Айтыс өтті Астанада дүркіреп

0 42

Елордада Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына арналған «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Айтулы шараны Nur Otan партиясының қолдауымен Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды. Бұл сөз сайысы биылғы өтетін жыр аламанының беташары десе болады. Жыр жекпе-жегіне еліміздің әр өңірінен суырылып шыққан 16 ақын қатысты.Айтыстың тізгінін белгілі ақын, осы өнердің жанашыры Жүрсін Ерман ұстады. Ол өз сөзінде: «Абай – біздің қағбамыз, қазақ руханиятының темірқазығы. Бәріміз бойы­мызды да, ойымыз­ды да Абайға қарап түзеуіміз керек» дей келіп, жыр додасының бірқатар жаңа ережелерін атап өтті.
Бұл жолғы ақындардың жұбы алдын ала анықталған жоқ. Оларды көрермен алдында жеребе тарту арқылы жұптастырып отырды. Сондай-ақ қазылар алқасы ақындардың өнерін дәстүрлі балдық жүйемен емес, көк түсті түймешікті басу арқылы бағалап, әр жұптың бірін ғана келесі кезеңге өткізді.
Алғашқы болып сахнаға ақтөбелік Марат Ахметов пен ойшыл елінен келген Әсем Ережеқызы шығып, хакім атамыздың рухани мұрасын бейнелі сөзбен кес­теледі. Ақындардың қай-қайсы да талай жыр бәйгесіне қатысып, ысылған, тәжірибесі мол екен­дерін қапысыз көрсетті. Сөз сайы­­сында құрдастар арасындағы қағытпа қалжың да, қыз бен жігіт арасындағы әдепті әзіл де, елдің басындағы әлеуметтік көкейтесті мәселелер де қозғалды.
Сонымен бірге ақындар негізгі тақырыптан да ауытқымай ұлы ақынның өсиетіндегі ұрпақтың бойына жасампаздық рухын сіңіру, хакім сынаған жағымсыз қылықтардан арылуды көркем сөзбен зерледі.
Сонымен Абай атамызға арналған жыр аламанының бас бәйгесі «Алтын домбыраның» екі дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Ал бірінші орынды Сыр елінен келген Мейірбек Сұлтанхан иеленсе, екінші орынды Еркебұлан Қайназаров пен Серік Қуанған алды. Үшінші орын Тілеген Әділов, Әсем Ережеқызы мен Рауан Қайдарға берілді.
Айтулы шара соңында сөз алған қазылар алқасының төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы айтыс­тың жоғары деңгейде өткенін айтып, ақындарға алғысын жеткізді.
Биыл Абай атамыздың 175 жылдық тойына республикалық, облыстық және аудандық деңгейде 20-ға жуық ақындар айтысы өтеді деп жобаланып отырған көрінеді. Бұдан бөлек, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Ұлы Жеңістің 75 жылдығына да ақындар айтысы ұйымдастырылмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды