©2020 Астана Ақшамы
Әке өнегесі
Германиядан тәжірибе жинақтап келген психолог А.Рихмайер бір лекциясында «Ата–ана баладан кешірім сұрамайды» деді. Ал сұрайтындай жағдай болса, басқаша жеткізген жөн екенін алға тартты. Менің ойыма, әкемнің өзімнен кешірім сұрағаны түсті.
Мен қалай медбике болмай қалдым?
Сегізінші сыныпты бітірген бойда құрбым екеуміз ата-анамызға айтпастан, Ленгір қаласындағы медучилищеге құжат тапсырдық.Орыс тілінен сынақ жұмысын жазып, тарихтан ауызша емтихан тапсырдық. Енді, тек нәтижесін күту ғана қалды…
Бір күні үйге қонақтар келді, арасында менімен жасты қыздары бар екен. Әкем маған ауық-ауық қарап қояды, байқаймын, көзқарасында өзгешелік бар. Оған мән бергенім жоқ, өзімше, оқуға тапсырғанымды конкурстан өткенде ғана айтамын деп жүрмін. Қонақ қыз тым ерке екен, ата-анасы да бәйек болып отыр. Қонақтар келесі күні мен құжат тапсырған медучилищеге кетті. Кешке келді, көңіл-күйлері жоқ, әкемді күтті. Әкем жұмыстан келген соң қонақтарға «бәрі де ойдағыдай болады, еш абыржымаңдар» деп қояды. Маған тесіле қарайды барлығы. Ерке қыз үлкен шаруаны бітіргендей мұрнын шүйіріп отыр, ата-анасы оның арқасынан қағып қояды. Сонымен қонақтар әкеме алғысын айтып, ауылына аттанды. Сәлден соң әкем мені оңаша сөйлесуге шақырды. «Қызым, бізге айтпастан медучилищеге құжат тапсырыпсың. Училище директорының орынбасары Сатылхан ағаң маған хабарласып, құттықтады. Оны қоя тұр, оныншыны бітіріп, институтқа түсесің» деді. Сәл жүзін бұрды да сөзін жалғастырып, «сенен сұрауым керек еді, кешір, сенің орныңды жаңағы қызға бердік» деп, бір-ақ қайырды.
Мен әкеме ренжігенім жоқ, «институт жақсы ғой» деп қоямын. Әкем «әлгі кісінің жақсылығын көріп едім, қарызым өтелгендей қуанып қалдым» деді. Бірақ көпке дейін өзін кінәлідей сезініп жүрді. Кейінірек сырқаттанып қалғанымда, «әттеген-ай, дұрыс жасадым ба, қателестім бе, медбике болғанда мұнша қиналмас па едің» дейтін. Ал, былтыр діни мәселелер төңірегінде монографиям жарық көрген-ді. Сонда тағы өткенді еске салып, «баяғы медбикелігіңнен, меніңше, осының дұрыс-ау, психолог та адам жанын емдейді емес пе» дегені…
Дастарқан басындағы дәріс
Психолог ретінде қызмет ете жүріп, талай кісімен сұхбаттастым. Бір күні алдыма көз жасын төккен ана келді, «қызым жолынан адасты, ағайын-туғаннан ұят болды, айтқанын екі етпеуші едім, қателік жіберген жерім жоқ» дейді. «Балаларыңызбен дастарқан басында әңгіме айтып отырғанда, білмегенін түсіндіретін шығарсыз» дедім. Ол маған таңырқай қарап: «оған уақыт жоқ қой, балалардың әрқайсысы тамақ іше сала өз бөлмесіне кетеді» дегені. «Ал, жексенбіні отбасыңызбен қалай өткізесіз?» дедім.«Бір күн демалыс қой, оны әркім өз бетінше өткізеді» деп жауап берді.
Сөйтті де, «өз отбасыңызда ше?» деп қарсы сауал қойды. Мен сенбі, жексенбі күндері балаларым әкелерімен бірге үй шаруасын атқаратынын, содан соң барлығымыз жиналып ас мәзіріне кірісетінімізді айттым. «Балалар демалысты асыға күтеді, оларға әке-шешесінің ас үйдегі, дастарқан басындағы әңгімесі, бірге отырып теледидар көру қызықты, апта бойындағы көрген-білгендерімен бөліседі» дедім. «Біздің соңғы рет қашан бірге отырып тамақ ішкеніміз есімде жоқ» деді әйел…
Кез келген салт-сана, әдет-жосық отбасынан бастау алады. Байқағаным, кейбір отбасында дастарқан басында ұрыс-керіс болса, балалары да сол жаман әдетті кейін қайталайды. Әдет-ғұрып демекші, бала кезімізден ата-анамыз бізді жақсы қасиеттерге баулитын. Тіпті, балаларына өнеге болсын дегені шығар, әкем анама ас әзірлеуге көмектесуге кірісіп кететін. Бізді де жұмылдыратын. Бүгінде әрқайсымыздың өз отбасымыз бар, алайда мен үшін сол балалық шағымдағы ата-анам дайындайтын тағамнан дәмді ештеңе жоқтай.
Қазақ халқы үшін отбасы тәрбиесі дастарқаннан басталады емес пе?! Ұлту апамыз дастарқан басында ата-бабалар тарихын, аяулы әжелеріміздің еңбегін, немерелеріне, келіндерге кеңесін туралап айтпай, мысал ретінде астарлап, сол баяғы әжелер өмірінен естеліктер түрінде жеткізіп отыратын. Қазақ халқы қандай жиын-тойдың алдында да дастарқанда бас қосып, ақылдасып, түйінді мәселелердің шешімін тауып жатады. Бүгінде сол отбасы дәстүріндегі құндылықтары ұмытыла бастағандығынан болар, рухани адасушылық та күннен-күнге ұлғайып барады.
Ұрпақ қамын ұмытпай
Әкем қазақтың қара көздері соңғы кездері жат ағымның жетегінде кетіп жатқанына қатты налитын еді. 2004 жылы Астанадан ауылға кезекті рет балаларымды ертіп апардым. Атасының әңгімесін естісін, тағылымы мен өнегесін бойына сіңіріп өссін деген ниетпен. Барған сәтте әкеміз үйде жоқ екен. Анам «әкең үйде отырмайды, келген соң өзі айтар» деді. Сөйтсем, әкем аурухана мен түрмеге, наркологиялық диспансерге, санаторийлерге барып, имандылық туралы дәріс оқиды екен. Әсіресе, жаңсақ басып, темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққандар әкемді асыға күтетінге ұқсайды, көптеген сұрақтар қояды екен. Зейнетке шықса да ұрпақ қамын ойлаған ол осылайша үйде тыныш отыра алмайтын әдет тауыпты.
Шерханның шапаны
Алматыда тұрып жатқанда әкем қыдырып келді. Шерхан Мұртазаның қызымен жақсы сыйласып жүруші едік, әкемді үйіне қонаққа шақырды, Мәриям апай әкемнің әңгімесіне риза болып, «Абайдың 150 жылдығында Шерағаңа семейліктер шапан жапқан еді, соны сізге сыйла деп отыр» деді. Мәриям апай «денсаулығым болмай жүр, намазхан, дұғалы адам екенсіз, отбасымызға дұға ете жүріңіз» деді. Көп ұзамай Мәриям апайдың өзі өмірден өтті. Бақилық болғанына он бес жылдан асса да, әкем Мәриям апайдың әруағына құран бағыштауды ұмыт қалдырған емес. Сол шапанды әлі күнге дейін «жазушы атаның шапаны» деп, немерелері сұрап киеді. Бір күні немересі Назарбек «ата, ақындар айтысына қатысайын деп едім» дейді. Атасы сол баяғы қазақтың біртуар тұлғасы Шерағаң жапқан шапанын кигізіп, батасын береді. Қазақтың ырымы да ыстық ықыласпен, ақ тілекпен астасып жатады ғой. Соның арқасы болар, Назарбек айтыстан жеңіспен оралды. Атасының «төл немересі» Жомарт бір күні келіп, жәй ғана «Ата, бокстан жарысқа барамын» деді. Сонда ол «Осы жолы барып кел, ары қарай басқа спорт түрімен шұғылдан. Мен де боксты жақсы көрдім, жеңіске, жетістіктерге де жеттім, денсаулыққа зақымы бар екен, оны қартая келе біліп отырмын… Жарайды, осы жолы барып кел» деп, немересінің арқасынан қағып шығарып салды. Сол жолы, 2006 жылы Жомарт 54 мемлекет арасында бірінші рет жасөспірімдер арасында Ташкентте өткен бәсекеде кингбоксингтен әлем чемпионы атағын жеңіп алды. 15 жасында! Бір қызығы, атасы үйде «Каспионет» телеарнасын көріп отырып, ағылшынша тілін бұрап «Жоумарт Куттыбектеги» деп хабарлағанда, «Әй мынау не дейді?» деп орнынан ұшып тұрған екен.
Бізбен бірге мультфильм көретін
Кезінде әкемнің далада ойнап жүрген балаларды ертіп әкеліп, қазақ ертегілері желісімен түсірілген мультфильмдерді бірге тамашалайтынына таңданатын едім. Оның тәрбиелік мәні зор екен. Менің бала кезімде «видеокассеталар» енді шыға бастаған. Балалар үйді-үйге жиналып Брюс Ли, Чак Норрис сияқты жойқын кейіпкерлері бар америка, жапон, қытай фильмдерін көретін. Сондай сәтке тап келсе, әкем «атыс-шабыс, төбелес бұл не кино, қалай жаның шыдап қарап отырсыңдар, қай жері қызық, адамның жүрегін қатайтып, тіпті мейірімсіз етеді» деп, көруге тыйым салатын. Оның орнына бәрімізді жинап, «Хайуанаттар әлемі» бағдарламасын көрсететін. Аң-екеш аңның әрекетінде де тағылым аларлық нәрселер бар екенін бағдарламаны көре отырып, талай түйсіндік. Бұл да бір ғанибет екен.
Мәскеулік тілші және қолы май-май директор
Бір күні таңертең үйдің қасына тоқтаған су жаңа қара «Волгадан» орыс әйелі түсті. «Пәленшенің үйі осы ма?» «Иә». «Папаң үйде ме?». «Жоқ, жұмыста». «Мен Мәскеуден, «Правда» газетінен келдім, тілшімін». «Үйге кіріңіз» деп жатырмыз. «Жоқ, жұмысына барып тауып алармыз» деп кете барды. Ауыл адамдары «бұл неге келді екен?» десіп жатыр.
Шымкенттегі «Чимкентсельстрой» тресінің №25 автобазасына барып, папамды кабинетінен таппай, аулада жүргендерден «директорларың қайда?» деп сұрайды. Іле-шала сол жердегі шопырлардан «Директорларыңның ұлтшыл екені, жұмыстан қуып, жалақыларыңды бермейтіні рас па? Шопырларды адам құрлы көрмей, басынатыны шындық па?» деген сыңайлы сауалдарды қарша боратады.
«Біздің директор ма?» дейді де, шопырлар мен жұмысшылар жамырасып күледі бір дерсің. Журналист әйел түсінбей қалады, ол сұрақ қойған сайын, жиылған жұрттың күлкісі шарықтай түседі. «Директорларың қайда? Хатшы қыз осында жүр деді ғой…». Жиналғандар тағы шуласып күледі де, машина жөндейтін шұңқырды саусақтарымен көрсетеді.
«Сендер мені, Мәскеуден арнайы арыз тексеруге келген журналисті мазақ етіп тұрсыңдар ма? Мен сендер үшін келдім» деп, «Правда» тілшісі шамдана бастаған кезде, жиналғандар жамыраса күлісіп, «Құттыбек Аташұлы, сізге келіп тұр» деп айғайлайды. Шұңқырдан қолы май-май, жеңін түріп тастаған аппақ көйлекті кісі шыға келеді. «Директорларың осы ма?» дейді журналист. «Иә». «Түсінсем бұйырмасын…» дейді журналист. Әкем қолын жуып, галстугын тағып, кабинетіне қарай аяңдап келе жатқанда: «Машина рейске шығу керек, көрсетіп көмектесіп жіберейін деген едім» дейді. «Мен бәрін түсіндім, енді арыз иесімен сөйлессем» дейді мәскеулік журналист. Ал, ертеңіне арызқой кісі келіп директордан кешірім сұрайды, «Сөзге еріп, ақымақ болдым» дейді. Жоғары оқу орнына екі мәрте түсіп, отбасылық жағдайына байланысты әрі қарай оқуын жалғастыра алмаған әкем орта білімімен-ақ халқына осылайша қалтқысыз еңбек етті. Қарапайым жөндеуші, автомеханик, Ленгір қалалық №3 автоколонна басшысы, Шымкент қаласы, «Чимкентсельстрой» тресінің № 25 автобаза бас инженері, директоры деңгейіне көтерілді.
Бүгінде ол Төлеби ауданы, Жаңакүш ауылының имамы. Осыдан оншақты жыл бұрын балалары жиылып, қажылыққа жіберейік дедік. Әкеміз қарсы болды, «Ана көршімнің үйінде көмірі жоқ, мына бір көршім суық үйде шиеттей бала-шағасымен әбіржіп, жарықты ұрлап жағып, үйін жылытып отыр, ақшаларыңды соларға бөліп берейін» дегені. Биыл жасы 70-ке жетіп, қария атанды, тағы да сол қажылықтың тақырыбын көтердік. Бұл жолы анамыз: «Айтып әуре болмаңдар, ол бәрібір бармайды» деп қысқа қайырды.
Онысын кейін түсіндік. Баяғыда әжелеріміз біздің әулетті «Қажы әулеті» дейді екен. Бабаларымыз қажылыққа барып қайтқан. Қажылыққа аттанар алдында тұтас ауылға 40 күнге жетерлік тамақ боларлық малын жиып, отын-суын түгендеп беріп, жолға шығады екен. Әкемнің «Көршім жылусыз отырып мен қайда бармақпын» дегені осындай өнегелі жосымнан туындаған екен.
Әкем адамдарға ғана емес, тіршілік атаулының бәріне мейіріммен қарауға бала кезімізден баулыды. «Алла тағала ғаламда жаратқан дүниенің бәрі бекер емес, әрқайсысының өз орны бар» дейді үнемі. Әке тәрбиесінің әсері болса керек, бүгінде мен де адам түгілі айналаны қоршаған табиғатқа бей-жай қарай алмаймын.
Лимана ҚҰТТЫБЕК