АЙНАЛАМЫЗДЫ АНАМЫЗДАЙ АЯЛАЙЫҚ

0 677

Бүгінгі таңда экологтар мен экологиялық бірлестіктер мүшелерінің ғана емес, сонымен қатар табиғатты жан-тәнімен жақсы көретін, туған жерінің таза ауасы мен көк шалғынын қадірлейтін, қоршаған ортаны жақсартудың қамын ойлайтын барша халықтың өміріндегі ерекше оқиғаны атап өтудеміз.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жол­дауында қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету және экологиялық қауіпсіздікті халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мәселелеріне басымдық берілгендігі баршаға мәлім. Әсіресе, әлеуметтік саланы жетілдірудегі болашақтағы негізгі бағыттардың бірі – осы қоршаған ортаны күтіп, баптау, ластамау аса маңызды адамзаттық парыз болып қала бермек.

2007 жылы халықаралық актілерге, жаңа стандарттарға сай біздің экологиялық заңнаманы үйлестіріп, мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге бағытталған Экологиялық кодекс қабылданған еді. Дүниежүзілік қоршаған ор­таны қорғау күні – қоршаған ортаны қорғау бойынша БҰҰ-ның бағдарламасының аясында өткізілетін, халықаралық табиғатты қорғау акциясы. Жыл сайын 5 маусым күні әлемдік бірлестіктер қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше көңіл аударады және жер шарының әр түкпірінде – «Жердегі өмір үшін» ұранымен жаппай экологиялық іс-шаралар өткізіледі.

Осы табиғатты аялау мерекесі кезінде экологиялық акциялар­ды, сенбіліктерді өткізу дәстүрге айналған. Олардың да өз алдына қойған мақсаты мен міндеттері болады. Мысалы, өзіміздің елор­да шегінде бірқатар тазалық ша­ралары жоспарланған. Мәселен, Есіл өзенінің және оған құятын сағалардың жағалауларын тұрмыстық және өндірістік қал-дықтардан тазарту, жастардың және қала тұрғындарының экологиялық ойлау танымын қалыптастыру, табиғатты аялауды насихаттау.

Атап өткенімдей, биылғы жылы да 5 маусым күні Ақбұлақ пен Сарыбұлақ арналарының маңындағы аумақтарды санитарлық тазарту және абаттандыру бойынша «Таза жағалау» экологиялық акция-сы жүргізіледі. Ол туралы ақпарат құралдарында алдын ала жарияла­нымдар, хабарламалар жасалды.

Қаламыздағы ең лас аумақтың бірі – қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны болып табылады. Осы полигонды және «жасыл бел­деу» атанған қала сыртындағы орман желектері бар аумақтарды қоқыс үйінділерінен тазалау экологиялық акциясына «Эколо­гия» мамандығы бойынша оқитын студенттер мен коммуналдық қызмет жұмысшыларын жұмылдыру көзделіп отыр. Осы акцияға Табиғи ресурстар және табиғат пайдала­нуды реттеу басқармасы бастаған, Есіл экология департаменті, Алма­ты мен Сарыарқа аудандарының әкімдіктері, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері атса­лысады.

Мереке күні «Астана көгалдандыру» АҚ көмегімен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай қаланың белгіленген ау­дандарында ағаштар отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 29 мамыры мен 2 маусымы аралығында «Өндірістің экологиялық қауіпсіздігі. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы инновациялық технологиялар» тақырыбында Қазақстан Республикасының экологтарына арналған оқыту семинары өткізілді. Семинар барысында эколог­тарды толғандыратын маңызды мәселелер талқыланып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті тақырыптар көтерілді.

Осы семинарда «Тұрақты даму және аймақ өмірінің экологиялық таза, заманауи ортасын қалыптастыру тақырыбында лекция оқыдым. Аста­на қаласының қалдықтарды қайта өңдеу қалалық кешенін таныстыру жұмыстарын жүргіздім.

«Қоршаған ортаны қорғау саласындағы экологиялық сараптама және рұқсат беру жүйелерінің жаңа жолдары» тақырыбында аталған басқарманың Экологиялық сарап­тама және табиғат пайдалануды реттеу бөлімінің бас маманы Жұлдыз Сасанова лекция оқып, Экологиялық кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты талқылау жүргізді.

Осы семинардың ерекше қонағы Фолькмар Ассманн «Қоршаған ортаны (топырақ, су, ауа) лас-тау компоненттерінің деңгейін бағалау әдістері» және «Ластанған топырақты тазарту және қалпына келтіру инновациялық технологи­ялары» тақырыптарында қызықты лекцияларын оқыды.

Табиғатты аялау – адамзаттың басты парызы. Табиғаттың тазалығы тек мерекелермен өлшенбесе керек-ті. Әсіресе, егер ол әр адамның өзінің туған қаласы, оның көшелері мен саябақтарын ластамағаны дұрыс. Оларға ұқыпты қарау, таза ұстау әр адамның өзінен басталуы шарт. Осыны ешқашан ұмытпаған жөн.

 

Мұрат ІРГЕБАЕВ,
Астана қаласының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы,
экономика ғылымының кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 2 =