«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әйел әрдайым ардақты

0 82

Халқымызда әйел ұғымы әрдайым ардақты. Ошақтың жылуы, отбасының ұйытқысы, ұрпақты тәрбиелеуші саналған. Қызды қонақ деп құрметтеп, өз үйіне ұзатқанға дейін төрге шығарған. Бой жеткенде сәнімен, салтанатымен теңіне қосып, барған жеріңде бағың ашылсын деп батасын берген. Тіпті қыздың баласы деп жиенін шекесінен шертпеген. Оның қалаған нәрсесін беріп, еркелеткен.

c16d2e00505f5faeabb019d32c5c665e

Қазақтың тарихында қаншама әйелдердің аты алтын әріптермен әдіптелген. Олар қоғамдағы өз орнын біле отырып, байыппен ел ісіне араласқан. Қажет жерінде ерлермен тізе қосып, қолына қару алған. Баласына бесік жырын айтып, әлдиімен бала жүрегін махаббатқа толтырған.

Біздің бір ерекшелігіміз аға буынды, оның алдыңғы ата-бабаларды «әжелер инс­титуты» тәрбиелеген. Оның айқын көрінісі заңғар жазушы М.Әуезовтің «Абай жолында» анық жазылған. Абай Құнанбайұлының тұлғалық дамуына анасы Ұлжан, әжесі Зеренің үлкен үлесі бар.

Жаһандану, жаңа заман десек те ілгеріден ірге ажыратуға болмайды дер едім. Өйткені қазір ертегі айта алмайтын әжелер, баласын әлдилемейтін аналар, әдептен безген қыз­дар көбейіп келеді. Әсіресе, елордада. Оның түбінде ана тілді білмеу мәселесі жатыр.

Әйел, ана ретінде осы жайларға жүрегім ауырады. Сондықтан осы әттеген-айға азда болса амал жасап, біршама істерді атқарып жүрміз. Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан Халқы Ассамблеясының аналар кеңесі ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді жаңғыртып, насихаттауда. «Nomad WOMAN» әйелдердің атқа міну клубы да, «ANA TIME» және «Altyn bala» секілді әлеуметтік жобалар отбасы институтын дамытуға, осы саладағы көптеген мәселелердің түйінін тарқатуға өз септігін тигізіп келеді.

Көктемнің лебімен келген мереке қарсаңында ақ жаулықты аналарымды, қатар-құрбыларымды, әпке-­сіңлілерімді құттықтағым келеді. Ел өміріндегі орны ерекше жандарға жігер, пайым-парасат пен әйел бақытын тілеймін. Әрқашан денсаулықтары мықты болып, өсірген ұл-қызынан құрмет пен қошемет көре берсін демекпін.

Алтынай  ТӘҢІРБЕРГЕНОВА, Нұр-Сұлтан

 қаласы  Қазақстан халқы Ассамблеясының аналар кеңесінің төрайымы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды