Аймақтар тартуы — астанаға

0 98

Қазақтың кіндік қаласындағы Наурыз тойына еліміздің бірнеше аймақтарынан арнайы делегация келеді. Олар астаналық ағайынды әсем ән мен тәтті күйге бөлеп қана қоймай, өздерінде шығарылатын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қолөнер өнімдерінің жәрмеңкесін өткізеді.

Елордамыз әдемі күйге енуде

Ұлыстың ұлы күнін қарсы алуға биылғы дайын­дық төтенше жоғары деңгейде екенін Астана көше­ле­рінің ажарынан танисың. Қаланы мереке­лік безендіруді бұл жолы аудандық әкімдіктер «AdvArt»  сыртқы жарнама агенттігіне тапсырған.

– Қаланың орталық кө­ше­лерінде 28 бильборд, 72 пилон, 25 ротонда, 10 экструдер мерекелік нақышта безендірілді. «Қазақ елі», «Бәйтерек» монументі сияқ­­­ты маңызды алаңдарға түр­лі-түсті жалаулар ілінеді, ал «Арай», «Жерұйық» саябақ­­­та­ры­ның алдында көк­тем­гі табиғаттың жаң­ғы­руын айшықтайтын жалаулы пан­нолар қойыл­мақ. Оған түрлі формада деко­ративті жа­рық эле­мент­­терімен безен­дірілген кө­шедегі шамдарды, ша­ғын гүлзарлар мен тал-терек­­терді, көпірлерді, су­­­бұр­­­қақ­тарды қосыңыз. Үш жерде – Оқу­шылар сарайы­ның алдында, Түр­кіс­тан жә­не Достық көше­лерінің қиы­лысында, «Керуен» СОО маңайында «Ауыл» композициясы орнатылды. Қаланың көлік нөпірі көп  15 күрежолына және 4 көпіріне құттықтау сөзі бар, жарықпен безен­дірілген аркалар жаса­лын­ды және кісі ая­ғы көп жү­ре­тін көше қиылыс­тарына қыз­ғалдақ, төрт түлік сияқ­ты нау­рыз нышандарын бей­нелей­тін шағын архи­тек­ту­ралық фор­малар қойыл­ды, – деп ха­бар­лайды атал­мыш жар­на­­ма­лық-өн­дірістік ком­па­ния­­ның директоры Ян Викторович.

Жалт-жұлт жарық шоуы

Биылғы Наурыз мейрамы Астана тұрғындары мен қонақтары үшін қаланы  ерекше сән-салтанатқа бөлейтін жарық-шашу шоуымен басталатын болып отыр.  Бұл көріністі жарықтандыру саласының әлемге әйгілі дизайнері Курт Вермюлен Астана қаласы әкімдігінің шақыруымен келіп көрсетпекші. Жарық шоуы 2013 жылдың 20 наурызында сағат 21.00-де елордамыздың әдемі жерлерінде көрсетілмекші.

Әдемілігі жағынан таңға­жайып бұл көрініс көрер­мен­­дерді айрықша әсерге бө­­лей­тіні сөзсіз. Дизайнер­­­дің жарық берудегі өзіндік шығарма­шылық қабыл­дауы, сәулеттік жобаларға қатысты эмоцио­нал­­дық жә­не иннова­циялық көз­қарас­­­­та­ры, сон­дай-ақ, праг­матикалық, перфекционистік және тех­ни­­ка­­лық білімін көркем­дік әдіс­те пайдалануы мен ав­тордың ой-қия­лы­ның жемісі осындай керемет өнер жа­сау­ға мүмкіндік береді.

Жарық шоуы – Наурыз мейрамы мерекесіне арнал­ған салтанатты іс-шаралар­дың өзіндік бір бастауы. Биылғы жылы Астана қала­сы­ның 15 жыл­дығы қарса­ңында, қала­мызда шығыс Жаңа жылын ойдағыдай тойлау үшін рес­пуб­ликаның бар­лық аймақ­тарынан делегация­лар келеді. Қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, халықтық көпшілік серуенге бүкіл қала тұрғындарының қатысуын қамтиды.

Сонымен, ертең кешке қарай Астанада жарық-шашу думаны басталып, жұртшы­лық­ты Наурыз мейрамының қызығына шақыратын болады. Әдемілігі жағынан таң­ға­жайып бұл көрініс ас­таналықтар мен елорда қо­нақ­­та­рын айрықша әсерге бөлей­тіні сөз­сіз. Олай болса, көше­ге шы­ғып, керемет көріністі тамашалайық, ағайын, демекпіз.

Аймақтар жәрмеңкесіне асығыңыздар!

Ұлыстың ұлы күні жақындаған са-йын Астанада мерекеге дайындық жұмыстары қыза түсуде.

Кеше қалалық әкімдік мерекелік шараны тойлауға қатысты маңызды мәлімет тарат­ты. Наурыз тойының ең ауқымды бағдарла­масы «Қазақ елі» монументі алдын­дағы алаң­да өтпекші. Бұл шараның ерекшелігі Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қызыл­орда, Алматы облыстарынан және басқа өңірлерден келген кәсіп­орындар өз өнімдерін сатылымға шығаратын болады. Сондай-ақ, облыстардан кел­ген өкілтоп арнайы шатыр тігіп, онда ас­та­на­лық­тарға арнап дас­тарқан жаюды да жос­пар­лап отыр.

Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының хабарлауынша, жүзден астам өнеркәсіп орындары қатысатын бұл шарада 150 тоннадай өнім сатылымға шығарылмақшы. Атап айтқанда, жәрмеңкеге 3 тонна ет өнімдері, 22 тонна шұжық, 20 тонна сүт өнімдері, 15 тонна күнбағыс майы, 1 жарым тонна жұмыртқа, жарты тонна саңырауқұлақ, 15 тоннадай нан және кондитер өнімдері, 3 тонна кәмпит, 3 тонна тосап, 1жарым тоннадай қияр, 3 тонна қымыз, 1 тонна шұбат, 2 тонна бал, 2 тонна минералды сусын, 4 тонна шырын, 3 тонна балық өнімдері, 15 тонна күріш пен жарма, тағы басқа азық-түлік өнімдері жеткізілмекші. Сонымен қатар, он бес шақты қоғамдық тамақтану кәсіпорындары да қатыспақшы. Ал, Орталық алаңда өтетін мерекелік шарада оннан астам, «Атамекен – Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешені маңында екі мейрамхана, дәмхана ұжымы қызмет көрсетеді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 3 =