге келген кезде жартыкеш болса да «отбасы» мәр­тебесін иелене алады. Осылайша, олар қолданыстағы заңнамалар бойынша жалпылама қарастырылған жеңіл­діктер мен төлемақыға сәбилі бол­ғанында басқалармен бірдей қол жеткізеді.
Заң шеңберінде қарастырылмаған бұл ұғымды былайша түсіндіруге болады. Отасқан жарымен ажырасып, баласын жалғыз бағып, алимент алып отырғандар – «жартылай» отбасы. Себебі баласының әкесі бар. Бұл аз ба, көп пе айта алмаймын. Бірақ, бұл факт. Басқа амалы бар ма еді?!

Алдымен отау керек пе?

«Бас-басыңа бай қайда, екеуара тиіп ал». Осы сөздің қайдан шыққанын біл­мек болып, бір апайымнан сұрап едім. Көп білетін кейуана екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде жесір қалған­дардың әрі қарайғы әрекетін ақтап алмаққа ойлап табылған жұбату деп түсіндірді.
Белгілі драматург Сұлтанәлі Балға­баев бір кездері осы мәселені көтеріп, «қанды соғыстан кейін де азаматтардың дені қырылып қалғанда жалғыз қалған әйел болған жоқ деп тоқтамға» келген еді.

Қазақ қоғамында жесір мен жетімнің мәселесі әрқашан болған. Бірақ ушықтырмаған. Жүйелі түрде ел болып ақылдасып, шешіп отырған. Оң босағада отырып қалғандар бола қалса, оны да құтты орнына қондырмай жеңгелері жәй таппаған.
Бүгінде ше?! Бір деректер бойынша 500 000-ға жетеқабыл, алды 40-ты алқымдап қалғандар оң босағада отыр дейді. Бұл – рас болса, демографиялық және әлеуметтік, психологиялық апат.

Бұл апатқа алдымен менталитеттің ауысуы себепші болды. Жеке өмірге араласпаудың салдары тұтас әулетке, одан қалды руға, қоғамға қатысты мәселеде көрініс тауып, адам адамнан сырт айналады. Әркімнің жеке ісі, орысша айтқанда, «это ваша проблемаға» саяды. Ал жас болса өзі білмейді, «өзі білемге» салып білгеннің айтқанын тыңдамайды. Отызында ақыл тоқтатпағандар қатары молая түсіп, 40-тың қырқасынан асып кеткенде қоғамнан өгейлік көргендер жаңа сапаға ауысады.
Кәрі қыздар түгел «тоқал» болуға келісім бергенімен, мұны қоғам көтер­мейді. Оған қабілетті отағасы аз, оның үстіне отбасы институты ойран болады. Бұл статистиканы өзгерте алмайды. Бос даурығу.
Мұның бір салдарын қазақтың жігіттері де қыздары да «сүрленіп» бара жатқан үдерісінен дер едім. Бұл жастардың мекені елордада жақсы сезіледі. Ауылдардан, үлкенді-кішілі қалалардан жұмыс іздеп, қатарға қосылайық деп келгендер осында то­ғысып жатыр. Қай саланы алсақ та, жап-жас жігіттер, әп-әдемі қыздар бірі құрылысшы, бірі хатшы болып, алды басқарма басқарып дегендей өмір сүріп жатыр. Қара басын екеу ету көпшілігінің ойында жоқ. Үлкен қалада таңның атысынан күннің батысына дейін кеңседе жүрсе, құрылыста болса, қайдан ойласын? Шаңырақ көтере қойғанда, жалдап күнелтіп жүрген кісінің есігі жастарға отау бола ма?! Жоқ, әрине. Отау құрып, «жас отбасы» бағдарламасына тіркелгенше, пәтерге қол жеткенше қаншама қиындықтар бар. Тіпті, пәтер бұйыратынына сене­тіндер де аз.
Оның бір амалы жылт еткендей болып еді-ау. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ауылдан астанаға келген жастарға арналған арзан баспана салынып, асханасы мен әжетханасы ортақ болуы арқылы үнемдеуге болатыны айтып еді. Еленбеді.
«Сүрленіп бара жатқан» азаматтар мен азаматшаларға уақытша баспана мәселесін шешіп беруге қатысты ойы дұрыс еді. Әрі қарай бас екеу болса, мал төртеу болып, бастары жарасып кетсе «есен құлға мал біткендей» бір мәнісі болар еді. Оған жеткізбеді. Бұл – қоғамдық сананың жатбауырлығы. Кезінде басы құрала алмай қалған қыздар көбейіп, амал жоқтықтан «-» (сызықша) еркектен болса да бала сүюге құлықты. Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов осыдан біраз жылдар бұрын «Отырып қалған қыздар азаматтардың әлеуметтік жағынан қорғалмаған бөлігі» деп мәселе көтеріп еді. Оны ескеруге қоғам тағы да дайын болмады.

Уақытын өткізіп алғандар

Менің жақсы құрбым бар. Ондайларды бұрындары «қырыққа келгенше қаймағы бұзылмаған» деп айтушы еді. Ақша бетінің әжімі жоқ, келісті-ақ, білімді, қызметі бар, жан-жағына сыйлы. Бірақ… Сол танысыммен соңғы кездескенімде, әзіл-шынын араластырып, «ендігі ЭКО арқылы бала тууым қалған шығар» деген еді.
Жақсы танитын тағы бір мұңлық зейнетке шығар алдында ғана жиенін құшақтап иіген деседі. «Осындай аналық мейірімді неге жас кезімде сезінбедім?» деп көзіне жас алады. Өзегін өртеген өкінішті анасынан басқа кімге айта алсын, «тым болмаса, кезінде бала туып ал деп те айтпаған екенсіз» деп сексенге келіп қалған анасына налыпты. Қайтсін, ұстаздық етті, кандидат атанды, ғалым болды, ізіне ерген іні-сіңлілеріне, сосын олардың балаларына қамқор болып, оқытты. Сөйтіп жүріп, әйелдің пешенесіне жазылған сыйдан құр қалды.
Әйел бақыты құрғақ сөз емес. Ана бақытын да жаратқан нәзікжан­ды­лар­дың үлесіне жазып еді. Ол бақытқа қол жеткізетін кезеңнің шектеулі еке­нін де естен шығармаған жөн. Рас, өмір сүруді ешкім оңай деген жоқ. Бірақ бұ дүниеде өзіңіз тіпті елестете де алмайтын қуаныштар барын, адам баласы көтере алмайтын қиындық жоқ екенін біз­ден ілгеріде өткендер айтып кеткен-ді.
Жоғарыда айтылған бір жарым жылда сәбиінің әкесінің орнына сызықша қойған алты мыңдай мұңлықтың бақыт­ты болуға толық қақы бар, билік осыны ескеруі, шара қабылдауы, ал қоғам өгейсітпеуі керек.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + one =