Аймақаралық ынтымақтастық форумы

0 98

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Ариповпен келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Өзбекстанның аймақаралық ынтымақтастығының III форумына қатысты. Сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік, су-энергетика салаларындағы, өнеркәсіптік кооперациядағы, туризмдегі және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

01

Қазақстан мен Өзбекстанға Орталық Азиядағы барлық өңірлік сауданың 70 пайызға жуығы тиесілі. 2021 жылдың 9 айында екіжақты тауар айналымы 2,9 млрд АҚШ долларынан асты, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 28,5 пайызға жоғары. Осы жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстан Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне кіруі мүмкін. Өзара сауда көлемін 2022 жылы 5 млрд долларға дейін және 5 жыл ішінде 10 млрд долларға дейін жеткізу міндеті қойылды. Екі елдің шекарасында «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру жобасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Қазақстан Премьер-минис­трі өнеркәсіптік кооперация саласындағы Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығының жоғары серпінін атап өтті. «Hyundai Auto Asia» бірлескен кәсіпорны тиімді жұмыс істеп тұр. «Астана-Моторс» компания­сы Джизак қаласында Hyundai автомобильдерін шығаратын зауыт салу мәселесін пысықтау­да. Қостанай қаласында «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС «UZAuto Motors» АҚ-мен бірлесіп Chevrolet автомобильдерінің, «MAN Auto – Uzbekistan» АҚ-мен MAN жүк автомобильдерінің өндірісін жолға қойды. Биылғы жылдың қараша айында Қостанай қаласында «АгромашХолдингKZ» АҚ локализациялау орталығында ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша «Nurafshon» бірлескен кәсіпорны құрылды. Жеңіл өнеркәсіптегі кооперацияның сәтті мысалы «Alliance» бірлескен кәсіпорнында және «Turkestan Textile» тігін фабрикасында тоқыма өндірісін іске қосу болды. «Машина жасау, құрылыс индустриясы және фармацевтика өнеркәсібі салаларындағы жаңа бірлес­кен жобалар үшін басқа да әлеует­ті өсу нүктелері бар» деді А.Мамин.

Қазақстан Үкіметінің басшысы Қазақстанның Өзбекстанмен транзиттік-көлік саласындағы өзара іс-қимылының жоғары деңгейін атап өтті – теміржол инфрақұрылымын дамыту, автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту бойынша бірлескен ірі жобаларды іске асыру жұмыс­тары жүргізілуде, жүк тасымалдау үшін қолайлы тарифтік саясат қалыптастырылды. Осы жылдың 10 айында Қазақстан мен ­Өзбекстан арасындағы теміржол тасымалының көлемі 20,5 млн тоннаны құрады. ­Қазақстан ­Премьер-министрі екі елдің қоршаған ортаны қорғау, су және орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті. «Бірлескен күш-жігермен вегетациялық кезеңде Тоқтағұл және Қайрақұм су қоймаларынан қосымша су ағызу қамтамасыз етілді, бұл Қазақстан және Өзбекстан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттіліктерін қамтамасыз етті».

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + thirteen =