АЙШЫҚТЫ НЫСАНДАР – АСТАНА АЖАРЫ

0 121

Елордада сән-салтанаты келіскен небір айшықты ғимараттар бой көтеріп, ел игілігіне беріліп жатыр. Бұлардың қатары бітім-болмысы бөлек бірегей жобалармен тағы да толыға түспек. Сенбі күні ҚР Премьер-министрі  Серік Ахметов пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов бас шаһардың ажарын айшықтайтын бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарды аралады.

Өнер әлеміндегі озық жоба

Үкімет басшысы Серік Ахметов пен елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов алдымен Классикалық опера және балет театрының құрылысымен танысты.

2010 жылдың наурыз айында басталған құрылыстың нобайын швейцариялық «IT Engineering S.A.» фирмасы әзірлеген.

Бұл нысан пайдалануға берілсе, еліміздің өнер әлеміне үлкен тарту болғалы тұр. Классикалық опера және балет театрының жаңа ғимараты Тұран даңғылының бойында, «Хан шатырдың» қарама – қарсысында орналасқан. Аумағы 8,51 га. Атшаптырым ғимараттың көрермен залына 1250 адам сыяды екен. Бұдан бөлек, 250 орындық камералық музыкаға арналған зал бар.

Ғимарат жобасында 326 көлік қоюға ыңғайланған жерүсті және 92 орынды жерасты автотұрағы қарастырылған.

Төрт ғимараттан тұратын театрдың сәулеттік стилі ерек. Онда қазақтың ұлттық өрнектерінен басқа, грек-рим және  заманауи мәнердегі бояулар көрініс табатын болады. Бұл стильдер бір-бірімен үндесіп, үйлесім табуы басты назарға алынған. Айталық. батыстық үлгідегі залдары конференция, камералық музыка залдарына өткенше  қазақы нақыштағы стильге ауысады.

Жоба авторларының айтуынша, нысанның кіре-берісінен бастап, әр кеңістігі жоғары талғаммен, көркем құрылыммен жасалып жатыр. Яғни,  елорданың опера және балет театры қай жағынан да әлемдік деңгейдегі өнер ордаларымен иық тіресе алады деген сөз.

Күн батареяларын өзіміз өндіреміз

Үкімет басшысы мен Астана әкімінің келесі барып көрген нысаны – фотоэлектр модульдерін құрастыру зауыты болды.

Күн энергетикасы әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан саласы десек, осынау фотоэлектр модульдерді, яғни, күн батареяларын құрастыратын зауыттың мемлекет үшін маңызы айрықша.

Жобаның операторы – «Қазатомөндіріс» ҰАҚ» АҚ-ның еншілес  кәсіпорны «Astsna Solar» ЖШС.

Тұран даңғылы бойында орналасқан нысан 5,0169 га аумақты алып жатыр.Үш қабатты зауыттың жылына 217 мың фотоэлектр модулін өндіріп шығаруға қауқары бар. Олардың қуаттылығы әзір 50 МВт, кейін 100 МВт-қа жетуге мүмкіндігі бар көрінеді.

Елімізде күн энергетикасы технологиясын дамыту, қайта өңделген энергия көздерін шығару бойынша бірегей өндірістік желілер құруды мақсат еткен жоба Қазақстан мен Франция арасындағы индустриялық-инновациялық ынтымақтастық жөніндегі келісімдер шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Бұл келісімге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылдың қазан айында Францияға жасаған сапары кезінде қол қойған еді.

Француздар елімізге тың технологиялар жеткізіп, өндіріске техникалық қолдау көрсетіп отыр. Зауыт қауіпсіздік және экологиялық талаптардың ең жоғарғы деңгейіне  жауап беретін соңғы үлгідегі автоматтандырылған құрылғылармен жабдықталмақ.

Қазір  нысанда  әрлеу – монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Бұйыртса, зауыт биылғы  желтоқсан айында пайдалануға берілмек.

Құрылыс іске қосылғаннан кейін зауыт «Astаna Solar» деген атпен Күн сәулесінен  қуат алып, оны электр энергиясына айналдыратын батареяларды шығарып, оны сатумен айналысады.

Елде жоқ ерек батареялардың жарамдылық мерзімі – 20 жыл, қуаттылығы – 230-270 Вт аралығын құрамақ.

«Мыңжылдықтар аллеясы» – ұлылыққа тағзым ету мекені

Премьер-министр мен қала әкімінің келесі ат басын бұрған нысаны –  елорданың «Мыңжылдық» аллеясы болды.

Мұндағы игерілуге тиіс деп жобаланған  805 га жердің 441,8 га аумағын  инвесторлар қолға алады дейді Астананың бас архитекторы Виталий Силецкий.

«Мыңжылдық» аллеясында тұрғын үй ғимараттарынан бастап, қоғамдық, өндірістік және коммуналдық нысандар орын теппек. Оның жобалық пішіні осьтік және сәуле тәріздес болмақ. Оның әр осьінде монументтер, ескерткіштер, алаңдар мен саябақтар, субұрқақтар орналасады. Сондай-ақ, аллея бойын жағалай қызмет көрсету нысандары жайғасады деп жоспарлаған.

Мұндағы нысандар ұлттық, азиялық және еуропалық нақыштармен безендірілмек. Әр ғимараттың сырты көзге жылы ұшырайтын түстермен боялып, біріккенде, өзінше бір композиция құрамақ.

Аллеяның идеялық мәні – мыңжылдық мұрасы бар түркі әлеміне, қазақ елінің азаттығы үшін күрескен Абылай хан, Бөгенбей батыр сынды ұлы тұлғаларға тағзым етіп, құрмет көрсету.

Бүгінгі таңда аталған аумақта жобалау және құрылыс жұмыстары үшін  41 жер телімі бөлінген, соның ішінде 38-інде жобалау жұмыстары қолға алынса, 7-еуінде құрылыс жұмысы басталып та кеткен.

Қалдық суды қалыпқа келтіреді

Бұдан кейін Үкімет басшысы мен қала әкімі Талдыкөл сарқынды су жинақтау қоймасына келді.

Қазіргі кезде  қаладан шыққан бүкіл қалдық су келіп құйылатын осы қойманы жою үшін арнайы жоба жүзеге асырылып жатыр.

2011-2015 жылдарға арналған жоба құны 61,8 млрд. теңгені құрайды.

Өткен жылы жоспар бойынша  кәріздік тазалау құрылғысы бар инфрақұрылымдық нысан мен тазарған сарқынды суды Есіл өзеніне ағызатын коллектор салынды.

«Астана су арнасының» басшысы Уәлихан Досаевтың айтуынша, қалдық суды тазартатын  аэрекция стансасының  қазіргі  тазарту  қуаты    тәулігіне 136 мың текше метрді құрайды. Сорғы құрылғысы мен механикалық бөлім түгелдей жаңартылғандықтан, энергияны едәуір үнемдеуге мүмкіндік туыпты. Бұрын сағатына 16 мың кВт энергия шығындалса, қазір 13 мың кВт энергия жұмсалады екен.

2013 жылы Талдыкөлге сарқынды судың құйылуын тоқтату және тәулігіне 118 мың текше метр су тазалайтын құрылғының екінші кезеңін салу жоспарланып отыр.

2014 жылы сарқынды су жиналатын аумақты құрғату, тазарту жұмыстары жүргізіліп, 2015 жылы елорда маңындағы Талдыкөл су жинақтау қоймасы толығымен жойылады.

2015 жылы қалдық суды тазалау құрылғысының өнімділігі тәулігіне 254 мың текше метрге жеткізіледі деген жоспар бар.

Тарихи құндылықтар отауы

Келесі жылы елордада Қазақстан тарихы мұражайының жаңа ғимараты пайдалануға беріледі.

Премьер-министр Серік Ахметов пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов бастаған топ аталған нысанның құрылыс жұмыстарымен де танысып шықты.

Мұражай ғимараты Тәуелсіздік даңғылы мен Жұмекен Нәжімеденов көшелерінің қиылысында орналасқан. Жалпы аумағы 9,4 га  жерді, ғимараттың ауданы 73,261 мың шаршы метрді алып жатыр. Жоба бойынша, оның 14,7 мың шаршы метрі – экспозицияға, 5,47 мың шаршы метрі – қор мұрағатына, 2595,4 шаршы метрі зертхана мен қалпына келтіру шеберханаларына тиесілі. Сонымен қатар, ғимаратта 250 орындық мейрамхана, 300 орындық акт залы, 60 орындық конференция залы, 138 кісіге лайықталған кітапхана жұмыс істейтін болады. 500-ге жуық көлік сиятын ашық автотұрағы да бар. Мұражайда 400-дей қызметкер мен Қазақстан тарихы ғылыми-зерттеу институтының 500 маманы жұмыс істейтін болады.

Қазақ халқының ел болып қалыптасуы мен даму кезеңдеріндегі бүкіл құндылықтары сақталатын нысанның жалпы құны 35,4 млрд  теңгені құрап отыр.

 

Жүрдек пойыз жолға шықты

Билік өкілдері сондай-ақ, «Тұлпар-Тальго» жолаушылар вагондарын жасау зауытының жұмысымен де танысып қайтты.

«Мың шақырым жерлерге күн жарымда барғызатын» жүрдек пойыздың халық игілігіне берілгеніне жылға жуық уақыт болып қалды. Индустриалды парк аумағында орналасқан зауыт  келешекте  жылына 150 вагон жасап шығаратын болады. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Асқар Маминнің айтуынша, заманауи технологиялар негізінде жасалатын «Talgo» вагондарының жылдамдығы сағатына 200 шақырымды құрайды.

Зауытта құрастырылған тұңғыш «Тұлпар-Тальго» вагондары осы жылдың шілде айында Алматы-Петропавл бағытынында жолға шықты.  Бұрындары Алматыдан Петропавлға 30 сағат жүріп жететін «Жетісу» пойызы бұл жолы екі араны небәрі 18 сағатта бағындырды.

Ағымдағы  жылдың соңына дейін тағы да отыз  «Тальго» вагоны пайдалануға беріліп, Астана мен Ақтөбе арасында қатынайды.

Ұлттық компания өкілдері 2014 жылға дейін ел аумағында  420 жолаушылар вагоны жүйткитінін айтады. Ал, 2015 жылы мұндай пойыздар Қазақстанның барлық ірі қалаларын байланыстыратын болады.

Зауытты білікті кадрлармен жасақтау мақсатында биыл «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясына қарасты Көліктегі технология орталығы ашылды. Үкімет басшысы мен қала әкімі орталықтың оқу ғимаратын да аралап көрді. Ғимаратта 16 кабинет пен 10 зертхана, әкімшілік корпус, 300 кісілік жатақхана, оқу полигоны орналасқан. Мұнда жылына темір жол саласының 15 мың маманы 89 мамандық бойынша соңғы үлгідегі технологияның қыр-сырын меңгеріп шығады.  Жыл басынан бері орталықта екі мыңнан аса теміржол машинисі, жылжымалы құрамдағы жөндеу слесарьлары мен  механиктер біліктілігін жетілдіріпті.

***

Мемлекеттік маңызы бар нысандарды аралағаннан кейін Премьер-министр Серік Ахметов пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов әкімдікте елорданы  дамыту мәселелеріне арналған мәжіліс өткізді.

Осы жылдың 11 сәуірінде Елбасы Астананы дамытуға байланысты бірқатар міндеттемелер жүктегені белгілі. Мәжілісте Президенттің осы айтқан тапсырмалары қаншалықты орындалып жатқаны кеңінен талқыланды. Бұл туралы елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов баяндама оқып, атқарылған жұмыстарды атап көрсетті.

Алқалы жиында Үкімет басшысы бас шаһардағы әр ғимарат пен оның сапасы Мемлекет басшысының ерекше назарында екендігін айта келіп, Астананың құрылыс қарқыны көңіл көншіткенін жеткізді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + 8 =