Әйел бақыты

0 96

Оның бүгінгі күнінде де еш айырмашылық болған жоқ. Ол бүгін де көлігін жұмысының алдына тоқтатып, кабинетіне асықты. Тек ауруханадағы қызметкерлердің ерекше жылы шырай танытып, жымиысып тұрғандарын байқаған соң ғана бір нәрсе болғанын ұқты. Олар бұны жамыраса құттықтай кеткенінде ғана өзінің туған күні екені есіне түсті. Апырай, қалайша есінен шығып кеткен…

Қабырғада тықылдаған сағатқа көз алмай қарап отыр. Сағат тілі көз алдыңда зырғып, уақыттың өтіп жатқанын көрсетеді. Қайран уақыт… Күні кеше қос бұрымы беліне түскен, үкілі үмітін арқалаған он сегіз жасар қыз қалаға үлкен арманмен келіп еді. Бүгінде сол күндер баға жетпес естелікке айналған. Содан бері бақандай жиырма жеті жыл өтіпті.

15094732-счастливая-семья-и-закат

Қаладағы медицина академиясына тапсырып, студент атанған Нұржамал қатар құрбыларына ұқсап сауық қумады. Оның бұл талпынысы бір жағы арман жолы болса, бір жағы жалғыз анасына күш түсірмеу. Әкесі дүниеден өткесін үйдегі бар міндет анасына, одан кейін осы Нұржамалға жүктелген болатын. Ізінен ерген бауырларының қамы үшін ұмтылды. Ұйқысынан ерте оянып алып, еңбекқор қыз кітаптан бас алмай сабақ оқитын. Академиядағы ең үздік студент атанып, кейіннен дипломдық жұмысын үздік қорғап, ғылым саласына қарай мойын бұрған ол небәрі жиырма жеті жасында докторлық атағын алды. Отыз екі жасында профессор атанды. Кейіннен дардай емхананың бас дәрігері болды. Қазір Нұржамалдың қаланың қақ ортасында орналасқан үш бөлмелі пәтері бар. Көлігі, үрпек жүнді, бойы тапал иті бар. Яғни отбасы жағдайы осылай. Ауылда Нұржамалдың шешесі, өзінен кейінгі інісі, келіні, бала-шағасымен бірге тұрады. Өзінен кейінгі сіңлісі де сол ауылға тұрмысқа шығып, сонда тұрады. Олар қала өміріне, Нұржамалдың тұрмысына қол сұққаннан гөрі, жылы орындарын суытпай, бұрынғы тіршілігімен өмір сүре беруді қалайды.

***

Шырмауық ой үстінде жұмыс уақыты аяқталғанын аңғармай қалған Нұржамал асыққан күйі қол сөмкесін қолтығына қысып, қабырғада жабысып тұрған адам бойымен шамалас айнаға бір қаранып алды да, сыртқа шықты. Кешке үйіне қонақ келмекші, өзінің академияда бірге оқыған Сандуғаш атты құрбысы. Көптен көріспеген екеуінің айтар әңгімесі де арада өткен жылдар секілді ұзақ болар.

Пәтеріне келгесін төр бөлмеде әзірленіп тұрған дастарқанға тағы да бір нәрселер қосты. Киімін ауыстырып жатып айнаға көз тастап еді, бойын әлдебір тәкаппарлық билеп, ол Сандуғаштың өзінен әдемі еместігін есіне алып, тұла бойын көзімен жүгіртіп өтіп, өз-өзіне ырза қалпы мысқылмен жымиды. Әрине, тұрмыс құрмаған, бала таппаған әйелдің дене тұрқы қайдан бұзылсын…

***

Көп ұзамай есік қоңырауы басылып, Нұржамалдың күткен қонағы келді. Ортадан кішірек, ақ сары келіншек босағаны аттаған сәттен-ақ айналасына таңдана көз жүгіртті. Қарсы алдында тұрған сұлу келіншекті бірден тани қоймағанымен, оның күлкісінен үнемі кітабын құшақтап жүретін қыз Нұржамалдың бейнесі келді көз алдына. Кезіндегі білектей бұрымы бүгінде әсем толқынданып, иықпен теңесіпті, ал жанары дәл сол… Тек нұры қаша бастағандай, мұңды. Қос құрбы ұзақ сөйлесті, сыр да шертісті. Сол әңгіменің арасында әзіл-шыны аралас Нұржамалдың әлі күнге жалғыз жүргені сөз болды, оған не себеп? Бет-ажары таймаған, кезінде сұлу қыздың бірі болған ол неге жалғыз?

