Әйел жанын әйгілеген

0 75

Елордада белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенованың «Ұлы дала арулары» жобасы аясындағы кезекті кітабы – «Ұрпағына ұран болған аналар» атты жинағы жарық көріп, соның таныстырылымы өтті.

Тарихымызда ел бастаған хандармен, көсемдермен, батырлармен қатар жүріп, елдік іске араласып, халықтың алғысына бөленген, жұрт сыйлаған ақылгөй, аузы дуалы аналарымыз болған. Сондай асыл аналарымыздың есімі мен өмірін қайта жаңғыртып, кейінгі жас ұрпаққа өнеге ретінде ұсынып отырған Шәрбану апайдың бұған дейін аталған жоба аясында бірінші болып «Сүйінбике», одан кейін «Бозоқ аруы» кітабы жарыққа шыққан болатын.
Енді, міне, қарымды қаламгердің оқырманға үшінші жинағы жол тартып отыр. Бұл кұнды кітап үш бөлімнен тұрады: «Асыл текті әзіз аналар» деп аталған алғашқы бөлімге Шыңғыс ханның жары Бөрте ханымнан бастап, тарихымызда есімдері құрметпен аталатын Ақсұлу – Әлпеш ана, Нұрила (Домалақ) ана, Болған ана, Жұбан ана, Рәбия Сұлтан бегім, Жаған бике ханым, Бопай ханым және т. б. аналарымыз туралы қызықты деректер берілген. Ал «Есімі ру-тайпа атауына шыққан аналар» деген екінші бөлімге бір рулы елдің көсеміне айналған Қызай ана, Мұрын ана, Абақ ана, Тасбике, Тәттібике секілді аналарымыздың өмірінен ғажап сыр шертіледі. Үшінші «Ел жадындағы аңыз аналар» атты бөлімде Қарқабат ана, Марау, Жұпар аналар мен Зере әже жайында әсерлі әңгімелер баяндалған. Қысқасы, кітап­қа тарихымызда өз орны бар асыл аналардың өмірі туралы толымды дүние топтастырылған.
Таныстырылым барысында Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі қаламгер Сауытбек Абдрахманов жаңа жинақ туралы парасатты ой айта келіп, оның негізінде анаға деген құрмет жатқанын атап өтсе, жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай: «Аналар дегеніміз – ешқашан таусылмайтын қасиетті тақырып. Ел тарихында бір өзінен бір қауым ел тараған аналар бар. Мәселен, Мұрын анадан тоғыз болыс ел тараған. Қазіргі Тарбағатай, Ақжар, Ақсуаттың жартысы, Ақжар, Мақаншы – түгел осы Мұрын ананың елі» деп сөзін өткен тарихпен астастырып сөйледі. Ал қаламгер Өріс Яшүкірқызы автордың жазу шеберлігіне тоқтала келіп: «Шәрбану Бейсенованың әйел жанының әдемі әлемін зерттей білуі ешкімге ұқсамайды.Жазушы өзі сомдап отырған образды ой талғамына салып, оқиғаны жақсы өрбітеді. Әр туындысында байқаған жанға философиялық ой, түйін байқайсыз. Жаңа жинақты оқып отырып, есімдері ру-тайпа атауына айналған Қызай ана, Абақ ана секілді асылдарымызбен таныс болып отырмыз. Сондай-ақ Рәбия Сұлтан бегім, Жаған бике ханым, Әбілхайыр ханның зайыбы Бопай ханым, Кенесары ханның қарындасы Бопай ханшаның ерлік істерін әсерлі жеткізген» деп мағыналы ой қозғады.
Сонымен бірге мазмұнды іс-шарада Әлібек Асқар, Жанболат Аупбаев, Асқар Алтай, Жанна Құрманғалиева, Ләззат Сүлеймен секілді зиялы қауым өкілдері аталмыш еңбек туралы ой-пікірлерін айтты.
Айта кетейік, кеше Шәрбану Бейсенованы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қабылдап, жазушыны «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + four =