«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Айжан ЖҮЗБАЙ, дизайнер: Шетелдіктерді төлтуынды ғана таңғалдырады

0 22

«Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Айжан Жүзбай бала кезінен дизайнер болуды армандап, сол арманына жетті. Бүгінде оның жасаған бұйымдары мен тіккен киімдері елімізде ғана емес, шетелдерде де сұранысқа ие. Жақында дизайнермен жолығып, табыс жолын білдік.     

d76cf66f7d5ba3573d75827848e7ae19

– Айжан, дизайн, сән саласына қалай келдіңіз? 

– Менің арманым 5 жасымнан бастап киім дизайнері болу еді. 1995-1996 жылдары Түркістан облысында ауылда отырып, теледидардан Fashion шоуды көріп қалып, содан бастап дизайн саласына, сәнге деген назарым ауа бастады.

– Ұлттық нақышты таңдауыңа қандай жағдайлар себеп болды? Басқа елде жүріп, өз елін сағынғаннан осы саланы дамытуға шешім қабылдадың ба?

– Мен қазақы үлгіде жасағанның өзінде заманауи түрде келтіремін. Қазақтың көп киімдерін, оюларын заманауи үлгіде жасап шығарамын. Соңғы 5 жылда бұл сәнге айналды. Ал мен бұрыннан айналысамын. Неге? Біріншіден, Шымкенттен Қарағандыға көшкенде, қазақилықты, әсемдікті сағынған болармын. Екіншіден, шетелде жүріп өз Отанымды сағынғаннан болар. Қазақстанда жүрсең білінбейді, шетелде жүрсең қытайлар «сендерде мынадай ою бар екен ғой, мынадай ерекшелік бар екен ғой» десе, еріксіз өзіңнің жасағың келіп кетеді екен. Қызықпасаң да қызығарлықтай сұрақтар қойып ынталандырады. Ал өз ұлтыңның киімін тура сондай қылып өзгертпей жасасаң да, сен ерекше дизайнер сияқты көрініп тұрасың. Шетелдіктерді өзіңнің төл туындыларыңмен ғана таңғалдыруға болады. Олар киімдеріңді көріп, «не деген талант» деп ойлайды. Қайдан білсін соның бәрі ғасырлар бойы жинақталғанын.

– Мини коллекциядан, үлкен көрсетілімге қалай жолың ашылды?

– 2014 жылы тәжірибеден өтіп, мини коллекция жасадым. Сол коллекцияны Түркияға арнадым. Өйткені 2013 жылы Стамбулға барып, қызығып қайттым. Одан кейін 2015 жылы жасаған коллекциямды Бейжіңде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 24 жылдығына арналған кеште көрсеттік. Сол кешке «Mercedes benz China Fashion» директорының орынбасары шақырылды. Сол кісі жұмыстарыма қызығып, «әрі қарай сән апталығына қатыса бер» деп ұсынды.

– Музей ашуды жос­парлағаныңызды естідік. Сол туралы толығырақ айтып берсең.

– «Kazakh fashion textile museum» (қазақтың сән және құрал-жабдықтар және жәдігерлер музейі) деген жобаны қолға алдым. Иә, елорданың Ұлттық музейінде сондай бөлім бар. Бірақ онда қолданбалы өнерге аз ғана көңіл бөлінеді. Ұлттық музейде өте жақсы жәдігерлер тұр. Бірақ өте көп болған соң, соншалықты көңіл бөліне бермейді деп ойлаймын. Ол шетелдіктерге қызық болуы мүмкін. Ал менің музейім шетелдіктерге емес, өзіміздің қазақтарға арналған. Неге? Қазақтардың көбісі қазақ пен қырғыздың шапанын ажырата алмайды. Кезінде әйгілі футболшы Роналдуның әйелі өзбектің шапанын қойып, «Kazakhstan❤» деп жазды инстаграмға. Сол кезде біздің көп қазақтар осыған мәз болды. Бірақ мен үшін бұл ауыр болды. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. Орта Азиядағы экономикалық ең мықты ел болғаннан кейін өз ұлттық киімдерімізді тек біліп қоймай, оны киіп, сонымен мақтануымыз керек деп ойлаймын. Сондықтан менің мақсатым – осы музейді ашып, елге паш ету. Біраз жәдігер жинап қойдым. Қазір сонымен айналысып жатырмын.

