«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Айтыстың алғашқы кітаби нұсқасы

0 317

Ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы, синкреттік жанр – айтыс. Тұрмыс-салт жырларынан бастау алып, келе-келе ақындар айтысына ұласқан. Осы бір поэзиялық жанрдың алғашқы нұсқасын жинап, баспаға берген – Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитова.

Бірінші рет көркем және ғылыми басылымдарда жарыққа шыққан. Қызылордадағы «Қазақстан көркем әдебиет» баспасынан 1935 жылы қазақ тілінде латын графикасымен жарық көрген. Кітапқа Сүйінбай ақынның өмірдеректерінен бастап, Тезек төреге айтқаны, қырғыз ақыны Қатағанмен, Дулат ақыны Қаңтар баймен, Батырбек датқаның ақыны Майлықожамен айтыстары, тағы басқа сөздер – жалпы 23 айтысы енген.
Сүйінбайдың өлең айтып жүрген кезі – Жетісуды патша үкіметі жаулап алып, орныққан ХІХ ғасырдың екінші жартысы. Бұл кезде ұлы жүзді патша үкіметі жаулап алуына мұрындық болған Әділ төренің немересі, Нұралы баласы – Тезек төре. Бұл төрені қазақ «қан Тезек» деп атап кеткен. Тезек төре – Шоқан Уәлихановтың қайын атасы, Іле өзенінің оң жағындағы Алтын-Емел тауын мекендеді (Шоқанның бейіті де сонда). Оның алдына адам шықпаған, ауылына рұқсатсыз ат пен адам баспаған. Сүйінбай осы Тезектен тілін тартпай, мінеп салады. Тезектің ұрлық, зорлығын айтады, арасында мақтайды да. Тезек Сүйінбайды қырғыз ақыны Қатағанмен айтыстырады. Сөйтіп Сүйінбай бірде қараның тілі болса, бірде төренің тілі болады.
Сүйінбайдың Жетісуда шарламаған елі жоқ. Оны Жетісудың қазақ, қырғызы біледі. Әсіресе, Қатағанмен айтысы жалпақ елге тым көп тарады. Бұл айтыс 1873 жылы Орман Манаптың асында өтті.
Қазір бұл еңбек елордадағы Ұлттық академия­лық кітапханада сақтаулы тұр.

Мөлдір БАЙМАХАНБЕТОВА,
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы
«Кітап» мұражайының меңгерушісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды