Айтшы ағайын, тілегіңді, назыңды…

0 101

Кеше Конгресс холл сарайында қалалық басқармалардың ашық есік күні өтті. «Белсенді азамат» акциясы аясында ұйымдастырылған шараға коммуналдық қызмет мекемелері де қатысқан болатын. Таңертеңгі сағат 10-нан кешкі 18.00-ге дейін өткен шара барысында қала тұрғындары әр мекеме өкілдеріне тікелей жолығып, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға тұшымды жауап алды.

ERM_9503

Әлеуметтік тауарлар қымбаттаса…

Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері жайғасқан үстелге бірнеше қала тұрғыны кезекпен келіп өз өтініш-шағымдарын жеткізіп жатыр екен. Сәл босаған кезде осы басқарманың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Ризагүл Қайкеноваға жолығып, тұрғындар қандай мәселелер бойынша шағым түсіріп жатқанын сұрадық.

– Елімізде, соның ішінде Астана қаласы бойынша әлеуметтік маңызы жоғары 33 азық-түлік тауары айқындалған болатын. Тұрғындар көбінесе осы азық-түлік түрлері бағасының көтерілуіне байланысты шағымданады. Біз қаламыздағы ірі супермаркеттердегі бағаларға үнемі мониторинг жүргізіп, жөнсіз қымбаттамауын қадағалап отырамыз. Бекітілген нормаға сәйкес, азық-түлік сауда нүктелері өздері сауда-саттыққа шығарған тауарға 18 пайыз мөлшерінде үстеме қосып сатуға құқы бар. Одан асырып қымбаттатуға болмайды. Ал бағаны осы шекті мөлшерден асырып жатса, біз оларға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қосқан үстеме бағасы 18 пайыздан жоғары болса, онда сауда орнының үстінен Монополияға қарсы комитетке шағым жолданатынын, тексеру нәтижесінде айыппұл төлейтіндерін ескертеміз. Мәселен, бүгін біраз қала тұрғыны бірқатар супермаркеттерде нан мен қанттың бағасы көтерілгеніне шағымданды. Біздің мекеменің қызметкерлері бүгін барып, мәселенің анық-қанығын анықтайды. Тиісті шара қолданатын болады, – деді бізге Ризагүл Бейсенқызы.

Бас маманның айтуынша, басқармаға әлеуметтік маңызды азық-түліктер бағасына қатысты және басқа да мәселелер бойынша шағымдарды http://www.ush.astana.kz/ сайтындағы «сұрақ-жауап» айдары бойынша жолдап немесе 55-69-80 телефондары арқылы хабарласуға болатынын мәлімдеді.

Кешігіп келетін хабарламадан қайран жоқ

Білім басқармасындағы мамандарға жолығып жатқан қала тұрғыны Олег Булахты сөзге тартып, қандай өтініш-шағым айтып жатқанын сұраған едік.

– Менің орта мектепте оқитын екі балам бар. Биылғы оқу жылынан бастап жаңа тәртіп бойынша екеуіне де мектепке кірген-шыққанын СМС арқылы ұялы телефонымызға хабарлама жіберіп отыратын пластикалық карта алып бергенмін. Ай сайын ол картаға 500 теңгеден аударып отыруға тиіспіз. Мен екі балам үшін 1000 теңге аударамын. Сол ақшамыз зая кетіп жатыр. Өйткені, хабарлама уақытында келмейді. Мәселен, балам мектепке таңғы сағат 7.40-та кірсе, «сіздің балаңыз мектепке кірді» деген хабарлама түскі сағат 11.00-де келеді. Ол
хабарлама келгенше мен баламмен үш рет сөйлесіп үлгеремін. Сонда біз ақшаны не үшін төлеп отырмыз? Кешігіп келетін хабарламалардың қажеті қанша? – дейді Олег Валерьевич.

Бұл сұраққа Астана қалалық білім басқармасының бөлім бастығы Қар­лығаш Саркенова былай деп жауап берді: «Аталмыш мәселе бойынша біз «Смарт Астана» жүйесіне тиісті шағым жолдадық. Ондағы мамандар ондай олқылықтың орын алғанын мойындады. Тез арада ретке келтіруге уәде берді. Сондықтан, бұл – шешімі табылатын мәселе. Оған қам жемеңіздер».

Сондай-ақ, бұл басқармаға мек­тептердегі азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты да шағым айтылды. Басқарма өкілдері 10-20 теңге көлемінде баға өскенін жасырмады. Жақын арада азық-түлікпен жабдықтаушылармен сөйлесіп, ол мәселені де ретке келтіретіндерін айтып уәде берді.

«Саранда» неге салқын?

Энергетика басқармасына шағым жазған Серік Садықовтың айтуынша, Орынбор көшесінің бас жағында орналасқан «Саранда» тұрғын үй кешені әлі күнге жылыту орталығына қосылмаған екен. Биылғы қысты жылусыз өткізіп жатса керек.

– Ол ауданда тек қана «Саранда» тұрғын үй кешені емес, тағы бірнеше көп қабатты үйлер орталық жылу жүйесіне қосылған жоқ. Олардың көпшілігінде халық тұрып жатыр. Осы жылдың аяғына дейін ол аудан түгелімен орталық жылу жүйесіне қосылады. Басқарманың осы бағытта жасаған арнайы жоспары бар. Сол жоспарда ол ауданды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу қарастырылған. Қажетті қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жыл аяғына дейін, дәлірек айтқанда алдағы жылыту маусымына дейін тұрғын үйлердің бәрі орталық жылу жүйесіне қосылады, – деп жауап берді Энергетика басқармасының өкілі Мақсат Исмағұлов.

Құрылыс сапасы қатаң бақылауда

Құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Ержас Айтуғанов бізбен әңгімесінде осы басқарманың тапсырысы бойынша өткен жылы салынған денсаулық сақтау мекемелері жайлы баяндап берген еді. Оның айтуынша, өткен жылы 4 емхана пайдалануға берілген, 9 балабақша, 4 мектеп ашыл­ған. Басқарманың тапсырысы бойынша салынған нысандардың бәрі талапқа сай, құрылысы аяқталғанда бұлардың бәрі қатаң тексеруден өткізіліп барып қабылданған.

– Бізге тұрғындар көбіне пайдалануға берілген пәтерлердің сапасына байланысты шағым түсіреді. Ондайда мекеме орын алған фактілер бойынша тексеру жүргізіп, қорытындысы бойынша тиісті тұлғаларды жауапкершілікке тартамыз. Өз тарапымыздан міндеттерін тиісті деңгейде орындауын талап етеміз. Біздің басқармаға былайғы уақытта да арыз-шағымдар электронды қабылдау, телефон арқылы түсіп жатады. Бірде-біреуі ескерусіз қалып жатқан жоқ. Өз құзіретіміз шегінде мүмкіндігіміз жеткенше жедел шешіп отырамыз, – дейді Ержас Қанатұлы.

Орайы келгенде айта кетейік, сол күні Құрылыс басқармасына «Көктал ауылының оңтүстік-шығысындағы көп пәтерлі үйлер» тұрғын үй кешенінің 40-50 шақты үлескері шағым түсірді. Белсенді топтың жетекшілерінің бірі Әсем Оспанованың айтуынша, 400-ге жуық үлескер бес жылдан бері осы тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерін ала алмай келе жатқан көрінеді. Бұл әрине, сол жерде шешімі табылатын мәселе еместігі белгілі. Сол себептен басқарма өкілдері шағымданушылардың өтініштерін қабылдап, өз құзіреттері шегінде оңтайлы шешілуіне үлес қосуға уәде берді.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × two =