АҒЫЛШЫН ӘРТІСТЕРІ ҚАЗАҚТЫ ТАНУҒА ҚҰШТАР

0 120

10296492_479220122222327_5544919290877229280_o

Әдебиет – адам жаратылғалы бар өнер. Әдебиет адам баласының өзімен бірге туған. Ақын Ұлықбек Есдәулет айтпақшы, «әрбір адам анадан ақын болып туады». Бірақ, ақындық қабілеттің шама-шарқы әркімде әрқалай. Бұл да сол Ұлықбек ақынның айтқан сөзі.
Осы орайда, әлемде бір елдің әдебиеті мықты деп баға беру асылық екенін пайымдадық. Өйткені, ақындық, жазушылық қабілеті жетік адамның тууы әр халыққа тән нәрсе. Ал, ол жазушының әлемге танылуы не өз халқының, не өз ортасының ғана танымал қаламгері болып қалуы қалам иесінің қай елде, қандай мемлекетте туғандығына да байланысты, оған сөз жоқ.
Иә, рас, кітаптары сан тілге аударылып, әлемге таралып жатқан ағылшын, жапон, француз жазушыларының алдын орайтын қаламгерлер бізде де бар.
Ұлт мақтанышына айналған бүгінгі қазақ әдебиетіндегі біртуар, айтулы қаламгерлердің бірі – белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков.

   

Қазақ қаламгерінің бұл туындысы қалай таңдалды?

Баршамызға белгілі, Дулат Исабековтің «Өкпек жолаушы» атты пьесасы соңғы жылдары көршілес елдерде сахналанып жүр. Осы жылдың сәуір айында Ұлыбритания астанасындағы «Lion&Unicorn» театры да осы пьесаны көрерменге ұсынды.

Жазушының айтуынша, бұл шығарма қаламгердің 46 жасында жазылған.

«Алайда, драматургия – жаяу жанр. Ол таралып болғанша бірталай уақыт өтеді. Мінеки, «Өкпек жолаушы» да Гибралтар бұғазы арқылы Лондонға жеткенше талай уақыт өтті. Бірақ, оған жетпей кеткен шығармалар қаншама!» дейді Дулат Исабеков.

Рас, «Өкпек жолаушыны» жолы болған шығарма деуге болады. Бұған дейін туған топырақта – Қызылорда қаласының театрында сахналанған бұл пьеса Санк-Петербургте де, Қырғызстанда да қойылған.

Ал Лондон театры неліктен дәл осы шығармаға тоқталғанын дөп басып айту қиын.

Бұл тұрғыда: «Алғашында ағылшындар «Мұрагер» деген шығармамды қойғысы келген. Бірақ оны «трагедияға құрылған, тым күрделі туынды екен» деп, айнып қалыпты. «Бізге Шекспирдің трагедиялары жетеді» деді… Содан кейін «Актриса» деген пьесамды қарады. Ол шығармада «қазақ театры жабылса не болады» деген секілді ойлар айтылатын еді. «Ұлттық мәселелеріңізге мұрнымызды сұқпайық» деп, ол пьесадан да қайтып қалды. Содан кейін үшінші таңдағаны осы – «Өкпек жолаушы» болды» дейді автор…

Өнертанушылардың айтуынша, ағылшын театрында бұл қойылым сахнада ақ жаулықты ананың адыраспан түтетіп жүретін көрінісімен басталған. Сол секілді, әппақ көйлек киген періште бейнесіндегі қыз сахнада көлбеңдеп жүріп отырады. Жазушының айтуынша, бұл көріністер режиссердің шешімімен қосылған.

Әрине, адыраспан түтетудің не екенін ағылшын жұрты біле бермейді. Жалпы, қазақ қаламгерлерінің әрбір сюжеті, қазақ сахнасынан орын алатын әр көрініс өзге жұрт үшін түсінікті бола бермеуі бек мүмкін. Сол себепті де:

– Шығармаңызды ағылшын көрермендеріне түсінікті ету үшін өзгерттіңіз бе? Жалпы, шекара сыртындағы көрермендер қазақ жазушысының пьесасы желісіндегі спектакльді түсінбей қалады деп алаңдаған жоқсыз ба? – деп сұрадық біз.

– Алаңдамағанда ше?! Көргенше алаңдадым.

Қаламгер осылай қысқа қайырды. Бірақ спектакльдің жалпы деңгейіне көңілі толғанын жасырмады…

Ағылшындар қазақ әйелін қалай таныды?

Сонымен спектакль, куә болған азаматтардың айтуынша, толық аншлагпен өткен. Ағылшындық актерлер және Марк Стантон өздеріне берілген рөлдерді шеберлікпен орындапты.

Бұл қойылым қазақы дүниетанымды, қазақ халқына тән адамгершілік қасиеттер мен қарым-қатынас мәдениетін, сол секілді отбасылық құндылықтардың маңызын айшықтағандай болады. Мұндағы ең қызықты образ – ағылшын жұртын сүйсіндірген образ қазақ әйелінің бейнесі екені даусыз. Бұл жайында Зейнептің рөлін сомдаған Кэти Тривилиан да былай ақтарылыпты:

«Қазақ әйелінің образын шығару кезінде қиындықтар болды. Әсіресе, ер адаммен кездескенде бетіне тіке қарап сөйлеуге болмайтын қазақтың ибалы әйелінің бейнесін шығару оңай емес. Репетиция кезінде осыған байланысты режиссерден көп ескерту алып, әбігерге түстім».

Бұл, расында, шығыс әйеліне тән мінез. Ұяңдық туралы айтқанда, әрине, бізді он орайтын халықтар бар. Қазақ, исламда айтылғандай, ортаңғы жолды ұстанатын халық.

Десе де, ағылшындардың салты бойынша, адамның көзіне тура қарап сөйлемеу, жанарды басқа жаққа бұрып отыру өтірік айтудың белгісі саналады. Ал қазақ үшін әйел затының ер адамға тесіле қарап сөйлегені – ерсілік…

Пьеса авторы Дулат Исабековтің айтуынша, қазақ отбасындағы тұлғаларды сомдауға келгенде ағылшын театры өз биігінен көрініпті. Спектакльді, тіпті, көршілес жатқан Қырғызстан мен Санкт-Петербург театры да мұндай деңгейде қоя алмаған.

Қойылым үш тілде ұсынылады

Алдын ала мәлім болғандай, қыркүйек айының 20-сынан кейін Ұлыбританияның «Lion&Unicorn» театры Астанаға келеді. Дулат Исабековтің «Өкпек жолаушы» пьесасын шығарманың туған отанында ағылшын тілінде ұсынады. Иә, қазақ туындысын қаншалық сахналай алғанын байқатып, ағылшын әртістері бір сыннан өтеді.
Келесі күні Санкт-Петербург театры да осы шығарманы орыс тілінде ұсынады. Ал үшінші күні Қызылорда театры қазақша қояды.

Үштілді ұрпақ тәрбиелейміз деп отырған ел үшін бұл, әрине, заңды құбылыс. Астана халқы мен қонақтары қазақ жазушысының шығармасын Оқушылар сарайының сахнасынан үш тілде тамашалай алады.

«Мен қалжыңдап, өзіміздің Қызылорданың театрындағы режиссерге былай деп жатырмын. «Ағылшын актрисасы өз тілінде ойнаса да, ер адамның бетіне тіке қарамай, төмен қарап сөйлейтін ибалы қазақ әйелінің болмысын әдемі көрсете білді. Олар қазақ қызына тәрбиемен даритын осындай қасиет пен мінезге таңданып отыр. Ертең келгенде Зейнептерің Айтөренің алдына кесесін тарс еткізіп қойып, бажырайып қарап отырмасын» дедім. Әрине, қалжыңым ғой. Бірақ үш елдің театры шығармамды сахналағанда өзара үндестік табылса екен деймін» дейді өз сөзінде Дулат Исабеков.

P.S. Сонымен, Лондон театры мен Санк-Петербург театры қазақ спектаклін қалай сахналағанын бәріміз бірге көретін боламыз.
Бір қуантқаны, қазақ жазушысының алар асуы әлі жалғаса бермек.

Әңгіме үстінде қаламгердің: «Кеше ғана Лондоннан «Ш.Айтматов академиясының» директоры, профессор Рахима Әбдуалиева хат жолдады. Менің «Жаужүрек» атты пьесамды сахналау үшін ұлыбританиялық бір компаниямен келісімге қол жеткізіпті. Сол қуанышпен бөлеспек болыпты» дегені соған дәлел.

Мұның сыртында келесі жылы Исабековтің юморлық жазбалары «Қазақтар» деген атпен ағылшын тілінде жарық көрмек.

Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × three =