«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Айтылған сөз – атылған оқ болса ғой…

0 146

Әр деңгейдегі әкімдердің халық алдында есеп беруі жақсы үрдіске айналды. Жыл басталысымен аудан әкімдері көпшіліктің алдына шығып, өткен жыл­дағы атқарылған істерге тоқталып, осы жылы не жос­парланғаны туралы баяндайды. Бұған қоса қала әкімі де күн тәртібіндегі мәселелерді шешуге негіз алады.

Ашутас мәселесі әбден жыр болды

Соңғы жылдары мен де осындай жиындардан қалмай қаты­сатын болып жүрмін. Биыл Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсенбаевтың есеп берген кездесуіне бардым. Аудан әкімінің баяндамасынан кейін тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қоя бастады. Кезегім келгенде мен де сөз алып, неше жылдан бері ескерілмей жүрген өзім тұратын Ашутас орамын тегістеу, инертті материалмен себу жұмыстарын және көктемде үй маңына отырғызуға көшеттер бөлу туралы өтінішімді жеткіздім. Менің бұл сауалдарыма жауап берген аудан әкімі сол жиынға қатысып отырған тиісті бөлім басшыларына осы мәселелерді назардан тыс қалдырмауды тапсырды. Жалпы, Ашутас орамын тазалау туралы өтінішім 2015 жылы басталған-ды. Сол жылдың 26 наурызында Алматы ауданы әкімінің бас инспекторы Г.Есмағамбетов қол қойған хат алғанмын. Онда ауа райы ашылысымен осы орамды тазалау жұмыстары басталатыны жазылған. Алайда сол жылы ештеңе істелген жоқ. Келесі, 2016 жылдың 19 қаңтарында сол кездегі Алматы ауданының әкімі Е.Бөлекпаевтың есеп беру кездесуінде осы сұрақты қайта қойдым. Бір айдан кейін (19 ақпан күні) әкімнің орынбасары Б.Булатбеков қол қойған хат келді. Онда «…Өз кезегінде Алматы ауданы әкімінің аппараты ағымдағы жылдың екінші тоқсанында Ашутас көшесін тегістеу және инертті материалмен себу жұмыстары жүргізілетін болады» делінген болатын. Ол жылы да ешқандай жұмыс істелмеді.
2017 жылдың басында Астана қаласы әкімдігі «Белсенді азамат-2017» шарасының шеңберінде «Ашық есік күні» іс-шарасын өткізді. Оған да барып, өзімді мазалап жүрген сұрақты тағы қойдым. Көп ұзамай қала әкімінің орынбасары Қ.Айтмұхаметов қол қойған хат келді. Онда бұл жұмыстың 2017 жылдың екінші жартыжылдығында жүзеге асыру жоспарланып отырғаны туралы жазылған. Сонымен ол жыл да өте барды.
Биыл бұл сауалмен Астана қаласы әкімдігіндегі жолдарды жөндеу және салу бөлімінің басшысы Асқар Исаковке бардым. Жұмыстардың көп екендігін айтып, жақын арада ол орамда да жөндеудің басталатынын айтып, шығарып салды. Бұл әңгіменің болғанына да төрт ай уақыт өтті. Еш нәтиже шықпады, жұмыс әлі басталған жоқ.

Көшеттері кеуіп, отынға айналыпты

Ал көшеттер бөлуге қатысты қойылған сауалға 19 ақпан күні И.Тлеуов қол қойған хат келді. Онда көшеттер сәуір айында өтетін жалпықалалық сенбілік шеңберінде бөлінетіндігі туралы хабарлапты. Сәуір айының басында Алматы ауданы әкімдігіне барғанымда бұл жұмыстың Ислам есімді маманға тапсырылғанын біліп, сол жігітке жолыққанымда: «Аға, 15 сәуір күні маған хабар­ласыңыз» деп телефон нөмірін берді ол. Сол нөмірге аптасына бір рет қоңырау шалып тұрдым. Көбінде қоңырауыма жауап бермеді. Жауап берген күннің өзінде «міне, бергелі жатырмыз» деген сөздермен шілде айы­на да жеттік. 2 шілде күні ха­бар­ласқанымда да «бүгін апарады, сіздің телефоныңызды бердім, ол кісі сізбен өзі хабарласады» деді. Түс ауа бір азамат хабарласып, көшет әкелетінін айтты. Ол кезде мен үйде емес едім. Мекенжайымды айтып, көшеттерді есік алдына қалдырып кетулерін өтіндім. Кешкісін үйге келсем, аулада бір арқадай отын жатыр. Шынында да, көшеттер кеуіп, отын болып қалған. Ішінен төрт-бесеуін таңдап алып отырғыздым, өнбеді, әлі тұр. Ақыры келесі жылы шығар деп үміттенгеннен басқа амал қалмады.

Тым болмағанда аялдамаға қалқа керек

Енді «Астана ақшамы» газеті арқылы билік өкілдеріне тағы бір өтінішімді айтпақпын. Біздің «Достық» деп аталатын ша­ғын ауданға №80 автобус қа­на қатынайды. Оның жүріс уақытының аралығы – 15-20 минут. Кейде одан да көп күтеміз. Ал біздің «Бірінші бұрылыс» деген аялдама ашық алаңда, жел өтінде тұр. Тым болмағанда сол аялдамаға желден, жауын-шашыннан қорғайтын бір қалқа орнатып берсе екен деген тілегіміз бар.

Марат ӘБДРАХМАНОВ,
зейнеткер

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды