АЙБЫНЫ – БІРЛІК, АЙДЫНЫ – ТІРЛІК

0 108

Ел дамуынан, оның өркенді өрістерінен қалыптасқан Қазақстанның даму жолдары мен бедерлі бейнесі, халықаралық аренадағы өзіндік орны, қоғамдық-саяси және экономикалық өрлеуінің жемісті жетістіктері айқын аңғарылады. Қазақстандық патриотизм, ұлттық құндылықтар мен елдік мүдде мәселелері елдіктің айбыны мен айдынына айналды. Жалғасқан дәстүрдің шынайы сабақтастығы ретінде қоғамда кең қолдауға ие болды.

Еліміздің елулікке енуі – Елбасы саясатының, стратегиялық мақсаты­ның берік те айқындығының жар­қын көріністерінің бірі. Елба­сының Қазақстан халқына Жол­дауы мен «Қазақстанның әлеу­­мет­тік жаң­ғыртылуы: Жалпыға Ор­­тақ Ең­бек Қо­ғамына қарай 20 қадам» атты кең көлемді, терең маз­­мұн­ды мақа­ла­сында, «Қазақстан – 2050» Стра­те­гиясында қалып­тасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты, ел дамуының бола­­шағы, мақсат-мұраттары жан-жақ­ты айқын­­далды. Ұлт пен ұрпақ қамы, мәдени-рухани аспекті­лер, білі­­ми-ғы­лыми арналар, тәлім-тәрбие та­­ғы­­­лым­­дары да негізгі назарда болды.

Осы реттен алғанда, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы (ХДП) жаңа саяси доктринасының басты бағыттарынан Қазақстанның экономикасы мен саяси-әлеуметтік жүйесі кең көлемде орын алады. Ел дамуының өркенді өрістері, бәсекелестікке қабілеттілік, әлеу­мет­тік бағдарлы мемлекетті құру мәселелері жан-жақты қозға­лады. Бастысы, «Нұр Отан» партиясы­ның бүкіл халықтық миссиясынан ұлт­тық мұрат-мүдде басым бағыт­тарға ие болып, азаматтық қоғам мен зияткерлік ұлттың белгі-ерек­ше­­ліктері айқындалады. Адам өмірі мен еңбегіне, құқықтары мен бос­тан­­дықтарына кең өріс ашы­лып, ұлт мұраты, ел тарихы мен дамуы­ның эволюциялық жолы, болашақ бағыт-бағ­дар­лары кеңінен көрініс табады.

«Нұр Отан» партиясының жа­ңа саяси доктринасы бірнеше ба­сым бағыттардан тұрады («Нұр Отан» пар­­тиясының ХХІ ғасыр­­­дағы миссия­сы»; «Біздің құндылықтары­­мыз»; «Азамат және мемле­кет: өзара іс-қимылдың жаңа қағи­­­дат­­­тары»; «Жаңа бағыттың мақ­сат­­тары: табысты дамудың жеті фак­­торы»; «Пар­тияның тарихи жауап­­кер­­шілігі»). Онда, әсіресе, Қазақ­стан­ды өркендету, Тәуелсіздікті ны­ғайту, Отанға сүйіспеншілік, ұлт тұтас­тығы мен қоғамдық келісім, азамат­тардың зияткерлік және жа­сам­паздық әлеуеті, отбасы және дәс­түр құнды­лықтары кеңінен сөз етіледі. Адам мен оның өмірі, құ­қық­­тары мен бостандықтарына зор маңыз беріледі. Азаматтық қо­ғам, де­мокра­тиялық дәстүрлер мен мә­де­­ниеттің дамуы жан-жақты орын алады. Әлеуметтік саясат, эко­но­­ми­калық даму, инновациялық ба­ғыт­тарға кең өріс ашылады. Бар­лық қазақ­стан­дық­тардың сапалы білім алуы, медициналық қыз­мет пен қол­жетімді тұрғын үй мәсе­лелері де басты назарда болады. Ұлт­­тық мұрат-мүддеге адалдық, қор­ғаныс қабі­летін нығайту, қауіп­сіз­дікті қамта­масыз ету мәселе­лері де кеңінен қозғалады. Елдің қо­ғам­дық һәм саяси бағыты, әлеумет­тік арналардың өркендеуі мен тұ­рақ­тылығы басты назарда болады. Жаһан­дану һәм бәсекеге қабі­лет­тілік ба­ғыттары да назарда тұрады.

Ақиқатында, «Нұр Отан» пар­тия­сының басты миссиясында «Қазақстан-2050» Стратегиясы, қоғамдық һәм әлеуметтік-саяси жүйесі, бәсекелестікке қабілеттілік, дамудың эволюциялық жолы кеңі­нен көрсетіледі. Қоғамдық келі­сім мен ұлтаралық татулыққа, дос­тық қарым-қатынасқа көп көңіл бөлі­неді. Елбасы бастамалары мен ұстаным­­дары, Тәуелсіздік табиғаты мен тағы­­лымы, елдік мүдде мен дәстүр құн­ды­лықтары жан-жақты қозға­­лады. Бас­тысы, ұлт мұраты мен құнды­лықтары, атап айтқанда, адам мен оның еңбегі, өмірі мен өнегесі кең орын алады. Ол туралы: «Біздің миссиямыз – дамудың эволюциялық жолын қамтамасыз ету, сондай-ақ, өркендеген, бәсе­кеге қабілетті әрі әлеуметтік бағдар­лы мемлекетті құру. Мұнда әрбір мақсат­кер, еңбекқор және заң тәрті­бін сақ­тайтын азамат табысқа жетіп, өзіне де, қоғамға да пайда келті­реді» деп атап көрсетеді.

Доктрина жобасында ұлт мұраты мен тәуел­сіздік мәселесіне кең орын беріледі. Ұлтқа адалдық, Отан­ға сүйіс­пеншілік, еңбекке қызы­ғушылық пен тұрақтылық сынды қастерлі ұғымдардың сыр-сипат­тары ашылып, маңыз- мәні айқын­далады. Ұлтқа қызмет пен тәуел­сіз­діктің баяндылығы жолында табанды да тұрақты еңбек ету – абы­ройлы да кәделі, сауапты істер­дің бірі екендігі баса көрсетіледі. Ұлтты қорғау мен қалып­тастыру, Тәуелсіздік жолын­дағы ата-бабала­рымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен күн-түн қатып, жанкешті әрекеттерге баруы – елдік пен ерліктің үздік үлгісі, ғажайып өнегесі екендігі негізгі назарда тұ­ра­ды. Оған төмендегіше түйін жасалады: «Тәуелсіздік – еліміздің бас­ты құндылығы. Біз бүгінгі жетіс­тік­теріміздің қай-қайсысына да Тәуел­сіздіктің арқасында қол жет­кіздік. Сондықтан, Тәуелсіздік біз үшін – баға жетпес байлық!

Мем­лекет пен қоғамның бар күш-жігері Тәуелсіздікті нығайтуға ар­на­луы тиіс. Осы мақсат үшін қыз­мет ету және мемлекетті қорғау – та­рих­тың, сондай-ақ, келешек ұр­пақ алдындағы әрқайсымыздың аза­мат­тық парызымыз. Мұны жас ұр­пақ әр­қашан жадында тұтқаны абзал».

Ел бірлігі, тұтастығы мен тұрақ­тылығы басты құндылықтар ретінде көрсетіледі. Ол, әсіресе, адам мен бостандық, бірлік пен әділеттілік, достық пен татулық, дәстүр мен сабақтастық, дін мен діл, білім мен ғылым, тарих пен таным, мейірім мен шапағат, тәлім-тәрбие т.т. төңірегінде кең өріс алады.

Елорда мен Елбасы, ұлттық рә­міз­дер мен мемлекеттің міндетті атрибуттары да тиісінше орын алып, оған деген жас ұрпақтың құр­меті мен тағзымы айрықша болу қажет­тілігі жіті көрсетіледі. Елдік мүдде мен ұлттық қауіпсіздікті қорғау мис­сиясы осы тұрғыдан ұнамды көрініс табады.

Қазақ руханияты мен мәдениеті мәселесі ұлттық құндылықтардың басым бағыттарын айқындайды. Ұлт тарихының әуелгі бастаулары мен даму кезеңдерінің бәрі-баршасында – руханият өрісі, мәдениет өрнек­тері көптеп кездеседі. Руханият құн­ды­лық­тары қалып­тасып, тарих пен мәдениет, дәстүр мен са­бақ­­тастық, дін мен діл, білім мен ғылым, таным мен тіл т.т. жүйе­лі дамуы – мемлекеттілікті ны­ғайту, тәуел­­сіздік­ті баян­ды ету, бәсекеге қабі­лет­тілікті арттыру ісіндегі айрықша фак­тор­лардың бірі болған­дықтан, оның маңыз-мәні барынша айқын көрсетіліп, бедерлі беріледі. Маңыз­дысы, әрине, ел бір­­лігі мен бере­­кесі, татулығы мен туысқандығы ай­рықша мәнге ие болады. Ел дамуы­ның өрісті өр­нектері, жасам­паздықтың жар­қын көрі­ніс­тері де осыған келіп саяды. Бұдан, сөз жоқ, елдің айбыны – бірлік, айдыны – тірлік екені танылады.

Тұтастай алғанда, «Нұр Отан» ха­лық­тық-демократиялық партиясы Қазақстанның дамуы мен өркен­деу бағыт­тарын баянды етуге, халық­ты бірлік-берекеге шақырып, ортақ мақсат жолында еңбек етуге ұйыт­қы болып келе жатқан бірден-бір саяси күш ретінде қоғамда ай­рық­ша орын алады.

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − six =