Айтыс ақтаңгерлерімен жүздесу

0 135

Өткен жұма күні Ұлттық музейде халық ақындары, «Парасат» орденінің иегерлері Қонысбай Әбіл, Әселхан Қалыбекова және «Құрмет» орденінің иегері Әсия Беркенова елордалық оқырмандарымен қауышты. Оңтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарының Астанадағы күндерінің аясында ұйымдастырылған басқосуға айтыс пен өлең сүйер қауым көп жиналды.

Жиынды Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ашып, кеш иелеріне ізгі тілегін жеткізді. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты экономикамызбен қоса, мәдениетіміздің де өрістей дамуына ықпал етіп келеді. Бұл жолда қазір төрімізде отырған халық ақындарының сіңірген еңбектері орасан зор екенін айтуға тиіспіз. Олар, әсіресе, сексенінші жылдары айтыс сахнасына жарқ етіп шығып, күні бүгінге дейін уәлі, дуалы сөздерін түрлі мінберлерден халыққа жеткізуде. Өлеңмен өрілген шумақтары қай уақыттың да жадынан өшпек емес» деп ағынан жарылған аймақ басшысы Қонысбай Әбіл мен Әсия Беркенованы «Қостанай облысына – 80 жыл» мерекелік медалімен марапаттап, Әселхан Қалыбековаға сый-сияпат жасады.

Басқосуда белгілі сатирик Көпен Әмірбек сөз сөйлеп, үш ақынның өткен өмірінен тартымды естеліктер әңгімеледі. «Қонысбай, Әсия, Әселхан – қазақ үшін ошақтың үш тұғыры секілді. Айтыс өнерінің өлкесіне бірге қадам басып, бірге арындаған бұлардың қай-қайсы да ұлт мүддесі үшін тер төкті, сөз суырды, қалам ұстады десек, әлбетте, қателеспейміз. Әсия мен Әселхан – айтыстың қос қарлығашы, екеуі бір жылы, бір айда, бір күнде туған. Тіпті, «халық ақыны» атағын бір күнде алғанын біреу білсе, біреу білмес. Әсияның сырты бетпақ болғанымен, іші – аппақ. «Әй-әй» ақын атанған Қонысбайдың қолтаңбасы өзінше бөлек. Үшеуі де қазақ өнерінің қазанында қайнап, айтысты ілгерілетуге орасан күш салған» деді сатирик.

Шара барысында жас айтыскерлер Марғұлан Оспан мен Дәурен Ысқақ кездесу иелеріне жырдан шашу шашып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Ал ақындар домбырамен қосылып, халықты жырмен сусындатты. Сонымен қатар, айтыстың дәуірлеген шақтарынан естеліктер айтып, қызықты әңгімелер өрбітті. Үлкен экраннан көрсетілген деректі фильм де 1980-90 жылдардағы айтыстан сыр тарқатты.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × two =