Айгүл ҚАСЫМОВА, Астана қаласындағы №8 емхананың бас дәрігері:СКРИНИНГТІК ТЕКСЕРУЛЕР ТЕГІН ЖҮРГІЗІЛЕДІ

0 117

Бас қаладағы Сембинов көшесінің бойына орналасқан №8 емха­на қызметкерлері осы маңдағы тұрғындарға 2008 жылдан бері мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп келеді. Жоспар бойынша 50 мыңдай халық тіркелуі керек болса, бүгінгі таңда бұл мекеме 110 мың халыққа, соның ішінде 240 мың 520 балаға қызмет көрсетуде. Жұма күні газетіміздің оқырмандарымен өткен тікелей тілдесу бары­сында аталмыш емхананың бас дәрігері осы және өзге де мәселелерге тоқталды. Солардың маңыздыларын жариялауды жөн көрдiк.

– Сәлеметсіздер ме, кенже балам биыл 16 жасқа толады. Енді ол жасына байланысты қаламыздағы басқа емханада көрінуі керек дейді. Сол дұрыс па?

– Жоқ, бұл дұрыс емес. Жаңа туған күнінен бастап 85 жасқа дейінгі барлық адам біздің емха­нада қарала алады. Тек жоғары және орта кәсіби білім беретін мекемелерде оқитын студенттер ғана қаламыздағы студенттер емханасына бекітіледі. Сіздің балаңыз студент пе?

– Жоқ, ол №16 мектептің оқушысы. Өзіміз осы маңда тұрамыз.

– Онда немереңіз тұрғылықты жеріне сәйкес біздің меке­меге қарайды. Арнаулы кәсіби білім беру мекемесіне оқуға түсіп, студент атанған кезде ғана оны студенттер емханасына жібереміз. Оған дейін біздің емханада қарала береді.

– Жолдасым екеуімізді емханаға скрининг бойынша алдын алу тексерісіне шақырды. Мені қызықтыратын сұрақ: барлық тағайындалған тексерулер тегін жүргізіле ме?

– Иә, тегін жүргізіледі. Сіздің жасыңыз нешеде?

– 42-де.

– Онда сіз жасыңызға байланысты жүрек-қан ауруларын, қандағы холестерин деңгейінің белгілерін анықтау үшін скринингтен өтуіңіз керек. Скринингтік тексерулер тегін жүргізіледі, өйткені барлық аталған тексеру түрлері тегін медициналық көмектің кепілді көлемі тізбесіне енгізілген. Ал, қандай да бір ауру анықталған жағдайда, тексеріс жалғастырылып, пациент бақылауға алынады.

– Айгүл Құбашқызы, №8 емханада бір жасқа дейінгі балаларға бас миына зерттеу жүргізіле ме?

–Иә, біздің емханада бұған сәйкес аппарат бар. Ол – нейросонография деген ультрадыбыстық зерттеу апараты, зерттеу сол бойынша жүргізіледі. Бұл бұрын тек республикалық диагностика орталығында ғана жүргізілетін.

– Сегізінші сыныпта оқитын қызымның көзі нашар көреді. Тіпті, екі көзінің көруі екі түрлі. Сіздерде офтольмологиялық орталық бар дегенді естідім. Онда қалай жазылып, емделуімізге бола­ды?

– Негізі біздің емханадағы офтольмологиялық орталық ересектерге қызмет көрсетуге арналған. Дегенмен, егер біздің емханаға тіркелген болсаңыздар, осында келіп, офтольмолог дәрігердің кеңесін алуыңызға әбден болады. Тексерістен кейін тереңдетілген немесе күрделі жағдай анықталса, біздің дәрігерлер қызыңызға Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына не­месе №2 қалалық балалар ау­руханасына жолдама жазып береді. Сол арқылы әрі қарай емделесіздер. Жалпы, біздің емханадағы офтальмологиялық орталық материалдық жағынан жақсы жабдықталған. Сол себепті өзінің учаскелік емханасынан жолдама алатын адамдар осындағы орталыққа келіп жазылып, көмек ала ала­ды. Бүгінгі таңда орталықта 6 дәрігер жұмыс істейді. Олар катаракта, глаукома секілді көз ауруларына операциялар жасаумен бірге пациенттерге заманауи аппараттардың көмегімен операциясыз да көмек көрсетеді. Мұнда келушілер күндізгі стационарда да ем қабылдай алады. Мәселен, көз қарашығы бұлдырланған кезде оны алу үшін ультрадыбысты, яғни пышақсыз тегін қызмет көрсетіледі.

– Отбасыммен, яғни бір жарым және төрт жастағы балаларыммен «Алатау» мөлтек ауданында пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Бірақ, біз басқа мекен-жай бойынша тіркеудеміз. Айтыңызшы, біздің үйімізге жақын емханаға тіркелуімізге бола ма?

– Әрине, тіркеле аласыз. Балаларды емханаға тіркеу олардың қай жерде тіркеуде тұрғандығына қарамастан, нақты тұрып жатқан мекен-жайы бойынша жүргізіледі. Диспансерлік есепте тіркелген болсаңыз, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 04.11.2011 жылғы №786 бұйрығымен бекітілген Тізбе бойынша біздің емхана­дан тегін медициналық көмек көлемі аясында ауруыңызға байланысты дәрі-дәрмектер алуыңызға болады.

– Біз Астана маңындағы Қоянды елді мекенінен хабарласып тұрмыз. Әйелім екеуміз елорданың орталығында жұмыс істейміз. Сіздердің емханаларыңызға тіркеле аламыз ба?

– Иә, ондай мүмкіндіктеріңіз бар. Бірақ сіздер аумақтық ем­хана бойынша үйге дәрігер шақырта алмайсыздар. Емхана қызметіне жүгінсеңіз, барлық медициналық қызмет толық көлемде жасалады.

– Мен студент-анамын. Еуразия университетінің 2-курсында оқимын. Екі айлық кішкентайым бар. Сәбиіме бала тамағын тегін алуға мүмкіндігім бар ма?

– Иә, Астана қаласындағы Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес, сіз күндізгі бөлімде оқитындықтан, тіркелген емхананыңыздан сәбиіңізге құрғақ сүтті тегін рецепт арқылы ала аласыз.

– Айгүл Құбашқызы, мен от­басыммен қаладағы №8 емханаға жақында ғана тіркелдім. Мұнда учаскелік дәрігерге алдын ала жазылу жүргізіле ме әлде кезекке тұру керек пе?

– Бізде учаскелік дәрігерге алдын ала жазылады. Ол үшін емхананың тіркеу ор­нына келуіңіз керек немесе педиатриялық қабылдауларға 57-75-21, 57-75-22 және жалпы тәжірибе дәрігеріне 37-59-77 телефондары арқылы хабарла­сып, жазылуыңызға да болады.

– Менің балам учаскелік педиатрде бүйрек ауруымен есепте тұр. Стационарда емделуімізге бола ма? Өз еркімізбен стационарды таңдай аламыз ба?

–Жоспарлы госпитализациялау үшін сіз алдымен тіркелген мекенжайыңыз бойынша дәрігерге келіп, емхана жағдайында қажетті тексерулерден өтесіз. Жос-парлы госпитализацияға көрсеткіштерді дәрігер анықтаған кезде, сіз дәрігермен бірге бос койка-төсектердің барлығын есепке ала отырып, медициналық ұйымды таңдауды ойласасыз. Содан кейін дәрігер сіздің деректеріңізді госпита­лизациялау бюросы порталына енгізеді де, қолыңызға жоспарлы госпитализациялауға талон береді, яғни онда көрсетілген код бойынша www. bg.eisz.kz сайты арқылы өзіңіздің кезегіңізді бақылап отыра­сыз. Дәрігер сіздің байланыс телефоныңызды госпитали­зациялау күні мен жоспарлы госпитализациялауға жолдама беруге хабарлама беру үшін жазып алады. Кейін порталға енгізу арқылы жоспарлы госпи­тализациялау күні анықталып, содан соң дәрігер сізге жос-парлы госпитализацияға жол­дама береді. Жолдаманы сіз өзіңіз емдеуші дәрігеріңізден аласыз. Госпитализация­лау күніне дейін сіз емдеуші дәрігердің қадағалауында бо­ласыз. Жолдамада көрсетілген күні сіз госпитализациялауға міндетті түрде келуіңіз қажет. Әлдеқандай жағдайлар туын­дап, басқа аурулармен сырқаттансаңыз немесе бір жаққа жол жүрсеңіз сіз міндетті түрде учаскелік дәрігерге хабарласуыңыз керек. Егер ем­ханалар мен стационарлардың қызметкерлері тарапынан жоспарлы госпитализацияға ресімдеу кезінде түйткілді мәселелер немесе қарсылықтар болса, сіз 37-52-89, 37-59-31 сенім телефоны не­месе 37-46-25, Астана қаласы Иманов көшесі, 50-үйде орналасқан республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығына хабарласа аласыз.

