Айбынды азамат

0 22

Құрылыс техникумын бітіріп қолына дипломы тиген күні Талғат Солтыбаев әскерге шақыру алды. Бала кезінен елгезек болып ер жеткен жас жігіт көп ойланбастан жолға жиналды.Арада бірнеше күн өткенде Мәскеу әскери округіне қарасты танкіге қарсы артиллерия әскери-оқу бөлімшесіне түсті. Арада алты ай өткенде сержант атағын алды. Бұл 1987 жылдың қазаны болатын.
Полк басшылығының бұйрығына сәйкес тағы ұзақ жолға шықты, бұл жолы әскери қызметін жалғастыру үшін Ташкентке аттанды. Жылы жаққа келдім деп қуанып жүргендері сол еді, бұл жақтағы басшылар да бір бұйрықты дайындап отыр екен. Әскери өмірдің алғашқы ауыртпалығын өзімен бірге көтерген достарымен қимай-қимай қоштасып, Кабулға бір-ақ ұшты.
Бірнеше күн жол жүріп қалжыраған сержант Солтыбаев Баграм провинциясына түседі. Солтүстік Саланг аймағындағы мотоатқыштар полкінің бірінші батальоны тұрған жердің тауы мен тасы басым екен. Талғатқа мұндағы жауынгерлердің де түр-түсі суық болып көрінді. Күнге қақталған жігіттердің ыстық күнге әбден ысылғаны айтпай-ақ аңғарылады.
Табиғатынан еті тірі қазақ жігіті мұндағы командирлердің де назарына түсті. Біліктілігін бірден аңғартқан жас сержантты батарея басшылығы взвод командирінің орынбасары етіп тағайындайды. Осылайша алапат жайлаған Ауғанстан жеріндегі әскери қызметі басталады.
Бес қаруын асынып апта сайын, кейде күнара «рейдке» шығады. Рейд дегені – бұйрық бойынша берілетін тапсырмалар. Қалай дабыл түссе. Күн демей, түн демей, ауыр артиллерия орудиясын «тізгіндеп» алып жол тартады.
Осындай өмір мен өлім тайталасқа түскен бір оқиғаны Талғат ешқашан ұмытпай келеді. Ауғанстанға келгеніне жарты жылдай болып қалған. Батареяға жаңа командир тағайындалған кез. Сол комбат кезекті кешкі сапқа түзілу кезінде бүкіл батальон алдында «Бізге жедел түрде 5 тонна жанармай керек. Таңертең ерте Пандшер жаққа шығатын болдық. Бұл – жоғары басшылықтың бұйрығы. Сондықтан мен бұл тапсырманы сержант Солтыбаевқа жүктеймін. Дайынсың ба, жолдас сержант, әлде қорқасың ба?» деп дүдәмал сұрақты қойып қалады. Осы сәтте, қас-қағымда ойланбаған Талғат «Мен дайынмын! Кіммен баратынымыды өзім таңдайын ба, жолдас майор» деп тақ ете қалады.
…Талғат жанына қостанайлық жерлесі сержант Притуланы және машина жүргізуге епті башқұрт жігіті Русланды ертіп жолға шығады. Түн іші болса да, провинция орталығында орналасқан полк бекетінен жанармайды толтырып алып, көңілі жайланып кері қайтып келе жатқанда, кезекті бір тау шатқалын айналып өте бергенде гүрс-гүрс атыс басталып кетеді. Притула оқ жақтан пулеметпен, Талғат сол қапталдан безілдетіп оқ жаудыра жөнеледі. Бір сәтке тоқтауға болмайды. Оқты да үнемдеу керек. Өйтпесең, не өлесің, не пленге түсесің. Осындай өмір мен өлім беттескен кезде жанып жатқан бензовоздың алдына ауғандық жүк машинасы келіп кесе-көлденеңдеп тоқтайды. Үшінен үш душман атып шығады. Сол сәтте-ақ оларды Притуланың зеңбірегі жер жастандырып жібереді. Содан үш жауынгер тау жағалап жүгіре береді, жүгіре береді… Қай уақыт екенін белгісіз, бір жарықты сығалып келсе, біздің әскердің бекеті болып шығады. Бұларды байқап қалған түнгі сақшы жауынгер: «Тоқтаңдар! Атамын! Кімсіңдер?» деп бұйыра дауыс көтереді. Сонда Талғат: «Біз шуравиміз… Артполктанбыз…» деп жанұшыра жауап береді. Бұйрыққа бағынып, қару-жарақтарын жерге тас­тап қарауыл жауынгерге жақындайды. Кейіннен білсе, бұл үш жауынгер сол түні 40 шақырымдай жол жүріп өткен екен. Осылайша бір ажалдан аман-есен қалған жауынгерлер өздерінің батареясына қайтады. Әбден қалжырап жеткен жігіттерді қарсы алған аға лейтенант Губин Талғатты құшағына тартып «Батырсыңдар, енді сендердің екінші өмірлерің басталды» деп көзіне жас алыпты.
…Алатаудың баурайындағы ауылда дүниеге келіп, Алматыда ер жеткен, Талғат Солтыбаев шынымен де «көйлек ішінде» туған десе болады. Әскерден оралған жауынгер-интернационалист құрылыс саласында еңбек етіп жүріп, Қазақ мемлекеттік архитектура-құрылыс институтын, сонымен қатар заңгер мамандығы бойынша да жоғары білім алды. Құрылыс шаруашылығын жақсы меңгерген Талғат Солтыбаев 2005 жылы елордаға жұмысқа шақырылады. Астана құрылысына өзіндік үлесін қосқан жауынгер-интернационалист «ВІ Групп», «Астана строймонтаж-1» секілді ірі кәсіпорындарда жауапты жұмыстар атқарды. Бірнеше рет марапаттау­ларға ие болды.
Жауынгер-интернационалист Талғат Солтыбаевтың тағы бір атап айтарлық қасиеті, қоғамдық тұрғыдағы белсенділігі екенін білеміз. Нұр-Сұлтан қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі аясында өткізілетін іс-шаралардың ортасында жүреді.
Ерлік пен еңбектің қадірін білетін ардақты азаматтың кеудесінде жарқыраған «Айбын» ордені мен «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» төсбелгісі сол өнегелі өмірінің айшықты көрініс­тері болса керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + 13 =