Әйел қадірі

0 13

«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөздің мағынасы тереңде жатыр.Қыз бала, әйел, ана, әже, міне, осындай өмір жолдарынан өткен әйел баласы өзін бақыттымын деп есептеуіне болады. Әрине, кейбіреулер әртүрлі себептермен осы жолдың бәрінен бірдей өтпей де қалады. Біле білсек, әйел баласы үшін анадан шыр етіп түскеннен ата-ана тәрбиесі өз дәрежесінде болуы қажет. Не нәрсенің болсын іргетасы дұрыс қаланса, ол баянды болады.
Сәби кезінен дұрыс тәрбие алған бала өмірде кездескен кедергілерді, қиыншылықтарды жеңе отырып, өзінің жарқын өміріне жол ашады. Қыз бала қанша жерден мықты болса да, кейбір жерде әлсіздік танытып қалады, көбіне сыртқы әсердің салдарынан. Содан ата-бабамыздан келе жатқан: «қыз­ға қырық үйден тыю» деген сөз өз өзектілігін жоймайды. Жабайы тілде айтқанда, қыз бала қоғамның, ата-ананың, тәрбие орындарының бақылауында бола отырып, дұрыс бағытта болып, келешегіне дұрыс жол ашады. Қазіргі заманда олар жағынан кейбір келеңсіз жағдайларды байқаймыз. Жап-жас қыздар шылым тартып, шарапқа үйір болады, түннің ортасына дейін мейрамханалар сияқты көңіл көтеру орындарынан табылады. Осындайлардан қандай әйел, ананы күтуге болады? Дұрыс тәрбие алған қыз бала білім алып, қызмет атқарып, ата-анасына қамқоршы болады. Балаларым бәрі бізге көмек жасау­ға тырысады, соның ішінде қыз балаларым көбірек көңіл бөледі. Бір ғана мысал, біздің Динара деген баламыз бірде жаңа үйге көшкенімізде үйге қажет жабдықтарды Қытайға барып алып келіп, үйді толық безендіріп жіберді. Тіпті ­люстра сияқты маман істеуге тиіс істерді өзі іліп, гардиналарды бекітті. Біздің бай­қауымызша, бәйбішелерінің артында қалған ақсақалдар, тіпті елімізге белгілі азаматтар да қыз балаларының немесе немере-жиендерінің қолында болғанды қалайды. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Қыз бала кәмелеттік жастан асқан соң отбасын құруға бет бұрады. Бұл жерде жар таңдауда қателікке ұрынатындар жиілеп тұр. Қазіргі статистика бойынша әрбір үшінші жас жұбайлар айырылысып жатыр. Меніңше, осы мәселеге сараптама жасап, сол бағытта жастар арасында тәрбие жұмысын күшейту қажет. Ата-баба­мыз­дан келе жатқан құда түсіп, келін түсірудің де жақсы жақтары бар. «Шешесіне қарап қызын ал» деген қағида да дұрыс шығар.
Жақсы отбасын құрып, бала сүйіп, бақытты өмір сүріп жатқан жанұялардың біразында әйел көп шаруа­ны өз мойнына алады. Оны өмірде көріп жүрміз. Алысқа бармай-ақ, өз отбасыма келетін болсам, зейнетке шыққанға дейін бес елді мекенде абыройлы қызмет атқарып шықтым. Ол, өзімнің жұмысқа жа­уапкершілігім болса, соған жағдай жасап, үй шаруасын, бала тәрбиесін толығымен мойнына алған зайыбым Хамила Құлбекқызының арқасы. Әрине, бұған мақтануға болмайды. Уақыт тауып, біраз шаруаны мен де атқаруым керек еді. Мұндай жағдай менде ғана емес, көптеген қазақ отбасында бар. Таяуда тележүргізуші бір археологқа мынадай сұрақ қойды: «сіз даладағы археологиямен айналысасыз, ал үйдегі «археологиямен» кім айналысады?» деген сұраққа «жеңгең» деген жауап алды. Әйел-аналар таңертең қызметке сөмкесімен ғана бара жатса, жұмыстан қайтқанда екінші қолында азық-түлік салған салмақты пакеті болады. Қызметте ер адаммен бірдей жұмыс істесе, үйге келгенде барлық шаруаны атқара жүріп, балаларының оқуымен де, тәрбиесімен де айналысады. Осындай істерді мойнына алуының негізгі себебі – жолдасының абыройлы қызмет атқаруына мүмкіншілік жасау. Біз, ерлер қауымы, ол кісілердің еңбегін бағалай отырып, қадір тұтуымыз керек деп ойлаймын.
Көпшілік жағдайда, денсаулығы болса, әйел ана, әжелік статусқа өтсе де, бұрынғы әдетімен үй шаруасын, немерелеріне қамқорлық жасауды жалғастыра береді.
Менің байқауымша, біраз жерде еркек атқаратын жұмысты әйелдер, әйелдер атқаратын жұмысты еркектер атқарып жүр. Қыстың қақаған аязында қыз-келіншектер күрекпен қар тазалап, ал кейбір мейрамханаларда сойталдай жігіттер жылы жерде даяшы қызметтерін атқаруда. Әрине, мұны заңмен шешуге болмайды, бірақ жастар арасында жү­йелі түрде «еркек еркектің, әйел әйелдің жұмысын орындағаны жөн» деген айдармен жұмыс жүргізілсе, сонда оң өзгеріс болар деп ойлаймын.
Әйелді жылына бір рет 8 наурызға құттықтау жеткіліксіз. Әйелді қорғайтын заң болу керек. Зайыбына қорлық жасап, кемсіткен, қол көтерген еркектер қатты жазаланғаны дұрыс болар еді. Онымен қоса, мектеп жасынан бастап жастар арасында отбасын құру туралы белгілі дәрежеде жү­йелі жұмыстар жүргізу қажет ­сияқты, тіпті мектеп бағдарламасына осындай пән кіргізсе артық болмас еді.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
ардагер ұстаз

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды