АЙТЫС АҚЫНДАРЫНЫҢ АНЫҚТАМАЛЫҒЫ

0 398

392f293e9ed26b614c507023c8911223

Ұлттық академиялық кітапханада Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен «Қазақстан айтыс ақындары» атты анықтамалық жинақтың, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Дәулеткерей Кәпұлының «Шертолғақ» айтыстар жинағының, айтыскер ақын, филология ғылымының кандидаты Айтбай Жұмағұловтың «Қазақ әдебиетін дәуірлеу тарихы» ғылыми еңбегінің тұсаукесері өтті.

Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағының құрылғанына көп бола қоймаса да, оның төрағасы, ақын Жүрсін Ерманның айтуынша, ұйым біраз нәрсе тындырып тастапты. Соның ішінде Тараз бен Қызылорда қалаларында ғылыми-практикалық конференциялар, жас айтыскерлер үшін 5 рет шеберлік сабағы өткізілген. Айтыстың екі томдығы да дайындалған. Айтыс ақындары арасында 4 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты бар екен.

«Қазақстан айтыс ақындары» жинағын шығарудағы түпкілікті мақсат – барлық айтыскерлерді бір кітапқа топтастыру екенін аңғартқан Жүрсін Молдашұлы «қазір елімізде 150-ге тарта айтыс ақыны бар» деді. Алайда, айтыскерлердің кейбіреуі өздері туралы дер кезінде мәлімет ұсынбағандықтан және жинақты дайындағандардың да кінәсінен кейбір ақындар кітапқа енбей қалыпты. Бұл олқылықтың орны алдағы күндері толтырылатын болады.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков айтысты қазаққа берген сый ретінде бағалады. Өзбекәлі Жәнібековтің осы өнерге жасаған қамқорлығын еске алды. Қонысбай Әбіловке, Әселхан Қалыбековаға және Әсия Беркеноваға Халық ақыны атағы қалай берілгендігін сөз етті. Жүрсіннің айтысқа жасаған еңбегін атап өтті.

Қазіргі таңда жас айтыскер ақындарды тәрбиелеу мәселесін қозғады. Сол үшін Астанадағы Ұлттық өнер университетінде айтыс бөлімін ашу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мәдениет министрлігінің қолдауы арқасында айтыстың 7 томдығы шыққанын, оған арғы-бергі үздік айтыс үлгілері енгенін сүйіншіледі. Кешегі Жамбыл, Шөже, Сүйінбай сынды майталмандар өле-өлгенше айтысқанын айтып, қазіргі ақындардың айтыс­тан ерте кетуін құп көрмейтінін білдірді. Бүгінгі ақындардың ішінде Жандарбек Бұлғақовты өзгелерден ерек көретінін де жасырмады.

Жүрсін Ерман өткізетін айтыстарға кейінгі кездері алматылық кәсіпкер Құсайын Омаров қаржылық қолдау көрсетіп жүр. Сөз сөйлегендердің арасында сол кісі де болды. Одан бөлек Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, ғалым Намазалы Омашев, айтыстың «сары тентегі» Қуаныш Мақсұтов сөз сөйледі. Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов филология ғылымының кандидаты Айтбай Жұмағұлов еңбегінің мәніне тоқталып, оның қолға алған мәселесімен Бейсенбай Кенжебаевтан кейін ешкім жарытып айналыспағанын айтты. Филология ғылымының докторы Тұрсын Жұртбай айтыстың халқымызға бергеніне және беріп келе жатқанына тоқталды. Ақын Дәулеткерей Кәпұлының анасы, 1989 жылы Қазақстандағы айтысқа алғаш рет қатысқан Егеу­хан Мұқамәдиқызы «Айтыс – ананың сүті, атаның құты» деді.

Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау Алмас Алматовтың «Өнерге адам бір күнде келмейді және бір күнге келмейді» деген сөзі көпшіліктің көкейіне қона кетті.

Р.S. Сол күні елордадағы «Шұбар» бильярд клубында Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен айтыс ақтангерлерін еске алуға арналған турнир де өтті. Онда Ерік Асқаров, Есенқұл Жақыпбеков, Әзімбек Жанқұлиев, Оразалы Дос­босынов атындағы жүлделер сарапқа салынып, марқұмдардың аруақтары бір аунатылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 5 =