АЙБЫНДЫ БІЗДІҢ АРМИЯ

0 176

Тәуелсіздіктің көк байрағы желбіреген алғашқы тұста жедел шешімін табуға тиісті мың сан міндеттердің ең бастыларының бірі де, бірегейі де – Отанның берік қалқанын орнату болды. Сол бір қарбалас күндердің бірі – 1992 жылғы 7 мамырда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына қол қойды. Ал, 1998 жылдан бастап бұл күн еліміздің күнтізбесіне Отан қорғаушы күні – кәсіби мереке ретінде кірді.

Армиямызды құрғанға дейінгі алғашқы қадам Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру болған. Комитет өз қызметінің басында елімізде орналасқан барлық әскери бөлімдермен тығыз байланыс орнатып, олардың жағдайлары туралы ақпараттар алған болатын. Сонымен бірге, Қазақстан Президентінің аппаратында және Министрлер кабинетінде әскерлерді басқару жүйесін тиімді ұйымдастыру үшін Қорғаныс бөлімі құрылды.

Сол кезде жұмыс күні-түні қайнап жатты. Кәсіби мамандар жетпейтін еді. Бұрынғы Кеңес Одағының офицерлері – Орта Азия, Түркістан әскери округтерінде қызмет еткендер, өздерінің туған елдеріне кетіп жатты. Бірақ та біз де қарап қалмадық, ұлттық армиямызды бұрынғы одақтық республикалардан Отанымызға оралған әскери қызметшілермен толықтыра бастадық. Сонымен бірге, Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесінің базасын кеңейтіп, жаңадан факультеттер аштық. Ұлы Отан соғысы кезінде әскери қызметшілерді қысқа офицерлік курстарында даярлайтын сол тәжірибені біз де қолға алдық.

«Көш жүре түзеледі» дегендей, көп ұзамай Елбасының Жарлықтарымен және Өкімдерімен Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы белгіленді. Президенттің ұсынысымен мемлекетімізде бірқатар маңызды заңдар қабылданды. Бір ғана қауіпсіздік саласында ішкі әскерлер туралы, қорғаныс туралы, жалпы әскери міндеттілік пен әскери қызмет, әскери қызметшілердің зейнеткерлік қамтамасыз етілуі және басқа да әскерилерге қажетті заңдар қабылданып, егемен армиямыздың құрылуы мен қалыптасуына жол ашып берді. Қазақстан Республикасының бірінші Әскери доктринасы 1993 жылы 11 ақпанда Елбасы бекіткеннен кейін күшіне енді. Сол кезден бастап армиямыздың іргетасы қалана бастады. Әскердің тектері, құрылымы, округтердің орналасу мекені, кадрлармен жасақтау, оларды оқыту және тәрбиелеу, қару-жарақпен, жаңа әскери жабдықтармен жарақтандыру, мемлекетаралық әскери қатынастар орнату – бәрі-бәрі жаңа сала еді. Қорғаныс министрлігі Бас штабының басшылары әскерлерді басқарумен бірге жауынгерлікті жөнге келтіру, атқарушы билік органдарымен және қуатты ведомстволармен қарым-қатынасын қамтамасыз ету, қаржылық, тылдық және материалдық қамтамасыз етуді ұйымдастыруды қолға алды. Жоғарғы Бас Қолбасшының қатысуымен Қарулы Күштерінің бөлімдерінде алғашқы жаттығулар өтті.

Президенттің Жарлығымен Қарулы Күштер түрлерінің байрақтары, әскери бөлімдері мен әскеріміздің рәміздері бекітілді.

Бір сөзбен айтқанда, өзгерген жағдайға байланысты жаңа Қарулы Күштердің мақсаты мен міндеттері оны шешудің жолдары белгіленген нормативті-құқықтық база жасалды.

Еліміздің басшылығы аға ұрпақтың ерлік дәстүрлері негізінде тәуелсіздігіміздің жарқын болашағының сенімді қорғалуына ерекше назар аударып отырғаны ақиқат. Қарулы Күштерді құрудың алғашқы жылдарындағы кемшіліктер қазір жадымызда елес болып қана қалды. Төл әскерлерімізді құру жолында небір батыл шешімдер қабылданды. 1999 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының 1999- 2005 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясы бекітілді. Осы құжаттағы міндеттерді нақтылай түсу мақсатында республика Президентінің 2000 жылғы 10 ақпандағы Жарлығымен Қазақстанның екінші Әскери доктринасы бекітілді. Соның негізінде төрт әскери-аумақтық құрылымдар – «Шығыс», «Оңтүстік», «Орталық» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтары құрылды. Негізгі әскери құрылымдардың үш тегі қалыптасты.

Бүгінгі аға буын жақсы біледі, кешегі Кеңес әскерінің құрамында қазақ офицерлері некен-саяқ болып келетін. Енді қараңыз, полковник, подполковник, майор шеніндегі қазақтың тепсе темір үзетін жайсаң жігіттері көз сүйсіндіреді. Ерлік даңқы әлемді шарлаған Баукеңнің өзі полковник шенінен әрі көтеріле алмағанын еске алайықшы. Тіпті, соғыстан соң болашақ генералдарға әскери академияда сабақ берген Бауыржанның иығына генерал погоны бұйырмай кетті емес пе?!

Ал қазір Құдайға шүкір, алтын жіпті погон таққан қазақ әскерилері жетерлік. Зерделеп көрсек, осының өзі тәуелсіздігіміздің арқасы. Кешегі Кеңес заманында қай қазақтың отбасынан бірнеше офицер шығып еді? Енді қараңыз, бір үйдің еркеккіндіктілері түгелдей дерлік офицер погонын тағынған Қарағандыда тұратын Ғайша Ошақбаева апайдың бір қыз, жеті ұлы бар. Осы жеті ұлдың алтауы – Мұрат, Марат, Ерқанат, Жангелді, Әлібек және Әліби Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің офицерлері.

Бұрындары әскери училищелерге ынтыға қоймайтын қазақ жастарының қазір әскери қызметке ынтасы ерекше. Әскери кадрларды даярлайтын әскери оқу орындарымыз бар. Оларда мыңдаған болашақ офицерлеріміз оқып- жаттығып жатқаны дәтке қуат. Бұған қоса, бұрындары жастар арасында түрлі сылтаулармен әскерге бармай қалушылық болса, бүгінде әскерге баруға қолы жетпей жүрген жастар да бар.
Ерлік салты бүгін ғана пайда болған жоқ. Ол ертеден келе жатыр. Кешегі батыр бабаларымыз ерліктің тамаша үлгілерін көрсетсе, бүгінгі қазақ жігіттері сол батыр бабаларымыздың дәстүрін ілгері дамытуда.

Ежелден еркіндікті, бейбіт өмірді, ынтымақты жақтаған халқымыз іргелес көршілерімен тату-тәтті тұруды мұрат тұтқан. Сондықтан да, біз бірінші болып ядролық қарудан бас тарттық. Есесіне, бес ядролық держава – АҚШ, Ресей, ҚХР, Ұлыбритания және Франция біздің қауіпсіздігіміз бен аумақтық тұтастығымызға бірлескен әрі кең ауқымды кепілдік берді. Біз, осыншама айбарлы елдердің қолдауына ие бола тұрсақ та, мемлекетіміздің қауіпсіздігін бір сәт те естен шығармаймыз және бейбіт аспанымызды бұлт шалмайтынына сеніміміз зор.

Бүгінгі Қазақстан армиясы ТМД елдері әскерлерінің ішінде үшінші орында. Бұл тұжырымды біз емес, әлемнің ең мықты әскери сарапшылары жасаған. Біздің армиямыз ең жаңа әскери техникамен жарақталған, білікті әскери кадрлары жетерлік армия. Бұған негіз болған сонау тоқсаныншы жылдардың орта тұсында Елбасымыз – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың армияны жаңа сапалық тұрғыдан жаңғырту үшін біздің әскеріміз ықшам әрі ұтқыр, кәсіби болуы керектігі жөнінде алға қойған міндеті болды. Міндет мінсіз орындалды. Бұған армиямыздың өзінің 20 жылдығы қарсаңында шыққан биігі айқын дәлел.

Жуырда баспасөзде Қазақстан Республикасының Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы туралы» бұйрығы жарияланды. Онда мынадай жолдар бар: «Қазақстан Республикасының Үкіметі 7 мамыр – Отан қорғаушы күнін Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі деп белгілеуді көздейтін «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын Парламентке енгізсін». Бұл бұйрық қазірдің өзінде орындалды десек те болады. Демек, келесі жылдан бастап 7 мамыр мемлекеттік мерекелер тізімінен орын алады деген сөз.

Ерғазы ӘСЕМБЕКОВ,
республикалық әскери-патриоттық «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналының бас редакторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + 5 =