Айша бибі аруды біз қалай танимыз?

0 654

Жуырда әнші Ерке Есмаханның «Айша бибі» әні жарық көрді. Нағыз қазақ қызының табиғатына тән нәзік те әсем әннің жарық көргеніне барша жұрт қуанды, тағылымы терең, мазмұны мәнді әнді тыңдап марқайды. Шетелге еліктейміз деп, баршаға жар салған, даңғаза музыка, даңғырлаған дауыс, түсініксіз сөздерден шаршаған тыңдарман осы ән әуезімен құлақ құрышын қандырды. Бәрекелді! Бұл әнде бүгінгі тыңдарманға керектінің бәрі де бар.

Алайда… Әннің бейнебаянын теледидардан алғаш көргенде көрерменнің бірі ретінде менің көңіліме қаяу түсті. Тамаша әннің келбетіне оның бейнебаяны сызат түсіргендей болды. «Өңі сынған қара жердің дидарын қызғалдақтай құлпыртқан», отандық әндер тізімінде биік орын алған әннің бейнебаяны мазмұнына мүлдем қайшы.

Сіз бұл әннің бейнебаянын тамашаладыңыз ба? Әлі көріп үлгермеген оқырман үшін мазмұнын қысқаша баяндап өтейін. Кең-байтақ қазақ жерінде ардақты Айша бибі алыстағы Қарахан батырға, яки сүйіктісіне қарай жүгіреді. Ал ат жетектеген Қарахан батыр жолда тоқтап, өзеннің суымен бетін шаяды. Бейнебаян соңында қос ғашық кездесіп, бірін-бірі құшағына алады. Міне, бұл – жаңа «Айша бибі» әніне түсірілген бейнебаянның қысқаша мазмұны.

Осы сюжеттен менің бар ұққаным – бір-бірін сағынған қос ғашықтардың ақыр соңында кездесуі, қауышуы. Ал, бейнебаяндағы, негізгі кейіпкер – Айша бибі кім, ол қандай адам болған, оның ғашығы кім, екі ғашықтың кездескен сәті шын мәнінде қалай өрбіді? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Қызын ары, мақтанышы, елінің көркі санайтын, қыз қадірін білетін жер бетінде қанша ұлт болса, соның ең бірегейі, текті жұрт – қазақ халқы. Себебі, қазақ үшін ең әуелі, анасы – ардақты, апасы – арайлы, әпкесі – қамқоршысы, қарындасы – қандасы. Қызын қашанда ардақтап, қырық үйден тыйым салып тәрбие берген қазақтың қыздарынан да талай ел аналары шыққаны хақ. Ерлігі ерен Тұмар ана, ел басына күн туғанда етікпенен су кешкен Әлия мен Мәншүк, елі үшін жанын қиған Ләззаттар – тарихта қалған арулар. Ал бар болмысы наз, әдептен жаралған, талай батырдың жүрегіне «жара» салған Қыз Жібек, Баян сұлу сынды арулар, Зере, Ұлжан, Айғаным, Әйгерім сынды аналар – тектілік бейнелері. Міне, осындай бәсі биік тұрған арулардың бірі – Айша бибі.
Аңызға сүйенер болсақ, Айша бибі – Қараханидтер әулетінің негізін қалаушы Қараханның қалыңдығы, ХІ-ХІІ ғасырда өмір сүрген ару. Нақты тарихи деректер болмағандықтан, біз Айша бибінің әкесі кім екенін анықтай алмай келеміз. Ел аузындағы аңызға сүйенсек, Айша бибінің әкесінің аты – Айғожа, ал кейде хас аруды халық сиыр малының атасы Зеңгі бабаның қызы дейді. Киелі Түркістан жерінде танысып, табысқан ғашықтар хикаясы да қызықты. Бір-бірімен сөз байласқан ғашықтар үйленуге бел буады. Уәделі уақыт таяғанда еліне жау шапқан Қарахан батыр Айша бибіні алып кетуге келе алмай қалады. Осындай қиын сәтте жерін жаудан қорғап, жанталасқан батырдың жағдайын білу үшін жанына қырық қызды ертіп, Айша бибі батырдың туған жеріне аттанған екен. Шаһардың шаңырағы алыстан көрінген кезде, Айша ару өзен суына шомылып алуды қалайды. Тағдырдың жазғаны болса керек, асау Аса өзеніне шомылған аруды улы жылан шағып алады. Мұны естіген Қарахан батыр жан ұшырып келген кезде Айша бибі хал үстінде жатқан екен. Өлім мен өмір арасында арпалысқан аруды ардақтаған Қарахан батыр екеуінің некесін қиғызған. Хан мен қайтыс болып кеткен қыздың некеге тұруы – бұған дейін де, бұдан кейін де тарихта кездеспеген жайт екен.
Міне, аңыз осылай дейді. Ал бейнебаянда қайдан келе жатқаны, не үшін келе жатқаны белгісіз Айша бибі әйтеуір жүгірумен әуреге түсіп жүр. Мен, тіпті, осы бейнебаянға қарап, мүмкін, бұл басқа Айша бибі туралы шығар деп ойладым. Бірақ, бұл басқа, аңыздағы емес, басқа бір қазақ қызының тағдыры туралы түсірілген бейнебаян болса да, оған айтар назым бар. Қазақ қыздарының бір ғана бұрымына, шашбауына байланысты талай өлең-жырлар, теңеулер туды емес пе? Бұл бейнебаяндағы қыз қою шашын жайып жіберіп, жерде отырғаны несі? Аяғына етік, үстіне қазақ қызы ашаршылық заманда да кимеген көйлекті кигізіп қойыпты. Әлде, біздің ел мәдениеттен жұрдай ма еді? Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек, сыңғырлаған күміс әшекейлер қайда? Ал Қарахан ше? Тіпті, Қарахан батыр емес, қарапайым қазақ жігіті болса да, оның да киімінің жағдайы мүшкіл. Тура бір жер астына түсіп, шахтада жұмыс істеп шыққандай әсер қалдырады. Одан қалса, мақтанарлықтай кең-байтақ даламыз, табиғатымыз бар. Әттең, бейнебаянда, тіпті, оны да көрсете алмадық.

