Айша БЕСТАЕВА: «Бізде мейірбикелер де қабылдау жүргізеді»

0 110

Астана қаласындағы «Демеу» отбасы оқу-тәжірибелік­ медициналық көмек көрсету орталығы бас дәрігерінің орынбасары оқырман  сұрақтарына жауап берді.
Серік АЙДАРБЕКҰЛЫ: 

– Қазір Астанада емхананы таңдау бойынша тіркеу науқаны жүріп жатыр дегенді естідік. Ол қай уақытқа дейін жалғасады?

– 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілген болатын. Соның аясында үстіміздегі жылдың 15 қыркүйегінен бастап тұрғындардың медициналық ұйымды еркін таңдауына мүмкіндік жасалып отыр. Алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем көрсететін ұйым­дар­ға тіркеу науқаны 15 қара­шаға дейін жүргізіледі. Осыған орай,­ Қазақ­стан Республикасының «Халық ден­сау­лығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 88-бабына сәйкес, қаланың әрбір тұрғыны қалауы бойынша ұнаған емха­на­сында немесе алғашқы меди­ци­на­лық- санитарлық жәрдем (АМСЖ) орталығында тіркелуге құқылы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 қарашадағы «Бастапқы медициналық-сани­тар­лық көмек көрсету тәртібін бекіту туралы» №1263 қаулысын негізге ала отырып, өз еркіңізбен емха­наға тіркелгеннен кейін сіз сол меке­менің қызметіне жүгінетін боласыз. Бұл жерде учаскелік терапевтер, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, фельдшерлер, акушерлер мен мейірбикелер сізге медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Біздің елде әрбір азамат Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2136 қаулысымен бекітілген тегін медициналық көмек­тің­ кепілдік берілген көлемінің тізбе­сіне сәйкес өзі тіркелген емханада медициналық көмекті тегін ала алады.

Айгүл САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ:

– «Демеу» отбасылық ден­сау­лық орталығында қан­дай әлеуметтік қызметтер көр­се­тіледі?

– Біздің орталықта тұрғындарға әлеуметтік маңызды аурулар мәсе­лесі бойынша жеке кеңес беру, яғни профилактикалық араласу, әңгіме немесе ұсынымдар, денсаулық мек­теп­тері, пациент өмірінің әлеу­мет­тік әр алуан қырлары бойынша пси­хо­әлеу­меттік кеңестер, мінез-құлық желісін өзгерту бойынша түзету және т.б. қызмет түрлері көрсетіледі. Бұларды жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасының 2008 жылғы «Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы» Заңын және басқа да нормативтік құжаттарды бас­шы­лыққа аламыз.
Сондай-ақ, орталығымызда ден­сау­лық мектептері бар. Онда біздің мамандар әртүрлі топтар бойынша тренингтер ұйымдастырып отырады. Тіпті, қажет болған жағдайларда кейбір аурулардың үйіне барып, олардың тұрмысымен, әлеуметтік жағдайларымен танысудың мүм­кін­дік­тері де қарастырылған.
Біз күн сайын таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 18.00-ге дейін тұр­ғын­дарға әлеуметтік қызмет көрсе­те­міз. Ал, күндізгі сағат 14.00 мен 15.00 аралығында түскі үзіліс. Орта­лық­тағы денсаулық мектептері кесте бойынша күн сайын жұмыс істейді.

Марал БЕЙБІТҚЫЗЫ:

 – Сіздің мекемеде түрлі аурулардың алдын алуға бағытталған екпелер жасала ма? Оларды алу үшін орталыққа қай күндері барғаным дұрыс?

– Иә, ондай екпелер біздің орталықта аптаның бес күнінде жасалады. Мәселен, дүйсенбі күні – БЦЖ, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері – басқа барлық профилактикалық екпелерді алуыңызға болады. Ал, Манту сынамасын жасату үшін жұма күні келгеніңіз жөн.

Салтанат ҚАЙЫРЖАНҚЫЗЫ: 

– Астанаға басқа қаладан көшіп келіп едік. Үш жасар балам бар. Сіздің орталықта кішкентай бала­лар­ға тегін дәрі-дәрмектер беріле ме ?

– Алдымен сіз біздің орта­лық­қа келіп, тіркелуіңіз керек. Ол үшін бұған дейін қаралған емдеу меке­­ме­­сі­­нен тіркеуден шық­қа­ны­ңыз жөнінде талон алыңыз. Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Денсаулық сақ­тау­ минис­тр­лі­гінің 2011 жылғы 4 қара­ша­дағы №786 бұйрығына сәйкес орталығымызда тіркеуде тұрған бес жасқа дейінгі, ал диспан­сер­лік есепте тұрған 18 жасқа дейін­гі­ балаларға дәрі-дәр­мек­тер тегін беріледі.

Алтын БАЛАБАЕВА:

– Сіздің орталық қаладағы басқа емханаларға мүлде ұқсамайды. Неге?

– Иә, өзіңіз байқағандай, біздің орталықта басқа емханалардағыдай нефролог, уролог, гинеколог және басқа да мамандар жоқ. Мұнда тек отбасылық дәрігерлер және мейірбикелер ғана қабылдау жүргізеді. Олар бірнеше бағытта жұмыс істейді, сондықтан да біздегі маман дәрігерлер отбасының барлық мүшелерін түгел тексереді. Демек, отбасылық немесе жалпы тәжірибелі дәрігерлер балаларды да, ересек адамдарды да, яғни отбасы мүшелерін тегіс қарайды. Бұл отбасы мүшелеріне де, дәрігерге де өте ыңғайлы. Өйткені, басқа емханаларда балаларды педиатр, үлкен­дер­ді терапевт қараса, жалпы тәжіри­бе­лі дәрігер отбасына барған кезде олар­дың барлығына бірдей меди­ци­на­лық көмек көрсетеді. Осы арқылы біз отбасы мүшелерінің тұрмыс жағдайын, әлеуметтік ахуалын біліп қана қоймай, оларға психологиялық, әлеуметтік көмек көрсету үшін нені басымдыққа алу керектігін, жалпы аурудың қалай қарай бет алып бара жатқанын қадағалап, бақылап отырамыз. Дегенмен, біздің орталықтың қаладағы басқа емханалармен ұқсас жақтары да жоқ емес. Мысалы, бізде де тұрғындарға алғашқы медициналық көмектің барлық түрі көрсетіледі.
Сонымен қатар «Демеу» медици­на­лық көмек көрсету орталы­ғында мейірбикелер басқа емхана­лар­да­ғы­дай дәрігермен бірге отырмайды. Бізде медициналық бикелер өз бетімен қабылдау жүргізеді. Яғни, жеке науқастың әрі халықтың денсаулығына байланысты көптеген мәселелерді мейірбике өз бетімен шеше алады. Бұл дәрігер мен пациенттің уақытын үнемдейді, отбасылық дәрігер қабылдауының құпиялылығы сақталады. Осы арқылы мейірбикелердің кәсіби жағынан талдау және клиникалық ойлау қабілеттері дамиды. Шетелде мейірбике дербес мамандық болып есептеледі және олар жеке қабылдау жүргізеді.

Майра КӨКЕНОВА: 

– Жеткіншек қызым бар. Соңғы кезде ашуланшақ, кей­де тіпті тұйық боп бара жат­қандай көрінеді, ескерт­пе­ле­ріме құлақ аспайды. Психологтың көмегіне жүгі­нуім керек пе?

– Орталығымызда психо­ло­гия­лық­ қызмет мамандары жұмыс істейді. Сіз солармен хабарласып көрі­ңіз. Егер біз­дің орталықта тір­кел­ген бол­са­ңыз, телефон арқы­лы­ қабыл­дау­ға жазылып, психолог маман­ның­ кеңе­сін тегін ала аласыз. Ол үшін­ 27-45-15 телефо­ны­на хабар­­­ласып, маманның қабыл­­да­уы­­на жазылыңыз немесе өз отбасылық дәрігеріңіз арқылы хабар­ла­сы­ңыз. Ал, егер біздің орта­лық­қа­ тір­кел­ме­ген болсаңыз, сізге тек ақылы негізде ғана қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ, біздің орталықта «Ер мен әйел», «Баланы қалай тәрбиелеу керек?», «Өзіңе-өзің сенімді болып, мақсаттарға жетудің жолдары» сияқты көп­те­ген ақылы психологиялық тренингтер өткізіліп тұрады. Жалпы, онға толмаған балаларға ата-ана рұқсатынсыз психолог кеңес бере алмайды. Ал, он үш жастан асқан жеткіншектер психологқа өздігінен жүгіне алады.

Сайлау МЕЙІРБЕК:

– Осы отбасылық дәрігер неме­се­ соңғы кезде жиі айтылып жүр­ген­ жалпы тәжірибелі дәрігер деген кім?

– Отбасылық дәрігер неме­се жалпы тәжі­ри­­белі дәрігер – бұл ден­сау­­лық сақтау саласының алғаш­қы­ бас­пал­­да­­ғын­дағы маман,­ ол адам дер­тін кешенді қарап, терең­де жатқан себе­бін түсінуге тырысады. Яғни, отбасылық дәрігер отба­сы­лық ерекшеліктерді, тұқым қуалау факторын, тегін, әлеуметтік жағдайын зерде­лей­ді және балалар мен ере­сек­тер­ді байқау бойынша клиникалық білімге ие.

 

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − seven =