«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

АХҚО халықаралық қаржы капиталының қомақты бір бөлшегіне айналды

0 190

Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) ресми ашылуы Astana Finance Days шеңберінде өтті. Оның аясында «AIFC Digital Exhibition» цифрлық бастамалар көрмесімен қатар: Ислам экономикасының Астана форумы, Жасыл технологиялар форумы, Жаһандық қаржы форумы, Халықаралық капитал нарықтарының 2-нші Астана форумы, FinTech 2018, Еуразиялық экономикалық комиссияның сессиялары, АХҚО-ның құқықтық мәселелер жөніндегі конференциясы ұйымдастырылды.


Атап айтсақ, 3-4 шілде күндері Конгресс-орталықта өткен Ислам экономикасының Астана форумында мұсылман елдерінің экономикалық және геосаяси өсуі, олардың жаһандық экономикадағы рөлі, жаңа нарықтардың пайда болу келешегі туралы жан-жақты және жоғары деңгейдегі пікірталастар өтті. Оған өнеркәсіп көшбасшылары, халықаралық ұйымдар мен жетекші ислам қаржы инс­титуттарының басшылары, кәсіпкерлер, ғалымдар, компания басшылары, танымал экономистер, қаржы саласындағы әлемге әйгілі тұлғалар қатыс­ты. Барлық басқосулар туралы ақпаратты толықтай беру мүмкін емес. Сондықтан біз Ислам экономикасының форумында талқыланған сукук облигациясы туралы шетелдік сарапшылардың және АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетовтің ой-пікірін жариялауды жөн көрдік.

Қайрат Келімбетов,
Астана халықаралық қаржы
орталығының басқарушысы:

– Жоғары техно­логиялы, инно­ва­ция­лық және ти­імді платфор­ма­сы бар АХҚО-ның тұжырым­да­масы сауда ай­­­­­налымы мен кіріс­терді ұл­ғайтуға, сондай-ақ ұзақмер­зімдік келешекте активтер­дің жаңа түрлерін әртараптандыру үшін мүмкіндіктерді кеңейте отырып, халықаралық стандарттар негізінде қыз­мет көрсетуге жол ашады. АХҚО-ның негізгі мақсаты ұсынылатын қаржы құралдарының алуан түріне ие өтімді және теңдестірілген капитал нарығын дамыту болып табылады. АХҚО – капиталға кең қолжетімділік және қаржы, инвестициялық құралдардың алуан түрін ұсынатын осы өңірдегі бірден-бір платформа. Өз кезегінде бұл елімізге шетелдік инвестициялардың өсуін ынталандыруға, Қазақстанның қаржы секторын әлемнің жетекші алпауыттарымен бір қатарға қоюға септігін тигізеді.

Шейх Билал Хан,
«Dome Advisori» халықаралық
компаниясының басшысы:

– Біз ислам қаржыландыру индустриясы туралы айт­қанда, көлемі 3-4 триллион доллар болатын қорды негізге аламыз. Қазақстанда АХҚО-ның ашылуы кең көлемде инвестиция тартуға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Әңгіме жүздеген миллион доллар туралы болып отыр. Себебі қаржы орталығының базасында ағылшын құқықтық жүйесі жұмыс істейді, осы күні әлемнің қаржы платформалары сол негізде жұмыс істейді. Бұл Қазақстан әлемнің барлық елдері үшін ашық дегенді білдіреді. Ағылшын құқықтық негіздерінің арқасында алдағы 20 жылда Қазақстан қаржылық көзқарас жағынан Сингапур мен Араб әмірліктеріне қарағанда маңызды салмаққа ие бола алады.

Едіге Алпысбай,
малайзиялық «Amanie Advisors CIS» компаниясының
ТМД бойынша басқарушы директоры:

– Бүгінгі күні Қазақстанға ислам қаржысын тартуға қызығушылық танытып отырған компаниялар бар. Атап айтқанда, БАӘ-ден исламдық сукук шығару бойынша ұсыныс бар. Мысалы, бұған дейін мемлекеттік сукук шығару туралы ұсыныс болған. Бірақ оны шығару үшін қаржы орталығы құрылғанға дейін Азаматтық кодекс негізінде жұмыс істеу процесі өте ұзақ болды. Әр қадамға арнайы заң шығару керек. Ал АХҚО ағылшын құқығы бойынша жұмыс істейтіндіктен, бұл үдеріс әлдеқайда жеңілдей түсті. Екіншіден, Қазақстанның корпоративтік құқықтары немесе мемлекеттік сукук шығару бұған дейін шетелде жүзеге асырылып келді. Қазақстан даму банкінің сукугін Малайзияда шығарды. Неге десеңіз, инвесторлар сол жақта болды. Инвесторлар түсінікті заңнама бар жерде жұмыс істейді, түсінікті заңнама мен түсінікті биржада шығару маңызды. Біріккен Араб Әмірліктері араб елдеріне бағытталған болса, сол жаққа барып шығару керек болды. Еуропаның нарығына шығару керек болса, Еуропа елдеріне барып шығару керек-тін. Енді осының бәрі АХҚО-да шығарылады. Қазақстанға келіп сукук сатып аламын деген инвесторларға ешқандай кедергі жоқ. Үйреншікті заңнама мен қорғау механизмдері бар. Доллармен немесе теңгемен шығаруға болады. АХҚО-ның ашылуы – айтулы оқиға. Біз бірнеше компаниямен сукук шығару бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұған дейін доллар негізінде Дубайда шығарылды. Енді бұл істі АХҚО-да жүзеге асырамыз. Инвесторлар бұған қарсы емес. ТМД мемлекеттері өзінің аймақтық компания­ларымен АХҚО арқылы инвестор тартуды көздейді. Араб елдері болса олардың мүмкіндіктері АХҚО осы аймақтағы компанияларға қаржы бөліп, сол компаниялардың табысының үлесіне кіруді көздейді. Екі тараптың да қызығушылығы зор.

Джованни Капаннели,
Азия даму банкінің Қазақстандағы
өкілдігінің директоры:

– Қазақстан Президенті АХҚО-ның Орталық Азиядағы қаржы хабына айналуы тиістігін қадап айтты. Біз Қазақстанның бұл бағыттағы рөлі мен АХҚО-ның мүмкіндіктеріне сенеміз. Қазақстанның қаржылық делдалдықты одан әрі күшейту арқылы экономикалық әртараптандыру әлеуеті зор. Ислам даму банкінің президенті мәлімдегендей, Азия даму банкі өзіне мүше елдермен, оның ішінде Қазақстанмен ұзақ мерзімді серіктес болып табылады. Исламдық қаржыландыруды дамыту мақсатында біз IFC және АХҚО тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедік. Қазақстандағы исламдық қаржыландыру рөлін күшейту мақсатында гранттар тағайындадық. Бұған қоса, Қазақстандағы исламдық қаржыландырудың дамуының бас­ты бес проблемасын атап өткім келеді. Біріншіден, исламдық қаражатты реттейтін ережелер қажет. Ол банкинг, исламдық банкинг және сукук нарығымен байланысты. Екінші мәселе – ол исламдық қаржыландырудың реттеуіші болып табылатын жекелеген институттардың құзыретін анықтау. Соның ішінде АХҚО, Қазақстанның Ұлттық банкі, Қазақстанның қор биржасы бар. Яғни исламдық қаржыландырумен байланысты сұрақтарды анықтайтын реттеуіш. Үшіншіден, банктер мен нарық капиталы үшін ортақ ережелер қабылдану керек. Төртіншіден, ритэйлдік қаржыға қолжетімділікті жеңілдету аса маңызды. Қазақстанға ритэйлдік қаржыландыру оның (Қазақстанның) өңірлік хабқа айналуы үшін керек. Бесіншіден, форум қатысушылары исламдық қаржыландыруға шариғат қағидаларына сәйкес қадағалау қызметін күшейту туралы айтты. Менің ойымша, бұл – бәріміздің алдымызда тұрған міндеттер. Азия даму банкі Қазақстан Үкіметі мен АХҚО-ны қолдап, Малайзия, Индонезия, Пәкістан, Бангладеш елдерінің озық халықаралық тәжірибесімен бөліседі. Болашақта біз мұның бәрін Қазақстан мен АХҚО-ның дамуымен байланыс­тырамыз.

Элина Сидоренко, Ресей Мемлекеттік Думасының криптовалюта бойынша сарапшысы:

– Шын мәнінде мен алғашқылардың бірі болып АХҚО туралы Ресейде бір телеарнаға ақпарат бердім. Бұл жерде тек ағылшын құқықтық басқару жүйесін қалыптастырып қана қоймай, ағылшын-саксондық сот жүйесін құру ұсынылды. Мұндай өте жақсы бастаманы қолдау қажет. Мен біраз уақыттан бері смарт-келісім туралы айтып келемін. Бұл мәселе АХҚО-ның құқықтық жүйесіне енгізілген. Бұл – мүлдем басқа модель және оның негізі келісім болып табылады, ал смарт-келісім – қажетті әрі міндетті формасы. Яғни ондағы құқықтық жүйе инвесторлардың мүддесін қорғай алады. Мен үшін ол ең басты әрі маңызды мәселе болып табылады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды