Ахуал тұрақтанды. Ауру бәсеңдеді

0 16

Биыл мамыр айында сәуірмен салыстырғанда COVID-19 инфекциясының таралуы 1,6 есе төмендеді. Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деп, елімізде ауру жұқтыру деректері азайғанын хабарлады.Расымен соңғы аптада індет анықталған жағдайлардың саны 15 мыңнан 12 мыңға дейін немесе өткен аптамен салыстырғанда 21%-ға төмендегені байқалды. Биыл 1 маусымдағы жағдай бойынша төсек орындардың күнделікті қамтылу мониторингіне көз жүгіртсек, елімізде инфекциялық аурулар бойынша төсек орынның 28%-ы бос емес, реанимациялық төсектердің қамтылуы 24%-ды құрайды.
– Қазіргі уақытта елімізде індет бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталып келе жатқаны аңғарылады, өңірлер қызыл аймақтан біртіндеп шыға бастады. Болжамға сәйкес сырқаттану реалистік сценарий бойынша дамып жатыр. Алайда тұрақты жағдайды сақтау үшін жергілікті атқарушы органдарға вакцинация қарқынын арттыру және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, – деді министр.
Індетпен күрестің басты жолы – халықты індетке қарсы вакцинациялау жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда вакцинаның шамамен 3,2 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде бірінші компоненті 2 131 519 адамға егілді, бұл – ұжымдық иммунитет қалыптастыруға қатысатын халықтың 21%-ы. Екпенің екінші компоненті 1 074 954 адамға салынған. А.Цойдың айтуынша, бүгінде егу пункттерінде вакцина мөлшері жеткілікті, бірінші компоненттің шамамен 330 мың және екінші компоненттің 811 мың дозасы бар. Маусым айында бұған қосымша COVID-19 вакциналарының 2 млн-ға жуық екі дозасы жеткізіледі деп жоспарланған. Тағы бір маңызды жаңалық – осы аптада Қытайдан 500 мың CoronaVac вакцинасының жеткізілгендігі. Осылайша Қазақстанда коронавирусқа қарсы 4 түрлі вакцина қолжетімді болып отыр.
Кеше ғана АҚШ пен Австралияда екпе алуға елді ынталандыратын ұтыс ойындары мен жолдамалар ұсынылатыны туралы жазғанбыз. Бұл үрдістен Қазақстан да құр алақан емес екен. Мәселен, Алматыдағы Globus сауда ойын-сауық орталығында екпе алған тұрғындары арасында жүлделі ұтыс ойындары өтіпті. Сауда орталығындағы егу пунктінде індетке қарсы екпе алған жүзден астам алматылық олжалы болса, бас жүлде IPhone 12 смартфонын 20 жастағы медбике Әлім Марғұл иеленді. Бойжеткен №30 емханада бір жыл жұмыс істейді. Мамыр айының басында Globus сауда орталығында вакцина алған. Осы үрдіс Шығыс Қазақстан облысында жалғасты. Кәсіпорындардың бірі ауруға қарсы вакцина алған жұмысшыларына демалыс орындарына жолдама беріп жатыр. Алтай ауданының мұғалімдері вакцинаны алғашқылардың бірі болып қабылдаған. Білім бөлімінің кәсіподақ ұйымы педагогтерге Алакөлге 20-дан астам жолдама бөлді. Сонымен қатар «Қазмырыш» ЖШС компаниясы да вакцина алған жұмысшыларына демалыс орындарына 50 пайыз жеңілдікпен жолдама беруде. Бұдан бөлек, оларға мәдениет орталығының спортзалында тегін жаттығуға рұқсат етілген.
Өкінішке қарай, елордада мұндай ынталандыру шараларының өткенін байқай алмадық. Бәлкім, бұл бас қала халқының екпе салу науқанына онсыз да белсенді қатысуынан болар. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі берген мәліметтерге сүйенсек, қазір елордада екпенің бірінші компоненті 163 286 адамға салынған, ал екінші компонентін 99 824 адам алған. Жалпы, қалада қазір вакцинация науқанына тәулігіне 1200-1300 адамнан қатысып жатыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 2 =