Әйгерімнің мерейі өсті

0 31

«Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім ­Бекетаева ТМД-ның «Дебюттер достастығы» Жастар сыйлығының лауреаты атанды. Марапатты салтанатты тапсыру рәсімі кеше Беларусь еліндегі Брест академиялық театрында өтті.Бұл сыйлыққа Қазақ­стан, Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстаннан 26 номинант ұсынылды. Солардың ішінде достастық елдердің сегіз өнерпазына халықаралық қазылардың шешімімен берілді. Айта кетейік, Жастар сыйлығы ТМД-да Мәдениет жылы деп жарияланған 2018 жылдың қорытындысы бойынша шығарылды.
– Бұл менің шығармашылығыма берілген жоғары баға деп ойлаймын. Әртіс үшін сахнаға шығу – үлкен бақыт. Және орындаушылық шеберліктің жаңа қырлары ашылады. Мұндай марапат бізді жаңа белестерді бағындыруға шабыттандырады. Классикалық биді жаны жақсы көретін барлық көрерменіме рақмет айтамын! – деді Әйгерім Бекетаева.
«Дебюттер достастығы» халықаралық сыйлығы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесі және
Халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорымен құрылған. Құрылтайшылармен анықталатын гуманитарлық саладағы сыйлық жыл сайын жас мамандарға (35 жасқа дейін) табыс етіледі. Бұған дейін бұл марапатты ғалымдар, ақындар, дәрігерлер, ұстаздар иеленді.
Кешегі өткен Бресттегі салтанатты рәсімде Шымкент қаласы құрметті мәртебе эстафетасын қабылдап, 2020 жылы Дос­тас­тықтың мәдени астанасына айналады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды