Әйел жүрген жерде тәртіп бар

0 40

Теміржолдың жол шаруашылығына қарайтын өткелдер кезекшілерінің арасында әйел адамдардың жиі кездесуі кездейсоқтық емес. Өйткені стансаға келіп-кететін пойыз­дардың автомобильдермен түйісетін өткелдерінде жұмыс істеу асқан мұқияттылық пен жауапкершілікті талап етеді.Астана ірілендірілген жол дистанциясының өткел кезекшісі Каженова Тілеулес Ахметжанқызының теміржолдағы жалпы еңбек өтілі – 37 жыл. Соның 20 жылында ол ерлермен қатар жол монтері болып еңбек етіп, ең бір ауыр жұмыстарды атқарған. Тек 2005 жылдары жол шаруашылығында әйелдерді ауыр жұмыстарға араластырмау туралы бұйрық шыққаннан кейін ол дистанция­ға қарасты өткелдердің біріне кезекші болып ауысты.
– Жолшы болу нәзік жандар үшін, әрине, ауыр жұмыс. Ол кезде жол шаруашылығында, негізінен, әйелдер жұмыс істейтін. Шпал көтердік, рельс аудардық, 15 км станса жолдарының әр 5 шақырымын бригадаларға бөліп береді. Сонша шақырымды жаяу жүріп рельс ауыстырдық. Ерлер не істеді, соның бәрін жасадық. Әйелміз деп қарап тұрмадық. Қазір оңай, техниканың түрі көп қой. Ол кезде бәрі қолмен істелетін еді. Перегондарды да қарап шығамыз. Денсаулыққа әсер еткенде не істейсің, басқа жұмыс болмады. Аз болса да, тұрақты жалақы алдық. Өткел кезекшісі болу – өте жауапты жұмыс. Әйелдер өткелде істесе қашанда тәртіп болады. Тазалық та сақталады, қауіпсіздік ережелері бұзылмайды, – дейді тәжірибелі өткел кезекшісі.
Дистанцияның станса бо­йынша 4 күзетілмелі өткелі бар. Соның бірі – осы Тілеулес апай жұмыс істейтін, тек жүк пойыз­дары өтетін өткел. Бұл өткелде ол – жалғыз әйел. Ауысымдық жұмыста ол күндіз де, түнде де кезекшілік ете береді. Кезекшілердің шағын қосынында бір ауысымдағы жұмыс уақытын өткізу үшін керектінің бәрі бар. Олар осы қосында отырып бір ауысымда орташа есеппен 30-40 пойыз үшін шлагбаум түсіреді.
Өткел кезекшісінің жұмыс күні алдыңғы кезекшінің жұмысын қабылдап алудан басталады. Бірінші кезекте өткел айналасының тазалығы мен бөгде заттардан таза болуын, құрал-жабдықтардың дұрыс­тығын, сигнализацияның жұмысын, жұмыс журналы мен жеделхаттарды жарты сағаттың ішінде егжей-тегжейлі қарап алады. Сосын барып алдыңғы ауысым кезекшісі үйіне кетеді. Одан әрі күні бойғы немесе түндегі жұмысы ЭЦ-2 постынан пойыздардың келе жатқанынан белгі берілген кезде шлаг­баум түсіру, өткел айналасында бөг­де адамдар мен заттардың болмауын қадағалау, әрбір құрылғының үздіксіз жұмыс істеп тұруын бақылап отырумен жалғаса береді. Кезекшілер үшін ең қиыны шлагбаумның түсіп тұрғанына қарамастан, ережені бұзып автомобиль жүргізушілерінің өткелден өтіп кететіндігі еді. Қазір «Сергек» камерасы орнатылғалы ондай бұзушылықтар азайды.
– «Сергек» камерасын қойғаны жақсы болды. Жол жабық екеніне қарамай өтіп кететіндер өте көп болды. Оларға акт толтырып, техникалық бөлімге жібереміз. Олар рапортпен Жол инспекциясына жібереді. Қазір көлік иелері қорқатын болды. Менің жұмыс тәжірибемде ондай бір апатты, қауіпті оқиғалар болмады. Бірақ пойыз жоқ кезде тура өткелде, рельс үстінде көліктердің жүрмей, тұрып қалатын кездері болады. Ондайда жанымызды салып, барлық қауіпсіздік ережелеріне сай іс-әрекеттерді жасаймыз. Тіпті көліктің артынан итеріп көмектесеміз. Түнде жұмыс істеуге де үйреніп кеткенмін. Қорқыныш жоқ. «Кәрі кемпір» кімге керек, өтіп бара жатқан жолаушылар ішінен жөн сұрайтындар, тіпті денсаулығы сыр беріп, жағдайы нашарлайтындар кездессе, қолымнан келгенше көмектесемін. Бір жақсысы, қазір полиция да бұл маңнан жиі өтіп тұрады, сондықтан біздің қауіпсіздігіміз жағынан еш қатер жоқ. Түнде жұмыс тәртібімен күндіз қалай, солай жұмыс істейміз, көз ілмейміз. Тамақты үйден әкеліп, осында қысқа толқынды пеште жылытып ішеміз. Мынадай формамызды екі жыл сайын ауыстырып тұрады. Қосын іші жылы, пеш қосамыз, пима киіп отырамыз, – дейді теміржолшы әйел жұмыс ретін түсіндіріп.
Тілеулес теміржолшы – таза астаналық тұрғын. 1963 жылы Целиноград қаласында, «Дәулет» аялдамасы артындағы жер үйлердің бірінде теміржолшы отбасында дүние­ге келіпті. Алдындағы 7 ағасы бірінен соң бірі шетінеп, соңғы екі қыз қалады. Қазір сіңлісі екеуі ғана бар. Сол қос гүлін жетілдіріп жеткізген әкесі ­Ахметжан теміржолда өмір бойы ревизор болып қызмет еткен. Кейін бұл отбасы Тастақ стансасына көшіп барып, қыздары сондағы теміржолшылар балаларына арналған мектеп-интернатта 8 жылдық білім алады. Тілеулес апа негізгі орта білімнен кейін училищеге түсіп, тауар кассирі мамандығын алады. Бірақ жұмысын 1982 жылы жолсерік болып бастайды. 1986 жылы тұрмыс құрып, бірінші қызын босанып келгеннен кейін жолшы болып қызметке орналасқан. Бүгінде оның бір қыз, бір ұлы, қызынан жиен немересі бар. Жолдасы да осы дистанцияның Қырқыншы стансасы бойынша жолшысы болып еңбек етеді. Өздері өмірін арнаған теміржолшылар әулетіне ұлттық компания 2013 жылы сала мамандарына арнап салынған «Саранда» тұрғын үй кешенінен пәтер сыйлады.
Теміржолшылар үшін жұмыс кезінде күннің бәрі бірдей. Мереке ме, жаңа жыл кіріп келе жатыр ма, оларға еш әсері жоқ. Жұмыстың аты жұмыс. Міне, Тілеулес Ахметжанқызы да биылғы 8 наурызын жұмыста өткізгелі отырғанын жеткізді. Бұл күні ел думандатып тойлап жатқанмен, жұмысқа шыққан өткел кезекшісі әдеттегідей өз орнында қозғалыс қауіпсіздігінің қырағы күзетінде тұрады. Талай рет жаңа жылды да осылай өткізіп жүр. Бұған олардың көңіл күйі еш түсіп көрген емес. Себебі болат жолдың бабын жасағандар қауіпсіздікті бойтұмарындай сақтайды.

Райхан
РАХМЕТОВА

Суретті түсірген
Александр ЖАБЧУК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 5 =