Ағылшынға тікелей тәржімаланды

0 23

Лондонда Абай атамыздың шығармаларының ағылшын тілінде жарық көрген жинағының онлайн таныстырылымы өтті.

Жинақты ұлы ақынның мерейтойына орай Ұлттық аударма бюросының Абай шығармаларын әлемнің он тілінде басып шығару жөніндегі ауқымды жобасы аясында көпғасырлық тарихы бар Кембридж университетінің баспасы шығарды. Бұл – хәкімнің бұған дейінгі жарық көрген аудармаларымен салыстырғанда барынша толық және қазақ тілінен ағылшын тіліне тұңғыш тікелей тәржімаланған кітап. Профессор Шон О’Брайен ақын өлеңдерін, Джон Бернсайд ойшылдың қара сөздерін еліміздің қазақ-ағылшын аудармашыларының жаңа буынымен бірлесе отырып, ағылшын тіліне тəржімалады. Айта кетейік, бұған дейінгі Абай кітабының барлығы ағылшын тіліне орыс тіліндегі нұсқадан аударылған еді.
Онлайн форматта өткен іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстанның Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі елшісі Ерлан Ыдырысов, Кембридж университеті баспасының атқарушы директоры Питер Филлипс, Британ Кеңесі ғаламдық желісінің директоры Кейт Эварт-Биггс, Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлы, британдық ақындар Джон Бернсайд пен Шон O’Брайен қатысты.
Басқосу барысында Мәдениет және спорт министрі өз сөзінде Ұлы тұлғаның 175 жылдық мерейтойын халықаралық масштабта өткізудегі ең маңызды міндеттердің бірі – Абай шығармашылығын әлем халқына насихаттау екендігін айтып өтті. Осы бағытта мерейтой қарсаңында ақын өлеңдері мен «Қара сөздері» бірнеше тілге, соның ішінде француз, ағылшын, араб, испан, қытай, жапон, неміс, итальян, түрік орыс тілдеріне аударылып, сол елдердің тілінде тарату жоспарланған. Бұл жұмыстар қазір жоспар бойынша атқарылып жатыр екен.
Сондай-ақ биыл Қазақстаннан Ұлыбританиядағы елшілігі Абай əндерінің ағылшынша алғашқы əн жинағын шығаруды жоспарлап отыр. Жинақтағы əндерге нота, QR-код жəне танымал əншілердің орындауы қосылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 2 =