АЙДАРБЕК –«АЛТЫН ПАНДА» ЖЕҢІМПАЗЫ

0 167

Тамыз айы еліміз үшін аспаннан алтын медаль жауған ай болды де­сек артық айтпаспыз. Қазақстанға алтын медальді тек спортшы­лар емес, суретшілер де әкеліп жатыр. Түсінбедіңіз бе? Ендеше, көз тігіңіз. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің суретшісі Айдарбек Ғазизов Қытайда өткен «Алтын панда» халықаралық байқауының бас жүлдесін иеленді. Кіл мықты карикатурашылардың ішінен аты озып, бірінші орынды иемденіп қайтқан әріптесімізді жеңісімен құттықтап, аз-кем әңгіме өрбіттік.

Бұл байқау аспан асты елінде екінші жыл өткізілген екен. Биылғы бәйгеге қырық мемле­кеттен ұзын-саны 500 суретші қатысқан. Ұйымдастырушылар бекіткен тақырып үшеу: «Пан­да», «Айдаһар» және еркін тақырып. Кейіпкеріміз байқауға пан­даны мейірімді етіп бейнелеген екі суретін, «еркін тақырып» аталымы бойынша бір жұмысын тапсырған. Еркін тақырыпқа еуроның құлдырауын өзек етіп алған. Міне, астаналық суретшінің пан­дасы әуелгі бесжүздіктің ішінен іріктелген жүздікке енді. Сөйтіп, жүзден жүйрік танылып, «Ал­тын панданың» каталогына енді. Әдетте бұл байқаудың жүлдесі бір ғана қатысушыға берілетін. Бұл жолы қазақпен бірінші орын­ды болгар суретшісі бөлісті. Бәйгенің тартысты өткенін осыдан-ақ байқауға болар. Бұған қоса, еуроның құлдырауын бейнелеген туындысы қазылардың арнайы сыйлығын иеленді. Осылайша, Ай­дарбек Ғазизов елге бір байқаудың екі бірдей жүлдесін алып келді. Бұған дейін бірнеше халықаралық байқауларға қатысқан кейіпкеріміз «жүлделерімнің ішіндегі шоқтығы биік осы «Алтын панда» дейді.

– Бұл байқаудың өтетіні тура­лы мен интернеттен кездейсоқ білдім. «Комсомольская правда» газетінің суретшісі, танымал кари­катурашы Валентин Дружининнің еңбегіне құрметпен қарап, жоғары бағалаймын. Бір жыл бұрын сол ресейлік әріптесімнің «Алтын панда» байқауына қатысып, ар­найы сыйлық алғаны туралы газеттен оқығаным бар. Байқаудың өтіп кеткенін білген кезде «қап, қатысуға болатын еді» деп қызықтап қойдым. Арада бір жыл өткен соң, байқау жарияланған кезде еңбектерімді жібердім, – дейді жеңімпаз жерлесіміз.

Әрқашан сабырлы кейіпте жүретін кейіпкеріміз бұған дейін де бірталай жарыстарға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінгені бар. Мәселен, анау бір жылы Түркияда өткен бір байқауға қатысты. 64 мемлекеттен екі мыңға жуық суретшілердің өнері талқыға түсті. Сол кезде үздік ондыққа еніп, арнайы сыйлықпен мара­патталды. Сол жеңісінен кейін «Қожанасыр карикатурасының 30 жылдығына» арналған байқауға қатысып, үздік отыздыққа енді. Айдарбек ағамыздың қатысқан байқаулары мен қоржынындағы жүлделерді мысал ете берсек, көп-ақ. Әзербайжан, Сирия, Венгрия, Түркия, Болгария, Латвия… деп кете береді. Орайы келгенде оның шығармашылығынан тағы бір мысал келтірейік. Болгарияның ұлттық мұражайында Айдарбек Ғазизовтың салған суреті түр.

Құй сеңіңіз, құй сенбеңіз. Болгарияда өткен бір байқауға ат қосқан ағамыз, сол елдің мұражайында тұрған бір құмыраны салады. Ерекшелігі сол, құмыраның шытынаған жеріне архивінде жатқан бір Болгарияның маркасымен «желімдеп» береді. Міне, тапқырлық! Суретшіге риза болған болгарлықтар жүлделі орын беріп қана қоймай, әлгі суретті мұражайға орналастырды.

Ең бастысы, ол жеткен жеңісіне тоқмейілсіп қалған емес. Сондай-ақ, байқаудан байқау қоймай, жүлде үшін жанталасып жатқан жоқ. Діттегені – бойдағы өнерді ұштап, оқырманға ой салатын дүниелерді тудыру.

– Қоржынымдағы жазған-сызған суреттерімді санап көрген жоқпын. Бұйырғанын салдым. Көбінесе ұлттық тақырыптағы суреттерді салуды ұнатамын. Өйткені, жаны­ма жақын тақырып сол. Әлемдік карикатураға қатысты дүниелерім бар ғой. Дегенмен де, өз ұлтыңа қатысты дүниенің дәмі басқаша болады. Байқауға қатысқанда жеңімпаз атанбасам да, үздіктердің қатарынан көрініп, каталогқа ену біз үшін жеңіс болып саналады. Мен үшін еңбегімнің атағы алысқа кеткен, мүйізі қарағайдай кәсіби карикатурашылардың еңбегімен қатар тұрғаны бір ғанибет, – деп ағынан жарылды Айдарбек аға.

Айта кетерлігі, әлемдік қауымдастықта карикатураға бейнелеу өнері сияқты құрметпен қарап, оның ілгерілеп отыруына зор мән береді. Тіпті, Иран мен Түркияда оқушыларға карикатураның қыр-сырын үйрететін арнайы үйірмелер бар. Бүгінгі таңда дәл осы екі елдің карикатурасы әлем бойынша үздік болып саналатыны содан. Әттеген-ай, біздің елде әзіл суретпен зілді ой айтатын өнерді дамыту тұрмақ, карикатура шеберлерінің басын бір арнаға тоғыстыратын ұйым атымен жоқ.

Бетті дайындаған Айнұр ШОШАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − eight =