Айшықты іздер

0 179

Әңгіме Әділ Дүйсенбек жайында. Белгілі қаламгер. Қаламгер дегенде, оны жіктеп айтқан жөн: алдымен, қарымды журналистігін бірінші кезекке қоймасақ болмайды. Қойғанда да, сол журналистігімен де елдік мәселелерді көтеріп, қоғамға қозғау салған қаламгер. Ал жазушылығына келсек, біреулер іздеп жүріп оқитын кітаптар жазған жазушы. Оған өзіміз куәлік ете аламыз.

adil-aga-3

«Бірге қызметтес екенсіз ғой, Әділ Дүйсенбек ағайдың «Менің Шерағам» кітабын табуға көмектесіңізші» деген өтінішті өзіміз талай естігенбіз. Сол Әдекең жетпістің бесеуіне толып отыр. Шүкіршілік ететін жас. Шүкіршілік дегенде, алдымен Әдекеңнің тындырған ісін айтпақпыз. «Білген соң айтамыз» деген де сөз бар. Бір-бірімізді білгенге де тура жарты ғасыр болыпты. Бір ұжымда еңбек еттік. «Егемен Қазақстан» дейтін қарашаңырақта. Бәлкім, біреуіміз бір-екі жыл бұрын келіп, осы ұжымнан бір-екі жыл зейнеткерлікке ерте не кештеу кеткен шығармыз. Содан да білем деуге хақымыз бардай көрінеді. Екі күнді есепке алмағанда, мен Әдекеңнен тура төрт жас үлкенмін. Сонда Әділді Әдекең деп одан кішіреюдің жөні қандай? Жасымның үлкендігінен де шығар, оның менен қызметі де жоғары бола қойған жоқ. Біраз жолда менің ізіммен жүрді десек те болар. Кезінде мен осы басылымның ауыл шаруашылығы бөлімін басқардым, кейіннен оны Әдекең басқарды. Кезінде әр ұжымда айтарлықтай беделі болған қоғамдық жұмыс – партия ұйымының хатшысы дегенді де Әдекең менен қабылдаған. Сонда оны Әдеке деп көтермелеп атаудың себебіне келсек, сірә, бұл оның адалдығына, жанының тазалығына, турашылдығына, пікір­лерінің бүкпесіздігіне, тіпті кейбір кіршіксіз пенде­лігіне құрмет те шығар. Қашан, қандай жағдайда Әдеке деп атағаным есімде қалмапты. Маған ол етене араласқалы бері Әдеке. Мен ғана емес, талайлар солай атар еді.
Оның өмір жолы, еңбегі кешегі «Социалистік Қазақ­стан» мен бүгінгі «Егемен Қазақ­станмен» ұштасып жатыр. Ал бұл басылымды қазақ баспасөзінің қарашаңырағы деп қабылдайтын оқырман қауым да Әділ Дүйсенбектің журналистік жолымен де таныс болғаны да анық. Университетті бітірген жас жігіт әскерге барып, азаматтық борышын өтеген соң осы газеттен өмір бойы табанын аударған жоқ. Сол тұста мен газеттің Семей облысындағы тілшісі едім. Бір қауым елміз дегендей, сонда тілшілер саны облыстарға сай 19 адам және өз дәстүрі, беделі де бар топ. Арамызда Байжігіт Әбдіразақов, Алтынбек Жолдасбеков, Боранғали Ырзабаев сияқты айтқандарын жұрт тыңдайтын, азулары алты қарыс, орақтілді нарқасқалар бар. Ұжымға жаңа келген, өзімізге қызмет етіп қарсы алған Әділ барлығымызға ұнады. Үлкендер оған батасын берген: «Ұжымға тастай батып, судай сің» деген сөздер айтылған.
Сол тілек, сол бата орындалды деп айту оңай ғой. Ал оның осында бүкіл өмірін өткізіп, тындырған ісін шолып айтудың өзі қиын-ақ. Амалсыз үстірттеу шоласың. Тілші, аға тілші, жауапты хатшының орынбасары, жетекші бөлімдер­дің басшысы – оның қаламынан қаншама дүниелер туды. Тіпті, сүбелі дегендерін атап шығу да қолдан келмес. Өзі басқарған бөлімдерге орай, Республика ғылымы, мектебі, ауыл шаруашылығының көкей­кесті мәселелері жайында қан­шама өткір мақалалар жазды. Жұртшылық назарын аударды дейміз ғой, ал Әдекеңнің кейбір жазғандары Үкіметтің де назарын аударғанын білеміз.
Газеттің алашапқын жұмы­сы­мен көркем шығарма жазуды қатар алып жүрген қаламгерлердің еңбегін де ерлікке бағалағың келеді. Кейде жазушыны газет жұмысының «жеп» қоятыны да бар-ау. Әдекең оған көнбеді. Оның қаламынан туған «Ақ күмбез», «Көкжиек», «Жүрек жылуы» кітаптары елеусіз қалған жоқ. Сонау 60-70-інші жылдарда жазушы Кемел Тоқаев бастаған шытырман оқиғалар өзек болған шығармалар жазуға сұраныс көбейген тұста Әдекең оған «Тергеу әлі біткен жоқ» кітабымен үн қосқаны бар. Оқырмандарын тапты.
Жұртқа Әдекеңді танытқан тағы бір жай бар, ол – оның Шерағаңмен, Шерхан Мұрта­замен араласуы. Шерағаңмен кім араласпаған, кім бірге жүр­меген? Онымен бірге жүруге, оның қасында болуға әркім-ақ құмар. Кірпияздау мінезі бар ағамыз жұрттың бәрін дәл Әділдей өзіне жақындата қойды ма екен дейсің? Екеуінің арасындағы сыйластық, жарас­тық кейін Әдекеңнің қаламынан кітап болып шықты. Әдемі, адами қарым-қатынасты жыр еткен кітап. Жұрт іздеп оқитын кітап. Сол «Менің Шерағам» дейтін кітап кейін жалғасын тапты. Сол кітапты оқығанда да Әдекеңнің азаматтық кейпін танығандай боласың.
