Айдос Сарым: Цукербергке жаныңыз ашымай-ақ қойсын!

0 54

Өткен жолы Facebook, Instagram сияқты бірнеше әлеуметтік желі 6-7 сағатқа бұғатталып қалды. Бұдан техноалыптың қожайыны М.Цукербергтің өзі 7 млрд доллар, Ресей экономикасы 80 млн доллар шығынға батты деген дерек айтылды. Өткенде Мәжіліс бірінші оқылымда қабылдаған баланың құқықтарын қорғау туралы заң жобасына қарсылар: «Айдос Сарым әлеуметтік желіні бұғаттап тастады» деп әзілдеп жазды. Бұған қоса, журналистер, қоғам белсенділері, құқық қорғаушылар екінші оқылымға дейін депутаттардан даулы заң жобасынан бас тартуды талап етіп, петиция жариялады. Онлайн-петицияға қол қойғандар саны 10 000-нан асқан. Петиция авторлары бұл заң әлеуметтік желілерді, интернетті шектеу, цензура орнатуды көздейді дейді. Еліміздегі тәуелсіз журналистер мен құқық қорғаушылар билік партиясы заң арқылы сөз бостандығы мен пікір алуандығына шектеу қоюға талпынып отыр деген көзқарасын білдірді. Осыған орай, БАҚ өкілдерін, тұтас қоғам назарын аударған мәселе төңірегіндегі түйткілдердің түйінін тарқату мақсатымен заң жобасы авторларының бірі, Мәжіліс депутаты Айдос Сарыммен ашық сұхбаттастық.

1470978828_img_4983

Айдос мырза, дүйім жұрттың бір түсінбей отырғаны: осы заң жобасы арқылы сөз бостандығына, пікір алуандығына шектеу қойылмай ма? Оған қандай кепілдіктер бар?

– Ең басты кепілдік – сол компаниялардың өздері. Өткенде әлеуметтік желілер 7 сағат жұмысын доғарғанда М.Цукербергтің капитализациясының құндылығы 7 млрд долларға кеміген. Бір-екі контентті алып тастап еді, өзін АҚШ Конгресіне шақырып, жерден алып, жерге салды. Ең бастысы, түсінетін мәселе, бұл заң азаматтардың ақпарат таратуына және т.б. қатысты дүние емес. Қазақстанның ұлттық заңнамасы, бұл заң жобасындағы ұсыныстар сол шетелдік компаниялардың міндеттемелеріне сай келеді. Мәселен,  Facebook, Instagram-дағы парақшаңызға кірсеңіз, тұтынушымен жасалатын келісімшарт деген құжатты көресіз. Жұрттың бәрі мұны оқымай, қол қоя салады. Сол құжаттағы: «Біз терроризмді таратпаймыз», «Балалар порнографиясын насихаттамаймыз», «Азаматтардың құқықтарына қол салмаймыз», «Ешкімді жөн-жосықсыз балағаттамаймыз» деген міндеттемелері біздің ұлттық заңнамамен 99 бір-бірімен сәйкес келеді. Балалардың қауіпсіздігі деген мәселе бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Ол бүгін шешілуі керек. Біз осындай заң қабылдамасақ, ол ешқашан шешілмейді. Себебі бұл – ұлттық қауіпсіздік, азаматтарымыздың құқығын қамтамасыз ету мәселесі.

Бұл заң жобасына қарсы петицияға қол қойғандар саны 10 000-нан асқан. Петиция авторлары бұл заң әлеуметтік желілерді құрықтау, цензура орнатуды көздейді деп санайды. Осы заң Сіздер ұсынған нұсқада қабылданатын болса, әлеуметтік желілер биліктің қолына өтіп кетпей ме? Бұған не дейсіз?

– Біріншіден, бұл – біреудің мүлкі. Біздің қолымызға қалай өтеді? Біздің азаматтардың Facebook-ке, Цукербергке жаны ашымай-ақ қойсын! Ол – ірі миллиардер, алып компанияның қожайыны. Өзінің мыңдаған адвокаты, заңгері, мәселемен айналысатын маманы жетіп жатыр. Басты мәселе – біреу. Бұл заңның саяси көзқарасқа ешқандай қатысы жоқ. Бүгінге дейін Үкімет тарапынан Google-ге және т.б. шағымдар болғанымен, біреуін де орындаған жоқ. Бұл – қақысы. Біздің мақсатымыз – уәкілетті орган құрылуы керек. Сол орган адамның құқы, мемлекет мүддесіне қатысты мәселе туындаған кезде шетелдік компанияға хабарласып, соның ішінде жауапты мамандарын тауып, мекенжайын, байланысатын телефон нөмірін білетін жағдайда болуы керек. 24 сағат ішінде заңсыз контентті алып тастауға әрекет етуі тиіс. Я болмаса, санкциялар болуы ықтимал. Бірақ Ресей, Қытаймен салыстырсақ, біздің мемлекеттің мүмкіндігі аз. Қолымыз аса ұзын емес. Кеше интернетте: «Айдос Сарым интернетті 6 сағатқа бұғаттап тастады» деген әзілді көріп, күліп алдым. Бұл – біздің өміріміздің шындығы. Ал азаматтардың құқығын қорғау – мемлекеттің міндеті. Егер Сіздің балаңыздың құқығын таптайтын бір бейнежазба тарап жатса, Цукербергке емес, мемлекетке шағымданасыз. «Айналайын, Үкімет! Шара қолданыңдар, мына не масқара болып жатыр? Егер ешқандай мүмкіндігі, заңы, талабы болмаса онда не үшін мемлекет құрдық? Не үшін салық төлеп жүрміз?» деген әңгімені өзіңіз бірінші бастайсыз. Екінші оқылымға дейін әлі біраз уақыт бар. Қазір барлық тараптармен сөйлесіп, келіссөз жүргізіп жатырмыз. Заң жобасына наразы болған топтарға да: «Нақты ой, пікір, ұсыныс­тарыңыз болса, айтыңыздар» дедік. Алайда «интернет деген

– Қағба немесе Құран сияқты қасиетті дүние. Бұған ешкім араласпау керек» деген көзқараспен біз келіспейміз. Меніңше, екінші оқылымға дейін бұл заң жобасы талай өзгереді. Тек мені қынжылтқаны мына нәрсе: петицияға қол қойған 10 мың адам бер дедіңіз. Ал Қазақстанда қаншама бала, оқушы, олардың ата-аналарының ой-пікірі де бар. Бұл заң жобасында интернетке қатысты өзгерістер 3-4-ақ пайызын құрайды. Заңның ішінде өте маңызды, өзекті, тағдырлы дүниелер көрсетілген. Біздің қоғам өзінің баласының, бауырының мәселесін талқылау­дың орнына өздерінің ермегін талқылап кеткеніне таңым бар. Бір жағынан, біздің қоғамның шынайы көрінісі осы шығар.

Дамыған елдерде әлеуметтік желілер қалай тіркеледі? Бір-екі елдің мысалын келтіріп, түсіндіріп берсеңіз.

– Мұндай заңнама Еуропаның көптеген елдерінде осыдан 3 жыл бұрын қабылданды. Германияның заңын алып қарасақ, егер әлеуметтік желі заңсыз контентті алудан бас тартатын болса, 50 мың еуроға дейін айыппұл төлейді. Бізде де интернетке қатысты кибердиверсия, кибершантаж, кибералаяқтық сияқты жаңа қылмыс түрлері пайда болуда. Мұның бәріне заң шығарушы орган тиісті жауабын беруі тиіс. Кейбір азаматтардың қарсылығына қарамай, мұндай нәрсені іске асыруы қажет.

Кейбір IT-мамандар Facebook, Twitter сияқты компаниялар халқының саны көп Қытай, Ресей сияқты елдермен ғана санасады деген пікір айтуда. Олар Қазақстанның нарығына мұрнын шүйіріп қарайды дейді. Бұған қандай уәж айтасыз?

– Меніңше, бұл – көбіне-көп эмоциядан туындаған пікір. Өмірдің шындығы өзгеше. Еуропада бізден 5-6 есе кішкентай елдер. Бір мысал келтірейін. Youtobe деген үлкен корпорация соңғы 2-3 жылдың ішінде әр елдерден өз кеңсесіне 10 мыңнан астам адамды жұмысқа алды. Соның ішінде бізден кіші Венгрия, Словакия, Черногория сияқты мемлекеттер бар. Жұмысқа қабылданған мамандар өз үкіметімен қарым-қатынас жасайды. Демек, заң тек бала мәселесін ғана емес, жалпы ұлттық қауіпсіздік мәселесін қамтиды. Бұл – әрбір есі дұрыс елдің жасайтын тірлігі. Қазақстанның нарығы кішкентай деген дұрыс емес. Ірі корпорациялардың өкілдері: «Мұның үлкен бизнес екенін түсінеміз. Қазақстан сияқты елден де қомақты қаражат тауып отырмыз. Бізге жандарың ашымай-ақ қойсын» дейді.  Мысалы, Instagram-ның Қазақстанда 7,8 млн тұтынушысы бар. Әр адамнан 1 доллардан есептесек, жарнаманың өзінен күніне қаншама табыс табады. Өткендегі 6 сағат бұғаттаудан Ресей экономикасы 80 млн рубль шығынға батты деген ақпаратты оқыдым. Бәлкім, Қазақстан Ресейден он есе кіші шығар, бірақ бұл да қаражат. Күн сайын ондаған млн теңге айналым жүріп жатыр. Осының арқасында Цукербергтің компаниясы табысты болып, ол – өзі ірі миллиардер, техногигант атанды. Яғни, олар өз аудиториясын көбейтіп, өз бизнесін қорғағысы келсе, біздің талаптарымызды орындауға әзір болуы тиіс. Кейбір компаниялар Қазақстанға келіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізуде. Және олар: «Біз өкілдік ашпай-ақ қоялық. Бірақ Сіздердің Үкімет пен Парламенттің талабы дұрыс. Біздің қатарымызда қазақтілді маман отырғаны жөн. Оларды өз кеңсемізде отырғызайық, өйткені заңсыз контентті алып тастайтын мекеме – орталық кеңсе» дегенді айтуда. Екінші оқылымға дейін Facebook сияқ­ты компаниялар өз ұстанымын білдіреді деп ойлаймын.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер тіркеліп, елімізде өз өкілдігін ашса, балалардың қауіпсіздігі деген мәселе бірден шешіле қалатынына кепілдік жоқ. Балалардың құқықтарын қорғау басқа заңдардағы нормаларда бар емес пе?

– Заңды дайындаған кезде біз Ресей, Түркия, Сингапурдың тәжірибесін қарадық. Жұмыс істемейтін, қоғамды дағдарысқа апаратын нормаларды қабылдаудан аулақпыз. Өзіңіз ойлаңызшы, билік 8 млн (Қазақстанда инстаграмның 7,8 млн қолданушысы бар) халықты өзіне қарсы қоя ма? Бұл – айдан анық нәрсе. Жұрттың бәрі бізге сұрақ қояды. Ал мен соларға мынадай сауал қояр едім: «Мәселен, сіздің балаңызды, бауырыңызды, әкеңізді, анаңызды, қарындасыңызды, көршіңізді, құрбыңызды интернетте кибербуллингке салып, өмір мен өлім арасында таңдау жасауға мәжбүрлеп жатса, сіз кімге барасыз? Әрине, полицияға, не сотқа жүгінесіз. Бірақ бұл құзырлы мекемелер заңға ғана арқа сүйейді. Сол үшін заңдық негіз керек. Ірі техноалыптардың өкілдері де кездесуде осы мәселені айтты. Әр адам өзінің баласы, жақыны үшін алаңдайды. Шетелдерде ата-ананың бақылауы деген функция бар. Яғни, баланың сыртынан өзіне сездірмей, бақылауға болады. Бала жылап жатса, қолына ұялы телефон, гаджет бере салмай, керісінше: «Сен не көріп отырсың?» деп қызығушылық танытқан абзал. Оның көретін, қызықтайтын нәрсесі өмірлік таңдауына, психологиясына қалай әсер ететіні маңызды. Қытайлар шығарған «Tic-Tok» деген әлеуметтік желі Қазақстанда жұмыс істеуге дайын. Оның өкілдері Үкіметпен бірігіп, арнайы курс, семинар өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Осыдан-ақ, біз дайындап жатқан заңнаманың дұрыстығын аңғаруға болады.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 4 =