АЙКҮНІМ ҮШІН ӘН САЛДЫ

0 90

Ақ қан ауруына шалдыққан астаналық балдырған Айкүнім Сайлау 4 жаста ғана. Қазір ол Түркияның Ыстамбұл қаласында ем қабылдап жатыр. Ем-шара қомақты қаржы – 210 мың долларды қажет етеді. Ал ата-анасының қалтасы көтермейді. Осыған дейін өмірі қыл үстінде тұрған баланың еміне ақша жинау мақсатында «Жақсылықта жарысайық» атты қайырымдылық жәрмеңкесі, спорттық шаралар ұйымдастырылды. Алайда емге жететін сома жиналмай қалды. Сосын өткен сейсенбі күні «Астана» концерт залында «Айкүнім, сен үшін» қайырымдылық концертін өткізуге тура келді.

ajkunim

@HELP_AIKUNYM – Инстаграмдағы парақшасы

«Айкүнім 3,5 жасынан бастап ауырды. Бастапқыда қандай ауру екені анықталмады. Биылғы қаңтарда ғана диагноз қойылды. Содан бастап емделетін жерді іздей бастадық. Астананың бірқатар емханаларында бізге квота күту керектігі жөнінде айтылды. Ол бірнеше айға созылып кетуі мүмкін. Ал біздің күтетін уақытымыз жоқ. Түркия тез қабылдайтын болған соң осы елді таңдадық. Себебі Оңтүстік Корея екі апта күтсін деді. Германиядан алдымен ақшаны жіберіңіздер, сосын бірақ келіңіздер деген жауапты естідік. Ол кезде жағдайымыз болған жоқ. Ал Түркия бірден келіңіздер деп айтты. Ақшаны да бөліп-бөліп төлеуге рұқсат берді» дейді Айкүнімнің анасы Альмира Ысқанова.
Оның айтуынша, қайырымдылық концертін ұйымдастыруға Астана әкімдігі қолдау көрсетті. Осы концерттің өтуіне Қазақ радиосының «Жан жылуы» бағдарламасының жүргізушісі Ақбаян Сапарбай атсалысты.
«Кейде «әкімдік неге көмектеспейді?! Билікке біздің үніміз жетпейді» дегенді жиі естиміз ғой. Олардың бізді еститін кездері болады екен. Айкүнімнің анасы Астана қаласының әкімдігіне барып, көмек сұрады. Ал сол жердегілер Астанадағы маңдайалды залдардың бірі – «Астана» концерт залын тегін беріпті. Оның бір күндік арендасын шамалайсыздар ғой. Сондықтан, бұл – үлкен көмек. Бірқатар әншілер де бұл бастаманы қолдады. Өз басым Роза Әлқожаға бірауыз айтып едім, ол: «Әрине, осындайға бармағанда?» деп бірден келісті» дейді ол.
Сол сияқты концертте Нұрлан мен Мұрат, Айгүл Иманбаева, Нұрлан Әлімжан, Мөлдір Әуелбекова, ағайынды Жүгінісовтер, Шахаризат, Сейдахмет, Айкүнім үшін ән салды. Күйші Айбек Бекбосын мен саксафоншы Нина Моисеева өнер көрсетті.
Альмира Ысқанованың сөзінше, Айкүнімнің еміне қаржы жинау мақсатында 30 мамыр күні де «Қазмедиа» орталығының концерт залында қайырымдылық концерті өтеді. Сол үшін анасының аталмыш орталықтың басшылығы мен келісімін берген әнші-музыканттарға да алғысы шексіз. Концерттің басталатын уақытын әлі қосымша хабарлаймыз. Ал оған дейін көмек беремін дейтіндер 8 702 260 53 17 телефон нөміріне, Айкүнімнің анасына хабарласуына болады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × four =