Әрине, Әділ Дүйсенбектің шығарма­шылығы, алдымен журналистік қызметі жайлы көбірек айтуға да болар еді-ау. Айтатын жайлар да көп. Бірақ Әдекеңді ерекшелендіретін оның азаматтық келбеті көңі­ліңе кес-кестей береді. Және ол басқаларда кездесе бермейді-ау. Алдымен соны айтқым келеді.
Оның сол азаматтығының басты бір ерекшелігі дегенде, оның бірбеткейлігі, көңіл тұрақтылығы, біреуді жақсы көрсе құлай жақсы көретіндігі десек ләзім-ау. Мен мұны ең алдымен «Егеменге» қатыстыра айтқым келіп отыр. Біреулердің өмірі туралы әңгіме айтсаң, ол жұмыс істеген біраз жердің атын тізесің. Ал Әдекеңде ол жалғыз – «Егемен Қазақстан». Осы қарашаңырақтың ұжымы. Белгілі журналисті, қарымды қаламгерді кезінде жұмысқа шақырған талай жер болды. Әдекең өз қара шаңырағын, бауыр басқан ұжымын қимаған.
Жоғарыда Әдекең жұ­мысқа қанша­лықты беріліп істегенін айттық-ау. Соның бәріне қоса ол «Егеменнің» тарихын зерттеп, шежіресін жасағанына сүйсінесің. Газеттің қанша жылғы тігінділерін ақтарып, ондағы айшықты деген мақа­лалардың тізімін жасап, жа­­рия­лады. Осы ұжымда қаншама жыл бірге жұмыс істеген әріптестері туралы тебірене оқитын мақалалары қаншама! Онда да басқалар елей қоймайтын адамдардың өмірінен қаншама қызық жайлар тауып, азаматтардың еңсесін көтергенін айтсаңшы. Сондай материалдардың басын біріктірген «Қарашаңырақ» кітабы – Әдекеңнің өз ұжымына деген сүйіспеншілігінің көрінісі.
Бірде жұмыс бабына байланысты жиналыс үстінде бір басшымыз асығыстау сөйлеп, Әдекеңе қарата қатқылдау, тіпті намысқа тиетіндей сөз айтып қалғаны. Тосындау сөз отырғандарға жайсыз естілді. Жасым үлкендеу болған соң орнымнан тұрып, менің «Бұл не сөз?» деп қатқылдау сұрақ қоюыма тура келді. Басшымыз да өзінің артықтау кеткенін тез аңғарып, жиналысты доғарып, мені оңаша әңгімеге қалуды өтінді. Сөзіміз оншалықты жараспады, кешірім сұрады. Кешірімді Әділден сұрауды, осындай жиналыс үстінде сұрау жөнінде шарт қойдық. Келісті. Арада біраз уақыт өткенде Әдекең келді, толқулы. Редактордың өзінен кешірім сұрағанын айтты. Тағы бір нәрсе айтпағы бар сияқты. «Не?» деймін ғой. «Мәке, жиналыс үстінде кешірім сұра демей-ақ қояйықшы, басшы ғой, беделін түсірмейік те» дейді. Менің әлі ашуым тарқай қоймаған. Бірақ Әдекеңнің кешірімділігіне келіскенім бар. Кейін сол екі азамат тіл табысып қана қоймай, сыйласып кетті. Бұл да азаматқа жарасатын қасиет.
Бізді табыстырған «Егемен» ғой. Әдекеңнің бойындағы бар жақсылық, дархан көңіл, мәрт мінез сол киелі шаңырақтан жұққандай. Оны одан әсте бөлуге болмайтындай көрінетін. Ол зейнетке шығатын болыпты дегенде, басқадай жерге, тіпті жай тыныш өмірге қалай көндігер екен деген ой келген. Бірақ оған әзірге жай тыныш өмір бұйырмапты. Азаматқа жауап­кершілік жүктеле береді екен. Жасың келіп қалыпты демей, мол тәжірибең керек деп, оны үлкен бір мекеме жұмысқа шақырыпты. Онда абыройлы қызмет атқарып жатқанын естіп, қуандық.
Сол Әдекең жетпістің бесеуі дейтін үлкен белестің биігіне де шығып отыр. Бұл биіктен көп нәрсе көрінеді. Азаматтың жүріп өткен жолындағы айшықты іздер сайрап жатыр. Сөйтсе де адам дейтін пенденің қуанышымен қатар, күйініші де бірге жүреді екен. Осыдан шамалы бұрын сондай жайды Дүйсенбектер отбасы да бастан кешті – өзіміздің көз алдымызда өсіп ержеткен, Дүйсенбектер әулетіне немерелер сыйлап қуантқан, абыройлы азамат қатарына қосылған Айдардың қазасы баршамызды есеңгіреткен. Алматыдағы бірқауым жұрт Астанаға қарай көңілімізді ұшырдық. Ауыртпалықты да азамат көтереді деген бар. Соған жүгінеміз. Азаматтың мерейлі жасы күні оның тындырған ісін, марапат айтар сәтте бұл жайды аттап өте алмаған соң, қосып отырғанымыз ғой бұл. Көңілге демеу – Әдекеңнің немерелері өсіп келеді. Өмір одан әрі жалғасады.
Әдекең, Әділ Дүйсенбек көте­рілген биік еңселі, ол бәсең­де­мейді. Оған азаматтық жол жеткізген.

Мамадияр ЖАҚЫП,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 16 =