©2020 Астана Ақшамы
Ұлттық академиялық кітапханада «Айтыстану» ғылыми еңбектер жинағының, филология ғылымының докторы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Аманжол Әлтайдың «Ақын-жыраулар поэзиясы: ХV-ХVІІІ ғасырлар» оқулығы мен «Айтыс: Аманжол – Сара» кітабының, сондай-ақ, айтыс пен поэзияны қатар алып келе жатқан Серікзат Дүйсенғазының «Қарашығымда көшкен бұлт» жыр жинағының тұсаукесері өтті.
Жақында Астанадағы Ұлттық өнер университетінде айтыс бөлімі ашылады деген әңгіме шықты. Сол мақсат нақты орындалатын болса, «Айтыстану» жинағы сол бөлім студенттері үшін тамаша тарту болғалы тұр. Онда Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлынан бастап, айтысты «сөз барымтасына» балаған Мұхтар Әуезов пен «Халық мұрасы» кітабында біраз айтыстарды талдаған Сәбит Мұқановқа дейін әр кезеңдегі әдебиет зерттеушілерінің ғылыми мақалалары топтастырылған. Қазіргі ғалымдардың да бүгінгі айтыс жайында пайымдаулары жинақталған.
«Ақын-жыраулар поэзиясы: ХV-ХVІІІ ғасырлар» оқулығына келсек, онда хандық дәуірден бүгінгі заманға жеткен ақын-жырауларымыздың асыл сөздеріне ғылыми тұрғыдан баға беріледі. Қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков аталған тақырыптың бастауында Бейсенбай Кенжебаев пен кезінде қазақ әдебиетін үш ғасырға «қартайтқан» Мұхтар Мағауин тұрғанын еске алып, Аманжолдың бұл тақырыпты қолға алғанына қуанатынын жеткізді.
Академик Сейіт Қасқабасов ақын мен жыраудың арасын байыпты ажыратып берді. Оның айтуынша, жыраулық – хандық дәуірге ғана тән құбылыс. Олардың соңы – Кенесары заманында өмір сүрген Нысанбай жырау. «Жыраулық сарындар Махамбет Өтемісұлының шығармашылығында байқалады. Алайда, ол – жырау емес, ақын. Бас-көз жоқ төпелеп, кез келген өнерпазды жырау деп атауға тағы болмайды. Қазіргілер жыраулар емес, жыршылар» деді ол.
«Айтыс: Аманжол – Сара» кітабының шығуына белгілі журналист, жазушы Несіп Жүнісбайұлы түрткі болған екен. Оны кітап авторының өзі айтты. Несіп ағамыз 2006 жылы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театры ғимаратында өткен Аманжол мен Сараның айтысына қатты тәнті болыпты. Артынша осы айтыс жөнінде мақала жазыпты. Соны оқыған Аманжол айтысты хатқа түсіруді ойға алып, соны жүзеге асырыпты. Кітапта 2006 жылғы айтыстан бөлек 2010 және 2011 жылғы Сарамен айтысы енген. Тұсаукесерде сөз сөйлеген идея авторы кітаптың қай жерінде қандай жолдар орналасқанына дейін білетін болып шықты. «Аманжол, 86-бетті ашшы» деген ол сол беттегі дәмді шумақтарды оқып беріп, бұл айтыс жөнінде ғылыми еңбек қорғауға болады деген пікірін айта кетті.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