– Атым – Сымбат, үш жаста балам бар. Ол туғаннан бері №7 емханада бақылаудамыз. Жаңа жылдан бері балалар корпусында лор дәрігері мен ортопедке күні бұрын жазылу енгізілді. Неге, себебін түсіндіресіз бе?

– Бұл ең алдымен маман­дар мен учаскелік дәрігерлерге емделушілердің ұзақ кезек күтулерін қысқарту үшін, сондай-ақ коридордағы сапыры­лысты болдырмау мақсатында жасалды. Ата-аналарға осын­дай жұмыс тәртібі тиімдірек болып отыр. Егер сізге же­дел медициналық көмек қажет болса, телефон арқылы хабарласпай-ақ, бірден емханаға келуіңізге болады.

– Емшекте балам бар. Оған екпе алу үшін емханаға қай уақытта келуім керек?

– 1 жасқа дейінгі сәбилерге қызмет көрсету үшін, яғни екпе алуға, алдын алу тексеруінен өту және анализ тапсыру үшін емханаға аптаның сейсенбі және бейсенбі күндерінде келуіңізге болады. Сейсенбі -бұл күн 1 жасқа дейінгі сәбилердің ана­лиздер тапсыруы үшін бөлінген күн.

– Білуге бола ма, біздің қаламызда 1 жасқа дейінгі балаларға екпе салу үшін қай елдің вакцинасы салынады?

– 1 жасқа дейінгі балаларға екпе салу үшін Бельгия, Фран­ция және Жапония елдерінің вакцинасы пайдаланылады.

– Естуімше, шетелдерде, нақтырақ айтсам, Германия-да жаңа туған балаға БЦЖ екпесін салмайды екен. Бізде неге дүниеге келген нәрестеге көзін тырнап ашысымен еге бастайды?

– Себебі, БЦЖ – туберку­лез ауруының алдын алу үшін жасалатын екпе. Ал, Еуропа елдерінде бұл ауру тіркелмеген, болса да өте аз. Жақында біз Финляндияда іссапармен болып қайттық. Онда туберкулез ту­ралы біздегідей көп әңгіме бол­майды. Бізде жағдай басқаша, сондықтан бұл аурудың алдын алу бағытында жасалатын шара деп түсінгеніңіз жөн.

– Менің балам балабақшаға барғаннан бері жиі ауырып қалатын болды. Баланы ем­деуде емханадан тегін дәрі-дәрмектер алуыма бола ма?

– Амбулаторлық деңгейде тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесіне туғаннан 5 жасқа дейінгі, 0 жастан 18 жасқа дейінгі, 1 жасқа дейінгі, 5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін аурудың белгілі бір түрлері бо-йынша дәрі-дәрмектер бөлінген. Сондай-ақ, бронхиалды астма, асқазан ойық жарасы және ұлтабар ойық жарасымен, ойық жаралы колит, қояншық ау­руы, церебралдық сал ауруы, қант диабеті, онкологиялық аурулар, ағзаны алмастырудан кейінгі қалыпта, эндокриндік аурулар, фенилкетонурия және гемофилия ауруы бо-йынша диспансерлік есепте тұрған балаларға тегін дәрі-дәрмектер беріледі. Халықты тегін медициналық көмектің кепілді көлемі бойынша ақпараттандыру мақсатында емхананың екі корпусының бірінші қабаттарында ақпараттық тақталар ілінген.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 16 =