АЙМАҚТАРДАН АҒЫЛДЫ ӘН МЕНЕН ЖЫР…

0 169

наурыз

Жылдағы дәстүр бойынша Астанадағы биылғы Наурыз тойына еліміздің өңірлері белсенді атсалысты. Атап айтқанда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Атырау, Жамбыл және Алматы облыстарынан келген 360-тан аса өнер майталмандары ән мен жырдан шашу шашты.

Алматы ауданы - БуркитшиӘз Наурыз тойында «Қазақ елі» алаңында қырыққа жуық киіз үй тігілді. Аймақтардан келген делегаттар өздері тіккен киіз үйдің ішін сәнге бөлеп, ұлттық бұйымдардың көрмесін ұйымдастырды. Келген қонақтарға домбырамен ән шырқап, қазақы қонақжайлылықпен ақ дастарқан жайды.

Алматы облысынан келген бүркіт­ші Айбек Өтеген бірнеше жылдан бері саятшылықпен айналысады екен.

– Мынау – «Байқоңыр» есімді бүркіт, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Жетісу жеріне кеңінен танымал. Астана төрінде болып жатқан айтулы тойға қатысып, өз өнерімізді ортаға салдық. Өңір­ден келген танымал өнер адамдары­ алаңдағы шараларда мереке көрігін қыздыруда. Біздің киіз үйдің ішінде қазақтың жеті қазы­насы бар. Ер азаматқа тән бар­лық қажетті бұйымдар кәсіби шебер­лер­дің қолынан шыққан, – дейді Айбек Өтеген.

УЫЗ ЛЕБІЗ

Қуаныш СҰЛТАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Наурыз – рухани мейрам. Кезінде түрлі жаңсақ көзқараспен дұрыс түсінбедік. Ежелден келе жатқан, алтын бастауын өткен ғасырлардан алатын айрықша мейрам бертінде қайтадан тамыр жайып, жаңа өмірімізбен үйлесті. Күн мен түннің теңелетін мерзімі – уақыт жағынан алғанда жылдың басы. Жыл бойы адам қарбаласта жүреді. Кездесе алмай, келісе алмай жүргендер наурыз айында бір-біріне ақ жүрегін ашады, ықыласын айтады. Жаңару мейрамы елді бірлікке, ынтымаққа шақырады. 

Бас алаңдағы айтулы шараға Атырау өңірінен жиырмаға жуық адам келген. Делегацияның құрамында Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері бар. Келген қонақтардың басым бөлігі Атыраудың ақ дастарханынан дәм татып, емін-еркін көже ішуде. Құр­ман­­ғазы аудандық фольклорлық ансам­блі­­нің өнерпаздары Наурыз­ тойы­на қызықты бағдарлама ұсынды.

– Елбасы киіз үйімізге аз-кем аялдады. Атыраулықтарға ыстық сәлемін жолдап, ақжарма тілегін білдірді, – дейді аталмыш музей директоры, мәдениет саласының үздігі Серік Мұхамбетов. Оның айтуынша, әкелінген бұйымдардың ішінен Жәңгір ханның әйелі Фатима киген қамзолдың көшірмесі жұрттың ерекше назарына іліккен. Бұдан бөлек, сүйектен жасалған бұйымдар, киіз үй жасаулары мен ұлттық қолөнер туындылары көрменің сәнін келтіріп тұр.

УЫЗ ЛЕБІЗ

Жұмағат АЛПЫСБАЙҰЛЫ, зейнеткер:­

– Шығыс халықтарына ортақ мейрам Наурыз – бірліктің мерекесі.

Қыстың көбесі сөгіліп, тіршілік атаулыға жан бітіп, табиғат-ана жаңаратын уақыт. Бұл күні әрбіріміз өткен жылғы өкпемізді ұмытып, татулықты дәріптегеніміз жөн. Жастар үлкендердің ақ батасын алып, халық қыстың қыспағынан құтылып, арқа-басымыз кеңейетін осынау мейрамда­ елімізде тек тыныштық салтанат құрсын деп тілейік. Елбасымыз­ аман болсын!

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақ­стан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола және Павлодар облыстарынан келген шеберлер де өздерінің бірегей туындыларын ұсынды. Мұн­да­ ағаш­тан, керамикадан жасал­ған зергерлік бұйымдарды, музы­ка­лық аспаптарды, картиналар мен киімдерді, сырмақ пен текеметті, басқа да қолөнер туындыларын көруге болады.

Іс-шараға жеті облыстың өңдеуші кәсіпорындары да қатысты. Арнайы тігілген ақ шатырларда кәсіп­орын­дар өздері шығаратын өнімдерден дәм ұсынды. Мерекеге барлығы 100 өңдеуші кәсіпорын қатысса, 150 тоннадан астам өнім өндірушінің бағасымен сатылды. Қоғамдық тамақтану орындарында мерекелік сауда ұйымдастырылып, «Қазақ елі» монументі алаңы қызықты мәдени шаралардың оша­ғы­на айналды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + 20 =