Қазақ тарихында Айшалар көп, бірақ басқа Айша бибі жоқ қой? Бұл әнді естіген кез келген адам бірден тарихта қалған Айша бибіні еске алады. Әттең, қолда барды көрсете алмаймыз. Айша бибі ескерткіші жер бетінен жоғалып кеткен жоқ қой. Кесене ғасырлар бойы әр тасы тарихтан сыр шерткен Тараз қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан. Махаббат символына айналған, Қарахан салғызған Айша бибі кесенесіне бүгінде әрбір шаңырақ көтерген қала тұрғындары келіп тағзым етеді, ғашықтар рухына құран бағыштайды. Бір перзентке зар болған аналар келіп, зиярат етеді. Бейнебаянға осы киелі жерден бір кадр түсіру «күнә» болатын ба еді? Әлде соған соншалықты қаражат керек пе?

«Кезінде шындықты айта алмаймыз, кеңестік режим шырмады» дедік. Расымен де, жиырма-ақ жыл бұрын жағдайымыз солай еді. Ал енді шындықты шегіне жеткізе айта, көрсете алмағанымызға кім кінәлі? Тіпті, әлемнің әр еліне әмірін жүргізсе де, кеңес одағы біздің қазақтың жүрегіне әмір ете алмады емес пе? Сыртымыздан атеист болсақ та, жүректе иман болды, сыртымыздан орыс болсақ та, өз дәстүрімізді өлтірмедік. Бодан емес, бүгінгі бостан күнде бізге кедергі болып отырған сол күшігімізде таланғанымыз ба? «Борат» сынды фильм түсіріп, сайқымазаққа бізді тағы да айналдырмас үшін «күн райын баққан бақташыдай» сақ болудың орнына, өз шылбырымызға өзіміз шалынып жатырмыз. Соқыр қазақ алыста, саз далада арба сүйреп жүретін, төбе құйқаны шымырлатқан кинолардан құтылдық деп жар салып жүргенде, бірнеше минуттық қана бейнебаяндардың жарға жығып жатқаны несі?!.

Сымбат МОЛДАТАЙ,
Л. Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті
журналистика және саясаттану
факультетінің 3-курс студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − 4 =