«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Айканы» күзде көреміз…

0 288

 Астанада 71-інші Канн фестивалінің «Ең үздік әйел бейнесі» жүлдесінің иегері Самал Еслямованың баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты. Аппақ көйлекті ару қасымызға ақырын ғана келді. Алдындағы 30-40 диктофонға тіл қатты сосын. Үні жарықшақтана шықты. Аузынан қатты қуанып тұрмын деген сөз шыққан жоқ мүлде. Жай ғана «қуаныштымын» деді. Тарбағатайды тоғыз айналып, қолындағы сыйлыққа жеткен жан сияқты жайбарақат.

Министр Самалдың жеңісін Олимпиада ойындарынан да жоғары бағалады. Каннда әлемді өзіне қаратқан арудың қазақша сөйлегеніне қуанғанын жеткізді. Самалға қазақтың зерлі шапаны жабылды. Қыздың сұлулығымен астасып, нәркес көздеріміз қарықты.
«Актриса болу арманым емес еді» деді сыбырлай Самал. Оған өмірдің өзі әкеліпті. «Бұл Каннға жеті жыл тер төктім» деді ақырын ғана. Оның алдында 12 жасында «Қызғалдақ» фильмінде ойнаған. Қазақ қызы туралы. Ендігісі – қырғыз арудың тағдыры. Баласын тастап кететін тасжүрек екен. Ақ қар, көк мұзда табанынан өткен сыздан өкшесі жарылыпты. Суық қарып, жылапты.
Фильмдегі ана рөлі – Самалдың жан жүрегіндегі образы. Бұған дейін де бірнеше ананы ойнаған. Енді өмірде ана болғысы келеді.
Самалды таныған режиссер Сергей Дворцевой да біздің топырақтан. Өзіміздің Шымкентте туған. Режиссердің әке-шешесі әлі де Шымқалада тұрады. «Айканың» режиссері «Қазақфильмге» шақырылғанына қуандық. Ол да «ендігі жерде қазаққа қызмет етуге дайынмын» деп кесіп сөйледі.
Каннға дейін актриса әлемдік режиссерден шақырту алған. Жүлделі болған соң дат киногерлер қызығыпты. Самалға «Өзіңізді қай жерде еркін сезінесіз? Кинода қандай биікті тағы бағындырасыз?» деген сауалға «Қазақстанда» деп жымиып жауап берді. «Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Тоқтап қалмаймын. Осы саладан кетпеймін. Есімімнің өзі қозғалысты білдіреді. Шыңға біткен шынар боп тұра беремін» деді. Самалдың бейнесі – қырық шырақты әйелдің болмысы. Мүжіліп, таусылып кетпейді. Өмірдің шың-құзы шынарды теңселтуі мүмкін. Түбірінен жұлып кете алмайды тек. Мұны солтүстікте колледжді тауысып, ГИТИС-ке түскен шынашақтай кезінде-ақ байқатқан.
Ол сабырлы екен. Ши жүгірткен сұрақтарға да салмақты жауап берді. Қазақша қысылмай сөйледі.
Иран режиссерінің киноларын ұнатады екен. Ал Каннда жұмысы экранға шықпай жатып, бастапқы нұсқасы бәйгеге түскен. Дворцевойдың айтуынша, киноның монтажы, толық жұмысы бір жарым айдан соң ғана аяқталады. Әлемнің түкпір-түкпірі мен қазақстандық көрермен «Айканы» тек күзде ғана көре алады.
Құшағы қатты халықтың ұлы екенімізді тағы байқаттық. Бекзат баһадүр жеңіспен оралғанда да сөйткенбіз. Ыстық эмоцияны салқын ақылға жеңдіре алмаймыз ғой сол! Журналистер жамырай мазаладық.
Самалдың үздік ойыны­нан кейін бала тастау тыйылатын шығар. Бала асырап алғысы келетіндер көп қой. Соларға нақты ой салды Самал. Сол үшін де рақмет, сабырлы сұлу!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды