«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Айканы» Самал алып шықты

0 186

14 ақпаннан Қазақстан және Ресей кинотеатрларында «Айка» көркем фильмі көрсетіле бастайды. Екі елге ортақ кинорежиссер Сергей Дворцевойдың бұл кинотуындысында бас кейіпкерді сомдаған қаршадай қазақ қызы Самал Еслямова Канн-2018 кинофестивалінде «Үздік әйел бейнесі» аталымын жеңіп алғаны жұртқа белгілі. Былтырғы көктемнен бері халық көруге құштар болған фильмнің премьерасы сейсенбі күні Астанада өтті.

Қырғыздың мигрант қызының Мәскеудегі тағдыры, өзінің алдына қойған мақсатына жету жолындағы өмірмен күресі туралы баяндайтын фильм көрерменге ауыр тиеді. Самал Еслямова бейнелеген Айканың тігін цехын ашу арманы бар. Соны іске асырам деп біреуден 200 мың рубль қарызға алады. Осы екі ортада босанып қалып, қарыз қысқан соң сәбиін перзентханаға тастап қашады. Ақыры не жұмысы, не ақшасы жоқ болып қалып, әбден азапқа түседі. Амалы қалмаған соң қарызын баласын сату жолымен жабуды ойлайды. Бірақ аналық сезімі оянып, перзентін қимайды.
Оқиғалар желісі осылай өрбитін кинотуындыны қазақ актрисасы алып шыққан. Самалдың ойынын көріп, Канн кинофес­тивалінің қазылар алқасы оған бас жүлдені бекерден бекер бермегеніне көз жеткізесіз. Әйтпесе, фильмде көрерменнің санасына салмақ түсіретін ештеңе жоқ. Туынды актрисамен мықты боп тұр. Мұндағы польшалық маман Иоланта Дылевсканың операторлық жұмысы да атап өтуге тұрарлық. Біздіңше, кинорежиссердің идеясын осы екеуі мінсіз көрсете білді.
«Барлығы да бұл ауыр фильм деп айтып жатыр. Өзіме осы фильмге түсуге қызық болды. Берілген рөльді алып шығам деп барымды салдым. Жан-жүрегіммен еңбектендім» деді Самал Еслямова. Оның бұл еңбегі ақталды. «Айкадан» кейін актриса құрмет-қошеметке бөленді. Фильмнің премьерасында оған «Халық сүйіктісі» премиясы тапсырылды.
«Айка» кино әлеміндегі ең беделді «Оскар» сыйлығына ұсынылған еді. Өкініштісі, үздік бес фильм қатарына ене алмады. Сергей Дворцевойдың айтуынша, мұның өзіндік себептері бар. «Әр фильм «Оскарға» түскен күннен бастап «Netflix», «Amazon», «Sony Pictures» секілді үлкен студиялар арасында тартыс басталады. Бізде америкалық дистрибьютер болған жоқ. Мұнда ақша мен промоушн компаниялардың бюджеті рөл ойнайды. Біздің промоушн компаниясының бюджеті аз болды. Алайда «Айканың» деңгейі өзге фильмдерден биік болмаса, төмен болған жоқ. Бұл туралы біраз оң пікір естідік» деді кинорежиссер.
Аталмыш кинотуынды алты жыл дайындалды. Оның созылып кетуіне әртүрлі факторлар әсер еткен. «Фильм түсірілімі басталған жылы Мәскеу өте қарлы болып, жұмыс істетпеді. Сол себептен аяқтай алмай қалдық. Кейінгі үш жылда керісінше қар түспеді десек те болады. Өнеркәсіптік тоңазытқыштарда қарды дайындаған күндеріміз болған. Фильмді көргенде драматургиясы да қиын екенін байқайсыздар. Жандүниесі жұмбаққа толы бас кейіпкердің көзі, көзқарасы, іс-қимылы арқылы соны беру керек болды. Оның үстіне фильмге түскен адамдардың көбісі кәсіби актерлер емес еді. Оларды үйрету де біраз уақытты алды. Бұл менің шығармашылығымдағы әзірге ең күрделі фильм» деді С.Дворцевой.
«Айка» Қазақстан мен Ресейде ғана емес, Франция, басқа да шетелдерде прокатқа шығарылады. Кинорежиссердің сөзінен шығармашылық топтың көңілі соның нәтижесіне алаңдаулы болып отырғанын байқадық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды