Әйелдерді аялайық!

0 58

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде онлайн бринфингте елорда әкімінің бас инспекторы Мөлдір Бөлебаева «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты республикалық шара басталғандығын мәлім етіп, соның аясында өтетін іс-шараларға тоқталды.

Бұл акция кеше, яғни 25 қараша – әйел­дерге қарсы зорлық-зомбылықты жою халықаралық күнінен басталып, 10 желтоқсан – халықаралық адам құқығын қорғау күніне дейін жалғасады.
Акцияның негізгі мақсаты – әйелдер қатысты зорлық-зомбылықты алдын алу, осы бағытта қабылданған іс-шаралармен таныстыру, сондай-ақ зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасы мүшелеріне психология­лық-құқықтық көмек көрсету және одан жапа шеккендерді оңалтуды көздейді.

Баспасөз жиыны барысында Мөлдір Бөлебаева әкімдікке қарасты «Үміт» дағдарыс орталығында атқарылған ­жұмыстарды атап өтті.
– Елордадағы «Үміт» дағдарыс орталығы 50 орынға арналған. Жыл басынан бері орталықта 201 адам қабылданды. Оның ішінде 67 адам әйел адам болса, қалған 134-і – балалар. Қазіргі күні онда қызмет алушылар саны – 45. Оның ішінде 15-і – әйел, қалған 30-ы – балалар. Жыл басынан бері 216 қызмет алушы шығарылды. Оның арасында 71-і татуластыру арқылы, 127-сі өз қалауымен шықты, – деді ол.
Сондай-ақ Полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Гүлмира Шрахметова осы бағытта жүзеге асып жатқан іс-шараларды баяндай келіп, «Пандемия кезінде халықтың өмір салты түбегейлі өзгерді. Әлеуметтік жағдайдың төмендеуі, қаржылық жағдайдың қиындауы адамдардың психологиясына теріс әсер етті. Тұрғындардың кейбірінің ішкілікке салынуының салдарынан отбасылық қақтығыстар көбейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі бойынша 1 146 азамат жауапкершілікке тартылды, – деді аға инспектор.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × two =