ӘКЕ ӘНІ МЕН ӘҢГІМЕСІНІҢ ӘСЕРІ

0 278

Қасқадан қасқа тумаса да, төбел туады. Осы күндері
Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосыновтың ұлы, ҚР Суретшілер одағы және Дизайнерлер одағының мүшесі Мұхтар Қайратұлының «Ән-күй озаттарына ізет» атты көрмесі өтіп жатыр.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, кішкентайында әкенің салған әндері мен айтқан әңгімелері бала Мұхтардың көркемдік қиялына қанат бітірді. Кейін суретші бұл тақырыпқа ден қойып, сал-серілер өмірі мен шығармашылығын сипаттайтын көркем шығармаларды, зерттеу еңбектерін ақтарды. Бұл портреттік картиналар сериясының дүниеге келуіне Досқан Жолжақсыновтың «Біржан сал» фильмі сияқты кинотуындылардың да әсері болды.
Тәуелсіздік сарайындағы көрмеге суретші 40-тан астам картинасын ұсынса, солардың 26-сы қазақтың музыка өнері туралы сыр тартады. Ал қалған картиналар пейзаж жанрында кестеленген. Қылқалам шебері Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Мұхит Мералыұлы, Кенен Әзірбаев, Майра
Уәлиқызы, Дина Нұрпейісова сынды ән-күй дүлдүлдерінің портреттерін майлы бояумен салған. Бір топ картина олардың шығармашылығына да арналған.
«Қазақ музыка тарихында үлкен із қалдырған тұлғалардың портреттерін ғана кестелемей, белгілі бір әннің немесе күйдің сюжеттік линиясын картиналарымда бейнелеуге тырыстым. Шығармада мұң мен трагедия болса, салқын, суық түстерді қолдандым. Ал қуаныш, шаттықты, әрине жылы, ашық түс­термен бердім. Басқаша айтқанда, халық композиторы немесе күйшінің сол кездегі көңіл-күйіне
назар аудардым. Әлеуметтік көріністерді де естен шығармадым» дейді Мұхтар Байбосынов.
Суретшінің сөзінше, Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» кітабының, Шоқан Уәлихановтың еңбектерінің, Біржан салдың Абай ауылында болғандағы көрініс бейнеленетін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының бірінші кітабының, түрлі энцикло­педия­лардың картиналар сериясының жазылуына тікелей ықпалын тигізді.
Болашақта суретші бұл серияны әрі қарай жалғастыруды жоспарлап та қойыпты. Бірақ ол үшін тақырыпты тағы да зерттей түсу керек деп ойлайды.
Мұхтар Байбосынов Әбілхан
Қас­теев негізін салған, Қанапия Телжанов, Гүлфайрус Ысмайылова, Әубәкір Ысмайылов жалғастырған қазақ классикалық сурет өнерінің өкілі екенін айта кету керек.
«Мұхтардың картиналарында қазіргі көп суретшілерде кездесетін постмодернизм жоқ. Картиналары бізді сонымен баурайды. Бүгінгі жастар Италияның сурет мектебін үлгі тұтатынын байқап жүрмін. Сөйтіп салған суреттерінде Абай Абай болмайды, ол Паганини сияқты болып тұрады. Ал Мұхтардың қолтаңбасының ерекшелігі сонда, нағыз қазақы өмір бейнеледі. Ол портреттің, пейзаждың, сосын дала композициясының асқан шебері деп айтуға болады» дейді картиналарды тамашалаған белгілі күйші, өнертанушы Жанғали Жүзбай.
Көрмені 30 қыркүйекке дейін тамашалауға болады.

Аманғали Қалжанов

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × four =