©2020 Астана Ақшамы
Әйел – отбасы шамшырағы
Астана қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы мен қала әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығы «Әйел – отбасы шамшырағы» атты шара өткізді. Әйелдердің қоғамдағы рөлі, отбасы құндылығы мен болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық дәстүріміздің құндылықтарымен ұштастыру өнегесін талдаған тақырыпта өткен жиынға қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел жамағатының ұстаздары Ақбөпе Тілегенова және басқа да қалалық басқармалардың өкілдері қатысты.
Қазіргі кездегі тастанды сәбилер мен әлеуметтік жетім балалардың көбеюі, өскелең ұрпақтың бұралаң жолға бейім тұруының астарында, әрине, отбасылық институт құндылықтарының әлсіреуінен екені белгілі. Баяндама жасағандар әлеуметтік мәселелерді топтастыра келіп адамдардың рухани дүниесінің жандануына назар аударды. Ұлттық дәстүрімізді санасына құйып өспеген ұрпақ түрлі мәдениет нышандарына еліктеуіш келеді. Міне, осындай сәтті теріс пиғылды құрылымдар пайдаланып кетіп жүргенін айтты. «Бұрын-соңды адамзат тәжірибесінде кездеспеген, жат ағымдардың белсенді әрекетіне қарай, күрделі мәселемен бетпе-бет келіп отырмыз. Оны шешудің сенімді құралдарынан да бейхабар болған жайымызды жасыруға болмас. Жаһандық қатерге қарсы күресудің тиімді тетіктері де қалыптасып үлгермей жатыр. Дегенмен, мемлекетіміз бағытын анықтап, іс-шаралар ауқымын көрсетіп берді» деп әкімдіктің дін проблемаларын зерттеу орталығы деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек бөлімінің басшысы Лимана Қойшиева ашып берді. Одан кейін сөз алған Оразгүл Асанғазы отбасы құндылықтарының ұлттың нақыштарына тоқталып, талай ғасырдың сынағынан өткен жас ұрпақ тәрбиесіндегі отбасының ұйытқысы саналатын әйел-ананың орнын ұлықтау жөніндегі ойын ортаға салды.
«Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Ақбөпе Тілегенова әйел жамағатымен жүргізілетін жұмыстарға тоқталды. – «Соңғы кезде ислам атын жамылып теріс пиғылдарын жүзеге асыруға тырысып жүргендер қоғамның әлсіз мүшелерін арбауға тырысатыны анық. Бұл жерде қарындастарымыздың шырмалуына жол бермеуіміз керек. Оның бірден-бір амалы ислам құндылықтарын дәріптеп, қажетті ақпараттармен қамтамасыз етіп, кез келген күмәнді қадамға қарсы тұра алатынына сенімді болуымыз керек», – деді.
Іс-шара барысында арнайы ақпараттық фильм көрсетіліп, жат ағымды әшкере ететін нақты фактілерге тоқталды. Жиынға қатысушылар «қамданған құр қалмайды» дегендей, алдағы уақытта осы бағыттағы өзара бірлескен іс-әрекеттерді нақтылады.
Айгүл УАЙСОВА