Сандуғаш Нұржамал айтқан көп сылтауларды тыңдап жалықты. Оның өмірге деген көзқарасы өзге болатын. Құрбысының пікіріне наразы қалпы әңгімесін тыңдады. Дүниеқоңызданып жүріп, бақытын қолдан тайдырған оған аянышпен қарады. Сол кезде оны не түрткенін қайдам, ол өзінің туған апасы қайтыс болып, артында зар еңіреп жездесі мен жиені қалғанын айтты. Ер адамның әйел адамсыз өмір сүруі қиын екенін, қазір жездесінің қиналып жүргенін, ал кішкентай жиенінің анасыз өсіп келе жатқанына қатты алаңдайтынын айтты.

– Кішкентай бүлдіршінді жылатпай, маңдайынан сипар жылы алақанның табылғанын тілеп жүрмін, қанша дегенмен өлгеннің артынан өлмек жоқ, тағдырға не шара, – деп күрсінді Сандуғаш.

Әңгіменің бетбұрысы неге келе жатқанын Нұржамал түсінсе де, ештеңе деп жауап қатпады. Үнсіздікпен ғана тұншықты.

***

Күндегі күйбең тірлік пе, әлде көңілінің қалауы ма, Нұржамал осы демалыста ауылға, анасына барып қайтпақшы болды. «Ауыл тірлігі бәрібір ерекше ғой» деп ойлады. Қаладан екі жүз шақырымдай қашықтықта орналасқан атамекеніне қас қарая жетті. Көліктен түсе бергенде мұрнына сонау балалықтың иісі оралғандай болды. Жамыраса үрген иттер, өрістен әлдеқашан қораларына келіп алған сиырлар мөңіреп, қаладан ерек бір у-шу бөледі. Бірақ жанға өте жағымды естілді. Күндегі беймаза тірліктен гөрі әлдебір рахаттың бейнесі іспеттенді. Үйге кіре сала, алдынан қаумалаған үлкен-кіші Нұржамалды көріп, кәкір-шүкір болуда. Қолына ала келген базарлығын таратып беріп жатып, Нұржамал анасына көзі түсті, анадайдан айналып-толғанған қарт ана қызына жете алмай сүріне-қабына аяңдап келеді екен. Нұржамал көпшіліктен бөлініп, анасын барып құшақтады. Неткен кең құшақ, құдды әлемнің жартысы сыйып кетердей, бала кезінде қойнына тығылып ұйықтайтын шағындағыдай ана құшағы… Пенде тірлік жалғасып, барлығы кешкі астан соң жан-жаққа тараған кезде Нұржамал анасымен оңаша қалып әңгімелесті.

– Апа, халдерің қалай? Азық-түлік барлығы бар ма?

Анасы төрде шашылып жатқан көрпелердің бірін жинап жатып, нұры қашқан көзімен қызының бойын бір шолып өтті.

– Қызым, біздің халіміз бұрынғыша ғой, көз көрмейді, құлақ та барған сайын қалып барады, анау кішкентайды мектептен апарып-әкелу деген қиындап кетті, қыс түссе қайдам… Әй, бірақ бізді қойшы, қу тірлікке үйреніп кеттік, енді өзгесін тілемейміз де… Өзің қалайсың? Жасың болса біразға келіп қалды, сені де уайымдаймын, қашанғы жалғыз жүрмексің? Осылай қу бас болып өтесің бе өмірден? – деп анасы көзіне жас алды.

– Ту, апа, қойыңызшы… Бұйырған кетпес, қуған жетпес деген. Көрінгенге ұрынамын ба енді…

– Уфф, қайтейін… Өзің де «оқу бар, жұмыс бар» деп жүріп алдың ғой. Үлкенді үлкен дедің, оқымаған дедің. Ертең менің көзім кетсе, сен кімге керексің? Мыналар өздері бөлек, сен өзің жалғыз тізеңді құшақтап қаласың ғой.

Нұржамал үнсіз қалды. Өзінің де күн өткен сайын жанына батып жүрген дертін анасынан қанша жасырмақ болса да көкірегін күйдіріп барады-ау…

Нұржамал кешкі салқынмен есік алдына шығып, ағаш орындыққа жайғасты. Айналаны қараңғылық көмкеріп, сансыз жұлдыздар басқан. Қала аспанындай емес, ап-айқын болып көрінеді. Тап қазір алдыңа кеп топ ете түсетіндей, жылт-жылт етеді. Шырылдауық шегіртке, құрылдауық бақалар жамырасып ән салады. Барлығы да қосамжарланып, қос-қостан дыбыс береді, жұлдыздар да жұбымен жымыңдасады, анау көрші Шәріптің үйінің алдында өскен қарағаш та мынау айлы түнде сезімге мастанған қос ғашықтай қатар тұр. Көзіне шалынғанның барлығы екеуден, тіпті мына есік алдында ешкімге керексіз болып тұрған тас та екеу, ол бала кезден бар, құдды жер түбінен өсіп шыққандай, орнынан еш қозғалмайды. Нұржамал өзі отырған орындыққа қарады, жалғыз орындық болса да, екі адам сыярлықтай. Өзі отырған орындықтың бір бөлігін қолымен сипады, бос… Көңілі әбден жабырқады, өзін мына әлемде мәңгі жалғыз жаратылғандай, ешкімге керексіз сезінді. Көйлегінің етегіне түннің қараңғылығына жасырынған екі тамшы жас үзіліп түсті.

***

Қалаға қайтысымен бірден жұмысына барды. Бірақ орнында байыз тауып отыра алмады, ойын ой мүжіп, берекесін қашырды әбден. Осылай дегбірі қашып, өз-өзіне сыймай отыр­ған кезде кенеттен жұмыс үстелінің үстінде тұрған телефон шыр ете қалды. Хатшысы екен.

– Нұржамал Асқарқызы, сізге бір әйел хабарласып тұр, есімін айтпайды. Танысымын дейді. Қосайын ба?

– Иә, қос.

Үнсіздікті жасырған аздаған әуеннен кейін тұтқаның ар жағынан өзіне таныс дауыс:

– Жамал, қалың қалай? – деді. Оның Сандуғаш екенін лезде тани кетті.

– Жақсымын. Сол өзің көргеніңдей.

– Сені кешеден бері іздеп таппай жүр едім, Жамалжан, өзіңе өткен жолы айтқан жездем бар еді ғой… Сол кісімен кездесіп көрсең қайтеді? Айтып ем, сені көргісі келетінін айтты. Оған не дейсің?

– Сандуғаш, білесің ғой, менің уақытым жоқ. Әрі мен ол туралы ойланғам да жоқ. Осы тірлігім өзіме ұнайды.

– Мен үшін, өтінемін. Бір рет кездесіп көрші. Одан кейін өзің біл…

Нұржамалдың ойына анасының айтқандары келді. Неге екені белгісіз, ол келісті. Олар жуық маңдағы мейрамханада кездесетін болып келісті.

Нұржамал біраз кідіріп барды. Ол төр жақта отырған Сандуғашты көрді, жанында орта жастағы қара торы ер адам бар. Өзі ұяңдау ма, басын төмен сала береді екен. Жанарында әлдеқандай мұң бары сезіледі. Жарынан ерте айырылған соң, көңілі жетімсіреп, уа­йымға салынып кеткен сыңайлы. Бұдан бұрын Сандуғаш жездесін жақсылап мақтаған. «Өзі жуас, не десең де, көне береді, жақсы жұмысы да бар әрі түрсіз де емес». Иә, расында да, өте ажарлы кісі. Азырақ отырған соң Сандуғаш:

– Ал енді өздерің жақынырақ таныса беріңдер, мен кетейін, – деп орнынан тұрды.

Тілдесуге бәлкім бата алмай, әлде сөзін неден бастарын білмей, Жақып ұзақ үнсіз отырды. Одан соң Нұржамалға көзін тік қадап, әңгімесін бастамақ болды. Сол сәтте байқағаны, әйелдің талдырмаш сұлулығы көзге оттай басылады екен. Жүзі жылы. Дене бітімі де сол күйі, қыпша белі, кеудесіндегі қос анары да әп-әсем дөңгелене қойған, қос алма іспетті. Өзіне сұқтана қарай жөнелген еркектен жасқанды ма, Нұржамал қозғалшақтай берді.

– Нұржамал, сіз білесіз бе, білмеймін, менің қызым бар. Жасы бесте. Анасы қайтыс болғалы тек қызымның қамын ойлаумен, міне, үш жыл өтіпті. Ал қазір ойлап отырсам, қызым есейген сайын анасының орны ойсырап тұрады. Оған ана керек.

Өзіне сүйікті жар іздеген кісіден гөрі баласына күтуші іздеп жүрген кісідей елес­теді Жақып Нұржамалға. Лезде қандай жауап айтарын білмей тосылып қалған Нұржамал Жақыпқа өзінің біраз ойлануы қажет екенін айтты. Жақып орнынан тұрып, жүре берді. Ертеңінде Сандуғаш тағы хабарласты. Біраз уақыт ойлануын өтінді және жездесіне оның ұнағанын да қосты. «Оған тамағын дайындап, кірін жуып беретін әрі қызын бағатын адам керек сыңайлы ғой. Асылы, мұны Сандуғаш ойдан шығарып қоса салды. Жуас, дегеніңе көнеді дегені қайда? Алғаш кездескен күні-ақ маған талап қойып отыр. Әрі біреудің қызын қалайша бауырыма басамын?» деп Нұржамал қандай шешім қабылдарын білмеді. Осы уақытқа дейін жүріп келіп, енді баласы бар адамға қосылады ма? Кенет ойын ұялы телефонының шырылы бұзды.

– Сәлеметсіз бе, мен Жақыппын. Сіз үйіңізде болсаңыз, кіріп шығайын дегенмін. «Жоқ!» деп айтуына аз-ақ қалып еді, ішкі бір дауыс оған қарсылық білдірді. Лезде аузына орамды сөз түспегеніне іштей өкінді, «жарайды» деді арадағы үнсіздікті бөліп. «Келісе салғаным да біртүрлі болды ма, әлде үйде емеспін деп айта қою керек пе еді?..». Сол кезде Нұржамал жүрегінде Жақыпқа деген бір ынтық сезім пайда болғанын іштей сезді.

Енді үйдің ішін жынды адамша әрі-бері кезіп, бір нәрсе іздеп жүр. Не іздеп жүргенін өзі де білмейтіндей. Осынша қобалжығанына таңданады да. Төр бөлмеге дастарқан жасай бастады. Үстіне жаңадан сатып алған қызыл көйлегін киіп, бетіне болар-болмас далап жақты. Есік қоңырауы соғылды, ашса, Жақып жалғыз емес екен. Ізінде кішкене қызы бар. Бейтаныс әйелге жасқана қараған жанары жаңбыр шайған қарақаттай мөп-мөлдір. Қоп-қою қара шашын екі жаққа тастай етіп өріпті. Үстінде аппақ көйлек. Қорғансыз қалған балапандай өзі. Нұржамал жылап жіберді. Жетімдіктің ызғарына кез болған өз тағдыр жолы оралды ойына. Кішкене қызды құшағына қысып, бетінен сүйді. Танауына тығылған жұпар иісі әлемдегі небір кереметтің біріне де теңестіруге келмейтіндей екен. Алланың құдіреттілігін-ай! Бір-ақ күнде үш бірдей жетім көңілді қуанышқа бөледі, өмір бойғы сарыла сағынып, торыға күткен асыл да асқақ арманын бүгін ғана тапты, бүгін оның қаңырап бос тұрған үйіне сәуле шашып, нұр сыйлаған, ең бағалы – әйел бақыты табалдырығынан аттады.

Айкерім ҚИЫҚБАЙ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 1 =