Айбек – алтын, Нұрбек – күміс жүлдегер

0 26

Германияның Кёльн қаласында бокстан өткен халықаралық турнирде астаналық ағайынды боксшылар жеңіс тұғырына көтерілді.

Әлемнің 16 елінен былғары қолғап шеберлері қатысқан турнирде Қазақстан атынан сынға түскен ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбайлар жақсы нәтижеге қол жеткізді. Атап айт­қанда, 91 келі салмақта сынға түскен, жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының чемпионы Айбек Оралбай финалда бразилиялық Джуниор Абнерді ұтып, халықаралық жарыстың жеңімпазы атаса, ал жастар арасындағы әлем чемпионы Нұрбек Оралбай 81 келі салмақта күміс жүлдегер атанды.
Бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі болып жүрген елордалық егіз боксшылардың бапкері Асқар Еркебаев: «Жарысқа барлық елден нөмірі бірінші деген спортшылары қатысты. Менің шәкірттерім ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбайлар жақсы өнер көрсетті. Финалда Нұрбекті қарсыласына есе жіберді деп санамаймын. Шәкірттеріме ризамын. Қазақ боксының деңгейін көрсеттік деген ойдамын. Бір алтын, бір күміс жүлдені елордамызға алып келдік. Алдағы мақсатымыз – әлем чемпионатына қатысып, жүлдегерлер қатарынан көріну. Тәжірибемізді шыңдап, жоғары дәрежеде өнер көрсетеміз деген сенімдемін» дейді шәкірттерінің жеңісіне қуанып.
Жалпы, Германия өткен халықаралық турнирден елордалық боксшылармен қатар Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі, Қызылорда облысы) алтын, Сәкен Бибосынов (52 келі, Түркістан облысы), Оразбек Асылқұлов (57 келі, Ақмола облысы) және Ертуған Зейнуллинов (63 келі, Алматы облысы) күміс жүлдегер атанды. Жалпы командалық есепте ел құрамасы бірінші орынға ие болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 2 =