Айшықты қолтаңба

0 157

Қазақта Есболған Жайсаңбаев деген тамаша актер болған. Алматыдағы Мұхтар ­Әуезов атындағы академиялық драма театрында еңбек етіп, Ғабит Мүсіреповтің «Ақын трагедиясында» – Дәуітті, Әбділда Тәжібаевтың «Майрасында» Бақтияр секілді келісті бірқатар рөлдерді сомдаған.Бүгін біз сөз етіп отырған Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының белді актері Дастан Әлімовтің түр-тұлғасынан, болмысынан Есболған ағамызға ұқсас бір жақындықты көресіз. Бұл жайында Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов Дастанның бір қойылымдағы рөліне разы болып: «Сахнада сенің планыңдағы актерлар аз. Осы кейіпте Есболған Жайсаңбаев, Қасым Жәкібаев деген дүлдүлдер өткен. Сен Есболғандай актер болсаң, мықты боласың» деп батасын беріпті.
Мен Дастанды заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов­тың «Ақ кеме» спектакліндегі бас кейіпкер – жетім баланың рөліндегі бейнесі арқылы таныдым. Бұл туындыны белгілі режиссер Нұрлан Жұманиязов сахналады. Қойылымда осы балғын кейіпкермен Дастанның жан-дүниесі бірігіп кеткендей көрінді. Жеткіншектің қиялы мен сағынышын, қайғысын актер жүрегімен сезініп, үлкен ізденіспен аша білген. Бұл – оның киелі сахнадағы алғашқы басты рөлі. Толқығаны да, қорыққаны да рас, бірақ бала бейнесін көрермен жадынан ешқашан өшпейтіндей қашады.
Осы туынды Қаллеки ­театрының жұртшылық қызығып көретін қойылымдарының біріне айналды. Оның алғашқы премьерасы 2007 жылы болып, 2008 жылы бас шаһарда өткен республикалық театрлар фестивалінде астаналық қара шаңырақ осы шығармамен қатысып, жетім баланың бейнесі үшін Дастан Әлімов «Үміт» аталымының бас жүлдесін жеңіп алды.
Дастан – Қазақстанның халық әртісі, дарынды азамат Әнуар Боранбаев өмірге келген топырақта туған. Бала жасынан мектептегі драма үйірмесіне қатысып, шағын скетчтерді ойнап, актер болсам деп талпынып жүреді. Орта мектепті бітіргеннен кейін 2002 жылы елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің театр және кино мамандығына оқуға түсіп, Қазақстанның Халық қаһарманы, көрнекті режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің класына қабылданады. Ұлы адам Әзірбайжан аға мен режиссер Нұрлан Жұманиязовтан театр өнерінің қыр-сырын үйренген жас актер 2006 жылы 1 қыркүйекте Қаллеки театрына жұмысқа орналасып, сол күні режиссер Болат Ұзақовтың «Үміт» деген қойылымындағы тышқанның рөлін ойнады. Бұл оның сахнадағы алғашқы рөлі ретінде есінде қалды. Кейін ертегілердің кейіпкерлерін сомдады.
Ол сахнада қосалқы рөлдерді шынайы бедерлейтін актерға айналды. «Театрда үлкен, кіші деген рөл болмайды» дегенді ескерсек, бұл бейнелерді ойнау да оңай емес. Әсіресе, оның жазушы Думан Рамазанның «Абылай ханның арманы» драмасындағы Қытай елшісінің бейнесіне терең бойлай білді. Осы туынды жайында жас театртанушы Мирас Әбілдің: «Қойылымның кейбір сәттерінде халық ойран-топан күлкіге кенеліп, сүйсіне қарап отырғанын байқадық. Ол күлкіні тудырушы Қытай елшісі На-Вангты бейнелеген Дастан Әлімов еді. Оның аласа бойы мен тамаша ойыны. Қытай елшісінің айлакер, қуақы, шеттен тыс ақылдылығын табиғи күлкі тудыра отырып, шынайы суреттеді» деген сөзі ойымызды толықтыра түседі.
Сондай-ақ қабырғалы қаламгер Рахымжан Отарбаевтың «Әміре» спектакліндегі әншінің туған ауылына келіп, ән салған кездегі әке-шешесімен еріп барған пионер баланың ерке қылықтарын керемет көркемдеген бейнесін көрермен жылы қабылдады. Бұған марқұм Рахымжан ағаның өзі де дән риза болыпты. Былтыр Атырау қаласында өткен Р.Отарбаев атындағы III республикалық театр фестивалінде осы рөлі үшін оған қазылар алқасы «Екінші пландағы ең үздік актер» деген аталымның бас жүлдесін берді.
Дастанның соңғы ойнаған рөлдерінің бірі – орыстың жазушы-драматургі Александр Вампиловтың осыдан жарты ғасыр бұрын жазылған «Тұңғыш ұл» пьесасын Қазақстанның халық әртісі, танымал режиссер Талғат Теменов «Ақ жауын» атауы­мен жаңаша сипаттаған қойылымындағы қарияның кенже баласы Уәлиханның бейнесі. Бұл да оның көптің көңілінен шыққан сәтті образдарының бірі.
Театр деген бекзат өнердің айдынында тазалығымен айшықты қолтаңбасын танытып жүрген таланттың алар асуы, шығар биігі әлі алда деп сенеміз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + 2 =