«Айбозым, айхой бозым, даңғыл бозым»

Сурет сыры

0 190

Қазақ ән өнерінің бір биігіне айналған Біржан салдың ию-қиюы мол өмір базарынан қайтып, сырқаты меңдеп, жаны күйзелгенде шығарған, сырлы сөзі мен сазы үйлескен «Айбозым» әнін жұртшылық жақсы біледі. Бұл әнді алғаш сахнада орындап, тыңдарманымен табыстырған, дүлдүл әнші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Қайрат Байбосынов. Біз бүгінгі әңгімемізде бір кездері ұмыт бола бастаған осы туындының қайта жарыққа шығуына себі тиген бір оқиғаны баяндамақпыз. Оған белгілі ақын, қаламы жорға журналист Қорғанбек Аманжолдың құнды жәдігер деп айтуға тұратын бір суреті себеп болды.

– 1981жылы біздің Көкшетауға талантты композитор, өнертанушы, Ілия Жақанов ат басын бұрды. Оның себебі, алдағы 1982 жылы Біржан сал бабамыздың 150 жылдығы республика көлемінде тойланатын болып, соған орай Үкіметтің қаулысы шықты, – деп бастады сөзін ақын.
– Ілия ағамды сыртынан жақсы білем, әндерін сүйіп тыңдаймын. Сондай қадірлі кісінің Көкшетауға келуі кәдімгідей бір оқиғаға айналды. Ағамыз ол кезде Қазақ радиосының музыкалық редакциясын басқарады. Мен облыстық газеттің мәдениет, әдебиет бөлімінің меңгерушісімін. Басылым редакторы, жазушы Жанайдар Мусин мені Ілекеңнің қасына қосып берді. Сөйтіп, Ілия аға екеуміз даңқты бабамыз туған ауылға тартып кеттік. Ол кезде Еңбекшілдер ауданы еді, қазір Біржан салдың атымен аталады.
Өзім осы сапар барысында көп нәрсеге көзім жетіп, қаныға түстім. Көкшенің баурайында өсіп, сонда тұрғаныммен Біржан салға байланысты біраз дүниені біле бермейді екенбіз. Ілекең Алматыдан сапарының жоспары мен бағытын, әңгімелесетін адамдарын нақты белгілеп, дәлдеп шығыпты.
Сол жылы Еңбекшілдер ауданындағы Жөкей көлдің жиегіндегі Казгородок деген ауылда Шәймұқан Омаров деген ақсақал тұрды. Ол кісіге бізді Болат Бекенов деген мектеп директоры болып істейтін, зиялы азамат ертіп апарды. Бұл Болат, 37-ші жылы ұсталып, жазықсыз атылып кеткен, қазақтың бір аяулы перзенті, жазушы Елжас Бекеновтың ұлы. Содан Шәймұқан ақсақалдың үйіне келдік. Сол кезде ол кісінің жасы жетпісті жағалап қалса да санасы сергек, жадысы мықты. Қария бізді құрақ ұша қарсы алып, Біржан сал туралы арғы-бергі үлкендерден естіген әңгімелері мен әндері жайында салиқалы сөз өрбітті. Әңгіме үстінде ол кісі «Айбозым» әнін есіне түсіріп, ақырын ыңылдап отырып, айтып берді. Ілекең үлкен олжаға кенелгеніне қуанып, әнді магнитофонына жазып алды.
Содан Ілия ағамыз қариядан «Айбозым» әні қалай шықты, оны кімдер орындады – барлығын суыртпақтап, егжей-тегжейлі сұрады. Шын мәнінде, бұған дейін Біржан салдың «Айбозым» деген әні бар екенін ешкім білген жоқ. Кезінде тұғырлы тұлға туралы құнды мәліметтер берген Қарта, Есім Байболов деген қарияларда ешқандай дерек келтірмеген. Ал Ілекең оны қайдан білді дегенде, осы әнді Шәймұқан қарттан он шақты жыл бұрын көкшетаулық журналист Әуез Өттев жазып алған. Ол әннің таспасын Әбілғазы Боқанов деген бір зиялы жан, кейінірек Қазақ радиосының музыка редакциясының бас редакторы Ілия Жақановқа әкеп береді. Бірақ әннің таспаға жазылу сапасы нашар болғандықтан, Ілия ағамыздың Шәймұқан ақсақалға әдейі келуінің бір себебі осы екен.
Шәймұқан қария бұл әнді Біржан салдың жанында жүрген Оспан деген әншінің қызы Кәтуден үйренген. Оспанның өзі ақсары, қағылез, жұқа кісі болғанымен, ән айтқанда дауысының зорлығы сол, үйдің төбе тақтайын тіліп жібере жаздайды екен. Қызы Кәту де әкесі секілді ғажайып әнші болған, бірақ ерте тұрмысқа шығып, жастай өмірден өтеді.
Алматыға келгеннен кейін Ілекең: «Айбозым, айхой бозым, даңғыл бозым» деп басталатын ән төресіне өзі қайырмасын жазып, Қайрат Байбосыновқа орындауға беріп, эфирге шығарып, әннің бағын жандырды. Сол сапар барысында Ілия ағам екеуміз Шәймұқан ақсақалды ортаға алып фотоға түстік. Сол суреттің сыры осы, – деп сөзін тәмамдады Қорғанбек аға.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 2 =