ӘЙЕЛ – ҮЙДІҢ КИЕСІ ЕМЕС ПЕ ЕДІ…

0 171

«Шөл даланың ақ күні» фильмін бәріміз көрген шығармыз. Сухов жолдас­тың Азат етілген шығыс әйелдеріне қаратып айтқан «әйел де – адам!» деген қанатты сөз Орталық Азияның нәзікжандарын отбасы-ошақ қасынан да азат еткен сияқты еді ғой. Содан бері әйелдер оттан да, судан да өтті… Қара қазанынан берекесінің қаймағын қалқыған, шаңырағын шайқалтпай отырып, қазақы қалпымен баласын тәрбиелеп, отағасының жағдайын жасаған ескінің көзі енді не болады?

Жылжып тоқсаныншы жылдар жетті. Бұл кезеңде ескінің көзін көргендер тұғырынан тайып, оның ізіндегі «батысшаланған» буын бас көтерген еді. Талайдың талайына түскен тоқсаныншы жылдардың қиыншылығы екі бүйірден қысқан кезде әйелдеріміз мойнындағы жүгі мен жаратылыстың жауапкершілігін босағаға көміп жолға шықты. Ала қап арқалап, күнкөрістің қамына кірісті. Дәл сол жылдардың тықыры таянғанда көршілес өзбек, қырғыздардың ер азаматтары өзгеше шешім қабылдаған еді. Қазақтың кейбір жігіттері қолайлы көрген қазан-ошақтың қасын місе тұтпай, «екі қолға бір күрек» деп қазақтың келіншектеріндей олар да шетел асты. Қалтасы көк қағазға толып, шаруасы дөңгеленген сайын тапқан-таянғанын еліне жіберіп, артында қалған әйел-баласын ғана емес, бүкіл елінің аяғынан тік тұруына атсалысты.

Біздің «бизнесвумендер» де бас-басына бутик ашып, сауданың көрігін қыздырып жіберді. Алайда шетелдік сапары көбейіп, қалтасы ақшаға толған сайын, үйдегі бала-шағасына қара болып отырған отағасын менсіне бермейтін болды. Құны бар көк қағаз да теңдікке бастайтын төңкерістен кем емес екен. Сухов алып берген теңдік материалдық тұрғыдан нығая түсті.
Ерлерін ешқашан атымен атамай «қожайын» деп сыйлайтын, өздері өз қорасынан асып көрмеген өзге елдердің қатын-қыздары қазақтың әйелдерін мінеп, «көше көрген» дейтін болды. О бастан еркін жаратылған қыз баласының бетіне жел болып тимегенін алға тартып, әйелдің жаратылысы өзгеріп бара жатқанын елеген ешкім болмады.

Енді міне, тәрбиесі мен санасы қорадан бір шығып кеткен қазақтың әйелін қайтадан ошақ басына отырғызу қиын болып тұр. Бұлар келін болып түскен жерін құрметтеп, үлкен сыйлап, отағасын пір тұтып өткендердің соңын көргендер еді. Оны ұрпағына жеткізіп, сол қалыпта тәрбиелеуге мүмкіндік болмады. Осылайша алашапқын болып жүргенде қыздары да бойжетті. Көздерінің қарашығындай қыздарын жатжұрттық етіп тәрбиелемеді. Содан да тұрмыстағы қызы енесімен ұрсысып еңіреп келгенде, тағы да белін таянып, «ішіме сыйғанда, сыртыма да сыяды» деп айтатын болды. «Ажырасқанның алды да, арты да сен емес» деп өздерін жұбатты.

Жас кезімде Маргарет Митчеллдің «Желмен ғайып болғандар» деген кітабын жата-жастана оқы­­ғаным бар еді. Әйел санасының сан қырлы қатпарын жақсы білемін десем де, бір кейуананың Скар­летке «сен қорқынышпен бетпе-бет келдің, әйел үшін ең жаманы қорқыныштан үрейленбеу» деген сөзін жастықпен түсінбеген едім. Уақыт өте келе, басын тауға да, тасқа да ұрған романның бас кейіпкерінің барлық әрекеттері мен таңдауының басты себебін сол қорқыныштан үрейленбеуінен екенін ұқтым.

Мұның мағынасын қазақы санаммен өлшеп көргім келді. Анам марқұм жас кезімде «ұзында кет­кен өшімді, қысқада кеткен кегімді» айта бастасам, «бетің ашылып кетпесін» деп басып оты­ратын еді. Осы сөз, әсіресе әйел баласына өте қажет екен. Бет ашылған жерде ұрыс кіреді, қадір кетеді, ол кеткенде құрмет те жоғалады. Сыйластық болмағанда әйел баласын ұстап тұру қиын. Бұл да қорқынышқа қарсы тұруға бастайтын бұралаң жол. Расында да әйел адамды, дүниеде жалғыз қалып қоямын, ұрпақсыз өтіп, сәби сүймей қаламын, балам әкесіз өспесе екен, тағы басқа үрей­лер тежеп тұрмаса, онда жаратылыс заңдылығы бұзылады. Өкінішке қарай, қара басының қамы алға шығып, жаратылыс жайы санадан өшті.

Меніңше, тоқсаныншы жылдардан бері «жарыққа шыққандар» мен олардың жетіліп қалған ұрпағын тау көтерген Толағайлар ғана кері қайтарады. Одан төмендерін әйелдердің өздері-ақ арқалап кетеді. Алдында айттық қой, Толағайдан төмендер ошақ қасында отырып қалды. Әкелерінің қауқарсыз хәлін көріп өскен қа­зіргі орда бұзатын жастар ұсақ­­талып барады. Олардың арасында мысымен әйелдерін ықтыратын­дар кемде-кем. Жігерсіз ұрпақ қорғанышты мешіттерден іздеп, әсіре діншіл болып алды. Қара басын алып жүре алмайтыны аздай, «талақ» айтып, қатын тас­­тағыш, қол жұмсағыш… Еркектердің әйелді бастан тәрбиелейтін жайын көзімен көрмеген ұр­паққа не кінә қоярсың. Міне, о бастағы Сухов жолдастың шығыс әйелдерін еркіндікке жібергеннің бүгінгі салдары. Ал, оған дейін қандай болып еді?!

Көз алдымызға аяулы әжелеріміз, арды ойлаған ардақты аналарымыз елестейді. Яғни, санасын Сухов жолдас азат етпеген әйелдер. Кешегі кеңес заманы қазақ әйелінің таби­ғатын мүлдем өзгер­тіп жіберді деп айту да оғаштау. Дегенмен нарық және капитализм талаптары олардың санасына үлкен өзгерістер әкелді. Ұлтқа кесірі тиетін қауіпті өзгерістер… Осы олқылықты жоюды көп болып қолға алмасақ, өкінеміз.

Айгүл УАЙСОВА 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 8 =