Айтулы мамандарға – айрықша марапат

0 114

Ұстаздар мерекесі қарсаңында елорданың ең үздік мұғалімдері мен білім мекемелері Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қолынан арнайы жүлде мен марапат алды.

–Ұстаз деген қашан да қастерлі ұғым, – деді мереке иелерін құттықтаған елорда әкімі. – «Бір әріпті үйреткен адамға қырық жыл тағзым ет» деген сөз бар. Алғаш рет қолыңа қалам ұстатқызып, әліппені үйреткен ұстазды халқымыз әрқашан құрмет тұтқан. Өзім де қай салада, қандай қызметтің тізгінін ұстасам да, алғашқы еңбек жолымды ұстаздықтан бастағанымды ешқашан ұмытқан емеспін. Сіздердің ел болашағы – білімдіде білікті ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Осы орайда, әсіресе, елордалық мұғалімдердің жауапкершілігі үлкен. Елбасы да Астананың білім саласына айрықша көңіл бөліп, өздеріңізге үлкен сенім артып отыр.

Иманғали Нұрғалиұлы атап өткендей, қиындығы мен қызығы астасып жататын ұстаз мамандығынақандай құрмет те жарасады. Мұғалім мәртебесін көтеру, оларды қолдап-қолпаштау тұрғысынан Астана өзгелерге өнеге көрсетіп келеді. Елордада жыл сайын өткізіліп, ең үздіктерді анықтайтын байқаулар – соның бір айғағы. Бұл сайыстарға тігілетін сыйақы – ұстаздар мен мектептерге үлкен көмек.

2008 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Ең үздік мектеп» байқауының биылғы жеңімпазы ретінде Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі танылды. Оларға Астана әкімінің кубогы мен 13 млн теңгенің гранты табысталды. Енді бұл білім ошағының ең үздік он мұғалімінің еңбекақысына 50 пайыз үстеме қосылады.

Бұдан бөлек, оқу жылының қорытындысы бойынша үздік шыққан бірқатар білім мекемелері 5 мың АҚШ долларын құрайтын гранттарға ие болды. Атап айтқанда, №8 «Думан» балабақшасы – «Ең үздік балабақша», Көлік және коммуникация колледжі – «Ең үздік колледж», «Арман» спорттық сауықтыру лагері – «Үздік қосымша білім беру мекемесі», кәмелеттік жасқа толмаған балалардың «Пана» үйі – «Үздік арнайы білім мекемесі» атанды.

Биыл осы сайыстарға алғаш рет «Көшбасшы мектеп» номинациясы қосылды. Бұл құрметті атақты соңғы он жылдан астам уақыт бойы жетістіктерімен көзге түсіп, әр оқу жылының қорытындысында алда келе жатқан №38 мектеп-лицей еншіледі.

Ұстаздардың төл мерекесінде олардың әлеуметтік жағдайы да ескерусіз қалған жоқ. Бұл жолы Астана қаласының әкімі елордалық 10 ұстазға пәтер кілтін табыс етті. Олардың қатарында №32,58 мектеп-гимназияларының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Қызғалдақ Әбдіраханова мен Сағила Айтмағанбетова, №56,18 мектептердің физика пәнінің мұғалімдері Маруся Әшірова мен Гүлнәр Ысқақова, №53,23 мектептердің математиктері Гүлнар Мендібай мен Бақытжан Нүркеев, №38 мектеп-лицейдің технологы Роза Әлімсаева, №51 мектеп-гимназияның география мұғалімі Айсұлу Зермұхамедова, №7 мектеп-гимназияның дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дүрияш Рамбердиева мен №27 мектеп-лицейдің химигі Сәлима Файзуллиналар бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + 12 =