– Қазіргі таңда қандай жұмыстарды жүзеге асырудасың? Алда қандай жоспарларың бар?

– Қазір «Жібек жолы» деп аталатын тығыз жобамен айналысып жатырмын. Самарқандта Шанхай Ынтымақтастық ұйымының 20 президенті қатысатын үлкен бір саммит болады. Сонда Ұлы ­Жібек жолы туралы және Ұлы Жібек жолындағы қазақтың, Қазақстаның орны туралы біраз ақпарат беріледі.  Соған арнап өзімнің Fashion шоуымды дайындап жатырмын. 1 тамыз күні Өзбекстанда жеке көрмем ашылады. Сосын «Париж сән апталығы», өзімнің «Қазақ fashion музейі» жобам бар. Жақында елордада жаңа дүкенімді ашқалы жатырмын. Қазіргі таңда соның қағаз жұмыстары және жөндеу жұмыстарымен айналысудамын. Осы жылдың аяғына дейін екі инвестормен жұмыс істеп, келесі жылы наурыз айында Ақмола облысында жаңа зауыттың құрылысын бастап кету жоспарда болып отыр. 1 тамыз күні Өзбекстан мемлекеттік қолданбалы өнер музейіне бұйымдарымды қоямын. Олар менен қазақтың ұлттық киімдерінің кішігірім сән қойылымын сұрап отыр. Оларға қазақтың киімдері қызық. Өзбекстандықтардың айтуынша, қазақтың киімдері өте қымбат тастардан, бағалы материалдардан тігіледі. Мәдениетімізді сыйлап тұрғасын қалай жоқ деп айтасың?! Сол үшін жаңа киімдер тігіп жатырмын. Қазақтың ұлттық зергерлерін де Өзбекстанға алып барамын. Париждің сән апталығына екі рет шақырту алғанмын. Оған үлкен қаражат керек. Оған арналған киімдерді тігуді осы жылдың аяғында бастаймын. Шанхай Ынтымақтастық ұйы­мындағы концертке «Менің жібек арманым» атты сән қойылымын жасауға ниетім бар. Әлі келіссөздер жүріп жатыр. Қазір «Астана Опера», «Астана Балет», Түркістан театрларынан жұмыс туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Әртүрлі спектакльдердегі бейнелер бойынша, сахна безендірілуі бойынша ұсыныстар түсті. Сонымен де жұмыс істеп жатырмын. Түркіменстанда Қазақстанның мәдениетін дәріптейтін үлкен шараларға қатысқаным бар. Сол жақтан да әртүрлі ұсыныстар түсе бастады. Алдыңғы жылы Түркіменстандағы президенттер консультативті кеңесіне киімдерімді алып бардым. Түркіменстан президенті менің туындыларымның бәрін 35 мың долларға сатып алды. Барып отырған мемлекеттің мәдениетіне сай тек қана жасыл киімдер апардым. Өзім жасыл киім кидім. Ол кісі соған қызықты. Сондықтан, менің ойымша, «Ғарыш», «Мұнай» деп жарыспай, қолымызда бар дүниемен жарысу керек, барыңды бағалау керек деп ойлаймын. Мені Қытайда қазақтың төл дүниесі үшін мойындаған. Өйткені тура өздерінің затын қайтадан жасап берсем, оларға қызық болмайды ғой…

 Аружан ЖҰМАТАЙ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Айжан Жүзбай – 2016 жылы Қытай сән апталығына Орталық Азиядан қатысқан тұңғыш дизайнер. Ол 1991 жылы Арыс қаласында (қазіргі Түркістан облысы) дүниеге келген. 2010 жылы Қарағанды коммерциялық колледжінде іс жүргізу және мұрағаттану факультетін бітірді. 2010 жылдан 2015 жылға дейін Бейжің Сән және технологиялар институтының (ҚХР) «Көркем киім дизайны» факультетінде оқыды. 2016 жылдан 2018 жылға дейін Бейжің Сән және технологиялар институтының «Тоқыма химиясы, өңдеу және инженерия» факультетінде магистратурада оқыды. 2015 жылы Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің ұйымдастыруымен Бейжіңде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күнін 24 жылдығын мерекелеу аясында өзінің киім желісін және атаулы 8 арқанды киіз үйді таныстырды. 2016 жылы Астана қаласында «Жүзбай Дизайн» компаниясын және аттас «ZHUZBAY» киім желісін тіркеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды