Айналайын ақ әжем

0 92

«…Қариялар азайып бара жатыр» деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, уақыт өткен сайын көне көздеріміздің қатары сиреп барады. Асыл әжеміз, әкеміздің анасы Тарбағатай ауданы Сәтбаев ауылдық округіне қарасты Сұлутал елді мекенінің тұрғыны болған Бәраш Бекбаева анамыздың да келмеске кеткеніне қырық күннің жүзі болды.

Бәраш Төлеуханқызы 1941 жылы 27 қыркүйекте дүниеге келген. Бір әкеден тараған 16 баланың екіншісі. Туған анасынан ерте айырылған. (Күшән) әпкесі мен (Бақан), Сайра, (Майра), (Болат), Серікбол, Қарықбол іні-сіңлілерін дүниеге әкелген Өсекен әжей қайтыс болған соң Төлеухан ата екінші рет Зипа әжеймен отбасын құрған. Зипа әжей Нұркамал, Гүлбаран, Ербол, Бақытгүл, Зәйра, Қанат, Кукә, Есбол есімді 8 балаға өмір сыйлаған.
Соңынан ерген бауырлары мен сіңлілеріне бас-көз болған бойжеткен Бәраш кәмелеттік жастан асқан соң Тұрдаш Кәкішұлына тұрмысқа шыққан. Тұрдаш атам да әке-шешеден ерте айырылған. Жас отбасы алғашқыда атамның ағасы марқұм Мұқан атаның шаңырағын паналаған. Тұңғыш қыздары Мейірбану апай дүниеге келген екен. Кейіннен Мұқан ата мен Аня әжей інісі мен келінін бөлек отау қылып шығарыпты.
Бәраш Төлеуханқызы – 10 құрсақ көтерген көпбалалы батыр ана. Оның екеуі кішкентай кездерінде шетінеп кеткен. Сіңлісі Майраны (Нәнәм) өзінің тұңғыш қызындай бауырына басқан. Нәнәм да жетімдікті әсте сезінбей өсіп, Бәраш әпкесінің балаларына, кейіннен немерелеріне қарап, бір өзі бір балабақшаның міндетін атқарды десем артық айтқандық болмас. Айта кету керек, маған да мектепке дейін хат танытқан сол Нәнәм еді.
Содан бар қиындық артта қалып, балалардың қызығын енді көреміз деп жүргенде қапияда жұбайынан айырылған Бәраш анамыз небәрі 35 жасында сегіз баламен қалады. Балаларының алды 13-15-те болса, арты жасқа да толмаған. Жастайынан жесір атанып, қайғы жұтса да, бұрынғысынан да мықты бола түсіп, сегіз баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, мәпелеп өсіреді. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, сегізінен 20-дан аса немере, 10-нан аса шөбере сүйді. Атам қайтыс болғанда 13-те ғана болған әкем Талғат та жастайынан анасы мен артындағы іні-қарындастарына қамқор болып, оларға әке орнын жоқтатпауға тырысып, әлі де әулеттің ақылшысы болып келеді.
Бәраш әжеміз ауыл-аймақ, ағайын-туыс арасында ерекше сый-құрметке ие болды. Бірде-бір адамның оның есімін атағанын естіген емеспін. Аға буынның арасында көз көрген таныс-біліс адамның барлығы оны «Бәбә» деп атайтын. Қаншама ауыртпалықты қасқайып, қаймықпай көтеріп жүрген жанның бірі еді, жарықтық. Көзімді ашқалы ол кісінің денсаулығының темірдей мықты болғанын көрген жоқпын. Мен ес білгелі қос тізесі бастырмай, ақсаңдап жүретін. Бірақ сонда да таяққа сүйенгенін мүлде байқамадым. Басқа ұсақ-түйек ауру-сырқауларды айтпағанда, бірдеңені уайымдаса, қан қысымы көтеріліп тұратын. Арагідік ауруханада ем алатын. Ол кісілердің сүйегі асыл ғой, бұл жолы да ауруханадан әдеттегідей сауығып шығады деп ойлағанмын.
10 қазан, сенбі күні апамның көңілін сұрап, телефон шалдым.
«Бәріңнің беттеріңнен сүйдім. Аман болыңдар!» деді.
Оның осылай қоштасып тұрғанын ол кезде кім білген?! Араға күн салып қайта хабарласқанымда, тұтқаны Көкем көтеріп, суық хабарды жеткізді. Осылайша, 80 жасқа қараған шағында асыл әжеміз дүниеден өтті. 44 жылдан кейін жұбайының соңынан кетті. Осыншама уақыт өтсе де, Құдайдың қалауымен Тұрдаш атамның зиратының тура жанынан топырақ бұйырды. Марқұмдардың топырақтары торқа, жандары жәннатта болсын! Артындағы ұрпақтарына Алла амандық берсін! Әжеміздің жарқын бейнесі жадымызда мәңгілік сақталады.
P/S: Бәраш Төлеуханқызының 40 күндік асы 20 қараша күні ШҚО Тарбағатай ауданы Сәтбаев ауылдық округіне қарасты Сұлутал елді мекеніндегі Кәкішевтер әулетінің қара шаңырағында беріледі.

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − five =